Қоғам • 08 Шілде, 2020

Біз – волонтерміз!

304 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан Жоғары медициналық колледжі жанында жастарға азаматтық-патриоттық, эстетикалық-экологиялық тәрбие беріп, салауатты өмір салтын насихаттайтын пәндік үйірмелерге 800-ге жуық студент мүше.

Біз – волонтерміз!

Жалпы медицина маман­ды­ғы­ның өзі қайырымдылық, яғни бөгде адамға көмек беруден бас­тау алады ғой. Сондықтан колледж студенттері тәжірибелік са­бақ­­тарда түрлі ортаға барып, ел меди­цинасының дамуына қатысты мәліметтерді жинайды. Ірі сауда орталықтары мен базарларда, халық көп жиналатын орындарда адамдардың қан қысымын жүйелі түрде өлшеп тұрады. Бұл іс олардың оқу бағдарламасына кірмейді. Бірақ болашақ кәсібіне сай адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату, халықпен мәде­ниет­ті, сауатты сөйлесе білу, жалпы коммуникативтік дағдысын қалыптастыру мақсатында жүр­гі­зіледі. Емдеу мекемелері мен жедел-жәрдем стансаларында өткі­зі­летін тәжірибелік сабақтардан бөлек, түрлі әлеуметтік мекеме­лер­де де олар алған білімін тәжірибе жүзінде байқап көреді. Ал патро­наж­дық күтімге бару арқылы ерік­ті ретінде учаскелік медбикеге көмек көрсетеді. Мұнан басқа емделушілерді электронды жүйеге тіркеу, олардың ауру тарихындағы мәліметтерді компьютерлік жүйеге енгізу, емделушіні қабылдау кезіндегі кәсіби көмектер сынды жұмыстар емханаларда жетерлік. Осының бәрін медициналық кәсіпке машықтанып жүрген еріктілер атқаратыны сөзсіз.

Денсаулық басқармасы жанынан жұмыс жасайтын көптеген ұйымдар, мысалы «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталығы, СПИД, ВИЧ – ауруларымен күрес орталықтары, Қан орталығы мамандары да колледж еріктілерінің қызметіне жүгінеді. Айталық, «Медбикелік іс» бөлімінің «Мейі­рім» үйірмесі еріктілері мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі ұйымдарда қол жуу техникасын үй­­рету сабақтарын жүйелі түрде жүр­гізеді. Ал «Аялы алақан» үйір­месі учаскелік дәрігерлерге қолғабыс етсе, «Гиппократ» үйірмесінің мүшелері мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін орталық қызметкерлеріне жиі көмекке барады. Олар өз қолымен тоқыған ойыншықтарын сыйлап, жалпы күтім бойынша алған білімін іс жүзінде қолданады. «Акушерлік іс» бөлімінің еріктілері өз мамандығына сай мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындарында «Қыз балалардың жеке бас гигиенасы», «Жоспарсыз жүктілік салдары», «Отбасын жос­парлау», «Қыз тағдыры – ел тағдыры» тақырыптарында та­ным­дық дәрістер мен тренингтер өткі­зуді дәстүрге айналдырған. «Фар­мация» бөлімінің еріктілері аталған мамандықты мектеп оқу­шы­ларына мейлінше наси­хат­тауды мақсат етсе, «Гигие­на және эпидемиология», «Лабораториялық диагностика» бөлімінің еріктілері тазалық, жеке бас гигиенасы, салауатты өмір салты, зиянды әдет­терден аулақ болу сынды тақы­рып­тарда ақпараттық дәрістер, видеороликтерді оқу орындарына таратумен айналысады. «Емдеу ісі» бөлімінің еріктілері жедел жәрдем стансаларында, каникул кезінде ауылдық фельдшерлік амбулаторияларда маусымдық вирустық дерттерден сақтандыру немесе алдын алу жұмыстарына белсенді араласады.

2020 жылдың Еріктілер жылы деп аталған сәтінен бастап, кол­ледж­дегі белсенді студенттер топ­тасқан Жастар комитеті мүше­лері еріктілікке талпынысы бар жас­тардан волонтер тобын жасақ­тап, жоғарыда тізбектелген іс-ша­раларға қосымша бірнеше жұ­мысты атқарып үлгерді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі белгілеп берген еріктіліктің 7 бағытын негізге алған Жастар комитетінің «Ашық жүрек» еріктілері «Білім» бағытында колледждің бітіруші түлектеріне «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы жөнінде толық ақпарат беру мақ­са­тын­да «Мемлекеттік бағ­дар­ламалар жастарға қызмет етеді» тақы­ры­бымен Жастар ресурс­тық орта­лық­тары маман­да­ры­мен, облыстық экономика және бюд­жет­ті жоспарлау бас­қар­ма­сы­ның маманымен, Jas Otan жастар қанаты өкілдері қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырды. «Үміт» бағытында «Шапағат» медициналық-әлеу­мет­тік мекемесіне «Күлкі терапиясы» бағдарламасымен барып, мүгедек балалардың көңілін көтеріп қайтты. Қалалық жастар ресурстық орталығының жас­та­рымен бірігіп, қаламыздың арда­герлерінің үйіне әр аптаның бейсенбі, жұма күндері барып, денсаулықтарына бақылау жасап тұру «Қамқор» бағытында жолға қойылған. «Асыл мұра» бағыты «Ұлы жолдар өз табалдырығыңнан басталады» ұранымен колледж кітапханасында кітаптарды түп­теу, желімдеу жұмыстарын атқа­рып, әлеуметтік желі арқылы кө­мек сұраған Орал қалалық зағип жандарға арналған арнаулы кітапханасында да санитарлық, тазалық жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ колледж еріктілері өзде­рі құралыптас жастарға алғашқы көмек көрсетудің оңтай­лан­ды­рыл­ған әдісінен мастер-класс ұйым­дас­тырып отырады.

Елде жарияланған Төтенше жағдайға байланысты қашық­тан оқыту режімінде білім алушылар карантин кезінде де «Қол жуу алгоритмдері» бейнеролигін түсіріп, әлеуметтік желі арқылы көпшілікке таратты. Індетпен күрес кезінде колледжіміздің 19 студенті жедел жәрдем станса­сы қызметкерлері қатарында тең дәрежеде ел игілігіне еңбек етіп жүр. Бұл біз үшін үлкен мақ­та­ныш.

 

Әсемгүл МИМАРУКҚЫЗЫ,

Батыс Қазақстан Жоғары медициналық колледжі

Жастар комитетінің инспекторы