Оңтүстік Қазақстан • 09 Шілде, 2020

Өмірзақ Шөкеев: Ауруханаларда төсек-орын қоры жеткілікті

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы бойынша коронавирусқа қарсы қабылданған тиісті шаралардың арқасында қазіргі таңда жағдай тұрақталған. Емдеу шаралары үшін инфекциялық стационарларда –  440, провизорлық стационарларда – 1891, карантиндік орталықтарда 980 төсек-орын ұйымдастырылған.  Жалпы, ауруханалардағы төсек-орындар қоры жеткілікті. Дайындалған орындардың  41 пайызы қазіргі таңда бос тұр, деп хабарлайды Egemen.kz

Өмірзақ Шөкеев: Ауруханаларда төсек-орын қоры жеткілікті

Түркістан облысындағы пандемия жағдайы бойынша Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осындай деректерді мәлім етті. Облыста  коронавирустық  инфекциясы расталып, тіркелген адамдар саны  2079-ға жеткен, індеттен айыққандар саны 800-ге жуықтаған.

Өкінішке қарай, індеттен 11 адам қайтыс болып отыр. Ал пневмония дертін жұқтырғандардың жалпы саны өңірде 5421 болса, оның 2933-і, яғни 63,4 пайызы сауығып шыққан. Өкініштісі 46 адам пневмония дертінен қайтыс болған.  «Жақындарынан айырылған азаматтарға өзімнің атымнан, облыс жұртшылығы атынан отбасыларына, жақындарына қайғырып, көңіл айтамын. Қазіргі таңда біз қолдан келген барлық шараларды жасап жатырмыз.  Бүгіннің өзінде 1 911 адам оның ішінде 9 бала  стационарлық бақылауға алынды. Соның ішінде 196 адам  инфекциялық, 1715 науқас провизорлық стационарда ем қабылдауда», деді Өмірзақ Естайұлы.  

Бүгінгі, яғни 9 шілдедегі жағдай бойынша облыста коронавирустық инфекциясынан 28 жағдай тіркеліп, бір күндік өсім 1,4  пайыз болған.   Жалпы пандемиядан сақтанудың, ауырып жатқан науқастардың санын азайтудың басты жолы – ол сақтық шараларын күшейту. Көпшілік орындарға тек қажеттілікпен шығу, бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау. Осы мәселелерге баса назар аудару керектігіне тоқталған облыс әкімі өңірдегі 16 аудан, қалада 187 медициналық мобильді топтар жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.   Бұдан бөлек,  барлық аудандарда карантиндік режимнің сақталуы мен сақтық шараларын түсіндіру бойынша жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Дегенмен, облыс бойынша төтенше жағдай режимін бұзған 1039 жағдай анықталып, оның 320-на айыппұл салынса, 96 азамат қамауға алынған.