12 Қазан, 2013

Брежневтің күйеу баласы қайтыс болды

301 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

12-10-13-сhurbanov-bregneva-1

Мәскеуде ұзаққа созылған науқастан кейін жасы 77-ге келген шағында Кеңес Одағының Бас хатшысы Леонид Ильич Брежневтің күйеу баласы Юрий Чурбанов қайтыс болды. Бұл туралы «Утро.Ру» хабарлады.

Юрий Чурбанов өзінің кезекті туған күніне тура бір ай уақыт қалғанда, 7 қазан күні өмірден өтті. Ал жерлеу рәсімі 10 қазан күні болды. Оның денесі астананың Митино қорымына қойылды.

«Чурбановты жерлеуде болдым. Митино қорымы. 77-сіне дейін бір ай жетпей қалды. Қалай дегенде де, ол бір кезеңнің тұлғасы. Жаны жәннат болсын!» , - деп жазыпты өзінің микроблогына Госдуманың депутаты Александ Хинштейн. Оның сөзіне қарағанда, марқұмды еске алуға 20-ға жетпейтін адам келген. «Ол билік басында тұрғанда «достары» айналасында өріп жүретін еді. Аянышты, бірақ, өкінішке орай, типтік құбылыс», - дегенді қосты ол.

«Piter.tv» хабарлағандай, Чурбанов 2005 және 2008 жылдары екі рет инсульт алған. Осыдан кейін сал болып жатып қалған.

Юрий Чурбанов 1936 жылы 11 қарашада Мәскеу қаласында туған. Кәсіптік-техникалық училищені бітіргеннен кейін «Знамя труда» авиациялық тораптар зауытында құрастырушы-слесарь болып жұмыс істеді. Кейін кәсіпорын комсомол ұйымының хатшысы болып сайланды. 1964 жылы М.В.Ломоносов атындағы МГУ-дың заң факультетін бітірді.

1967 жылы КСРО Ішкі істер министрлігінің еңбек түзеу мекемелері бас басқармасының саяси бөлімі бастығының орынбасары болды. 1971 жылы министрліктің ішкі істер әскерлері саяси басқармасы бастығының орынбасары қызметіне жоғарыласа, тағы төрт жылдан кейін бастығы лауазымын алды.

Ю.Чурбанов 1977 жылы КСРО Ішкі істер министрінің орынбасары дәрежесіне жетті. Бұл қызметті 1980 жылға дейін атқарды. Сосын КСРО Ішкі істер министрлігі Ішкі істер әскерлері бас басқармасы бастығының бірінші орынбасары және орынбасары болды.

Чурбанов 1987 жылы Өзбекстанда 1970-1980-ші жылдары орын алған экономикалық және жемқорлық сипатындағы қылмыстық істерді тексеру барысында қамауға алынды. Ол түрмеден тек 1993 жылы ғана босап шықты.

Юрий Чурбанов үш рет үйленді. 1971 жылы екінші мәрте үйлі болып, Г.Брежневамен қосылды. Ал Галина Леонидовна үшін бұл үшінші рет некеге тұру еді. 1990 жылы Чурбанов түрмеде жатқан кезде Брежневтің қызы онымен ажырасып, дүние-мүлікті бөлісіп алды. Чурбанов үшінші мәрте 1994 жылы үйленді.

Сәкен Майлыбай.

Соңғы жаңалықтар