
Ресей Федерациясының Қостанай облысымен шектесіп жатқан Магнитогорск қаласының тұрғындары арасында «Қазақ» («Казахское») сырасы айрықша өтімді болып тұр. Оны қатты жақсы көретін болғандықтан, жақында осында тұратын үш жігіт өздерінің бостандықтарына қатер төндіре отырып, бір дүкеннен аталмыш сыраның бір жәшігін ұрлап кеткен. Бұл туралы «Экспресс-К» газеті жазды.
Ұрлық тапа тал түсте болған. Айтылған үш жігіт «Островок Каазахстана» жүйесіне қарасты дүкендердің бірінен бір жәшік сыраны ұрлап әкеткен. Оларды сауда сөрелеріндегі тек осы сыра ғана қызықтырған. Басқа ештеңеге тимеген.
Шынында да металлургияның орталығы атанған айтулы қалада көбігі бұрқыраған ашқылтым ішімдіктің «Казахское» деп аталатын осы сортына құмарлар көп көрінеді.
Ұрылар магазиннің ішіне кіргеннен кейін көп ұзамай жаңағы бір жәшік сыраны ала қашқан. Сатушылар ұстай алмай қалған. Сосын полицияға қоңырау шалған. Ал тәртіп сақшылары суреттелген кескіндеріне қарап, оларды қайдан табуға болатынын тез пайымдаған. Сөйтіп, бір үйдің ауласына келсе, үш ноян «еңбекпен келген» сыраларын еліге ішіп отыр екен.
Қайрат Қожаназар.
Коллаж «Экспресс-К» газетінен алынды.