
Парламент Сенаты депутаттарының пікірлерінше, авиакомпанияға қатысты жанжалдардың барлығында бірдей жолаушылар кінәлі болып шыға бермейді. Компания персоналына әртүрлі жағдайларға бейімділік танытып, қазақ тілін жақсы білулері тиіс. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлады.
Сенаторлар «Эйр Астананың» персоналын жұртты жанжалға өздері арандататыны үшін айыптады. «Біз ұдайы ұшақтармен ұшып тұрамыз. Мен өзімнің жеке тәжірибем арқылы білемін, шет елдерге баратын болсақ, түрік немесе араб авиажелілерінің ұшақтарына билет алуға тырысамыз. Жалпы, тым болмағанда қызмет көрсету деңгейінің өзі төмен болғандықтан, «Эйр Астанаға» тап келмеуге ұмтыламыз. Бұларда бірінші кезекте қандай сәттерге тап болуға болады? Былайынша, ереженің бәрі өзінің ретіндегідей болып орындалатын сияқты, бірақ өмірлік жағдайлар деген бар, соларға келгенде, бұлар апырақтап қалады. Өкінішке орай, әсіресе, «Эйр Астананың» қызмет көрсетуші персоналы көп жағдайда жанжалға өздері бастамашы болып жатады», - деді сенатор Қайсар Омаров Көлік және коммуникация министрімен кездесу кезінде.
Бұдан кейін ол бір жағдайды еске түсірді. «Жүктерді тіркеу жүріп жатыр. Біздің бәріміз бір орынға рұқсат етілетін жүктің салмағы 30 кило екенін жақсы білеміз. Ал бір адамның жүгі 32 кило болып шықты. Сосын тексерушілер әлгі кісіні әбден мұқияттап салған жүгін бұзып, артық 2 килоны алып тастауға мәжбүр етті. Басқа авиажелілерде мен мұндайды көрген емеспін. Бұл барып тұрған жанжал туғызатын жағдайй ғой. Былайынша ұсақ-түйек нәрсе, бірақ осындайлар бұл әуе желілерінде ұшқың келмейтін ахуалды туғызады», - деп атап өтті Қайсар Омаров.
Өз кезегінде «Эйр Астана» АҚ басшысы Питер Фостер компанияда персоналды оқытудың ұдайы жүргізіліп тұратынын жеткізді.
«Мен сіздер айтқан ескертпелердің бәрін қабылдаймын. Біз бұл мәселелерді зерттейтін боламыз. Жүкке қатысты сіздің айтқандарыңыз өте дұрыс, себебі, әдеттегі практикада жүктің 3-4 килоға дейін екі жаққа да ауытқитыны рас. Компания әрдайым қажетті процедуралардың балансын сақтауға ұмтылады. Біз қызметкерлерімізді кез келген өмірлік ситуацияларға бейім болуға үйретеміз», - деді ол.
«Мен бортсеріктерінің наразылық білдірудің мұндай әдісін қолдануларын қолдамаймын. Бұл кісілер өздерінің әрекеттері арқылы бүкіл қоғамға көлеңке түсіретіндерін ұмытпаулары керек. Халықтың көпшілігі стюардессалар мемлекеттік тілді білмейді дегенмен келіседі. Мен өзі аптасына төрт рет ұшамын, байқайтыным, көбісі тілді білмейді. Сіздер оларға мемлекеттік тілді үйретесіздер ме, жоқ па?», - деп сұрады сенатор Сәрсенбай Еңсегенов.
Ал «Эйр Астана» АҚ президенті Питер Фостер олардың тілді оқыту курстарынан өтетінін айтып сендірді.
«Хабарлама алдымен қазақша, сосын орысша, соңынан ағылшынша айтылады. Бұл тәртіп ұшаққа ілініп қойылатын барлық кестелер мен ақпараттарда сақталады», - деді президент.
Сәкен Майлыбай.