Аймақтар • 10 Шілде, 2020

Арал ауданындағы Жақсықылыш кенті табиғи газға қосылды

588 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Арал ауданындағы Жақсықылыш кенті табиғи газға қосылды. Осыған байланысты ұйымдастырылған телекөпірге облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, кент тұрғындарының қуанышын бөлісті.

Арал ауданындағы Жақсықылыш кенті табиғи газға қосылды

Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен басталған ірі стратегиялық маңызы бар – "Бейнеу – Бозой-Шымкент" магистралды газ құбыры біздің өңірімізге сәтті қадам, зор мүмкіндік әкелді. Облыс аумағынан өтетін газ құбыры Сыр өңірін газдандыруға жол ашты. Қазіргі таңда ауданда 6 500-ге жуық тұрғын үй көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. 200-ден астам кәсіпкерлік және әлеуметтік-мәдени нысандар газға қосылған. Бүгін Жақсықылыш кентіне көгілдір отын жеткізіліп отыр. Осы жұмыстардың барысында Жақсықылыш кентіндегі жалпы саны 855 жеке тұрғын үй, 23 кәсіпкерлік нысан және 4 әлеуметтік нысан көгілдір отынға қосылады. Бүгінгі коронавирус індетіне қарамастан қол жеткізіп отырған көгілдір отын әрбір отбасының жылуын, Отанымыздың қуатын арттыра түседі деп сенемін! ,- деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Облыс басшысының лебізінен кейін кент ресми түрде табиғи газға қосылды. 2015 жылы Қызылорда облысы әкімдігі мен "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ арасындағы меморандумға сәйкес Арал қаласында 288 шақырымға газ құбыры тартылып, 2 газ тарату пункті мен 36 шкафты газ тарату пунктері салынған болатын.  Қалада жалпы 6321 тұрғын үй, 210 кәсіпкерлік және 18 әлеуметтік-мәдени нысандар газ жүйесіне қосылған.

Былтыр облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысымен Жақсықылыш кентін газдандыру жұмыстары басталды. Мердігер мекеме – "Компания Газ Строй" ЖШС бастаған жұмыс бүгінгі күні толық аяқталды. Кентке 57,7 шақырым газ құбыры тартылып, 1 газ тарату пункті және 4 шкафты газ тарату пунктері орнатылған.

Телекөпірге Жақсықылыш кентінен Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Жоламанов, "Аралтұз" АҚ директоры Бауыржан Көшімбаев және "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Қызылорда өндірістік филиалының қызметкерлері қатысты.

Шара соңында еңбек ардагері Айтуған Исмағұлов атқарылып жатқан жұмыстарға кент тұрғындардың атынан алғыс айтып, батасын берді.