Аймақтар • 11 Шілде, 2020

Атырауда коронавирусты жұқтырудың жоғары көрсеткіші тіркелді

1757 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың мәлім етуінше, Атырау облысында  коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі республикадағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр, - деп хабарлайды Egemen.kz

Атырауда коронавирусты жұқтырудың жоғары көрсеткіші тіркелді

"Соңғы тәулікте Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 336 жағдайы тіркеліп, науқастардың жалпы саны 7150 адамға жетті. Індеттің негізгі ошақтары – Атырау қаласы  мен Жылыой ауданы. Осы екі жерде қауіпті  індетке шалдыққандар  барлық науқастың 85 пайызын құрап отыр. Ал, пневмонияның 2174 жағдайы тіркелген. Соңғы екі айда жедел медициналық жәрдемді шақыру 2 есеге өскен. Мұның бәрі шұғыл шаралар қабылдауды қажет етеді" -деді Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, Атыраудағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға байланысты қолға алынатын шаралар жан-жақты талқыланды.  

"Біріншіден, Атыраудан Алматыға, Ақтөбе мен Маңғыстауға темір жол қатынасы  тоқтатылады. Екіншіден, мейрамханалар мен дәмханалар, асханалар мен қоғамдық тамақтану орындары, азық-түлік емес дүкендер үйге жеткізу режимімен жұмыс істейді. Үшіншіден, полиция департаменті және облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті отбасылық шараларды өткізуге салынған  тыйымның сақталуын қадағалап, оны бұзғандарды анықтауды қамтамасыз етеді. Төртіншіден,  Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірге вахталық жұмысқа келетіндерді үш күн бұрын тұрғылықты мекенжайында ПТР-тесттен өткізуді қамтамасыз етуі тиіс. Бұл тапсырманың орындалуына жұмыс берушілер жауапты болады.

Бесіншіден, Атырау облысы әкімдігіне дәріханаларды бірінші қажеттіліктегі дәрілермен қамтамасыз етуі, 20 шілдеге дейін инфекциондық орындардағы кереует санын 350-ге дейін жеткізуі, мобильді топтардың санын 120-ға дейін көбейтуі, кислородтық стансалар санын ұлғайтуы қажет. Өңірдегі, соның ішінде Жылыой ауданындағы карантиндік шектеу  шараларының сақталуын  бақылауға алуы керек. Коротакси қызметін ұйымдастырып, жеке клиникаларды науқастарды емдеу ісіне тартуы қажет" -деді Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ,  Денсаулық сақтау министрлігіне арнайы тапсырмалар жүктеліп отыр. Оның ішінде Атырау облысын медицина кадрларымен қамтамасыз ету  бар.