Қазақстан • 12 Шілде, 2020

Нұр-Сұлтанға COVID-19 және пневмониямен ауыратын науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер жеткізілді

209 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанға жүк ұшағымен COVID-19, пневмония және басқа да ауруларды емдеуге қажетті дәрі-дәрмектер жеткізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сайкес Үкімет дәріханаларды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл жұмысты елорда әкімдігі де жүзеге асыруда, деп хабарлайды Egemen.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтанға COVID-19 және пневмониямен ауыратын науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер жеткізілді

Осылайша, алғашқы жөнелтілім кезінде қалаға 600 мыңнан астам дәрі-дәрмек қаптамасы жүк ұшағымен жеткізілді. Келіп түскен тауарлардың тізімінде дәрі-дәрмектің 350-ге жуық түрі бар. Мысалы, ксарелто, цефтриаксон, клексан, азитромицин, дексаметазон, метилпреднизолон, ибупрофен, нимесулид, кардиомагнил, левофлоксацин, метронидазол, гепарин, нимесулид, ибуфен, парацетамол, офлоксацин және т.б.

Ірі дәріхана желілеріне жеткізу ертең басталады. Сонымен қатар жақында жүк көліктерімен тағы дәрі-дәрмек жеткізіледі деп күтілуде. Осы аптада дәрі-дәрмектер дәріханаларға жеткізіле бастады. Дәріханаларды қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты негізде жүргізілетін болады.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов дәріхана желілерінің дистрибьюторларымен, фармацевтикалық компаниялар мен дәріханалардың өкілдерімен келіссөздер өткізді. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, әкімдік дәрі-дәрмектерді сатып алу мен әкелу рәсімдерін жеңілдету, логистика бойынша қолдау көрсетеді.

Уақытылы ақпарат алу үшін елорда әкімдігі covid19.astana.kz парақшасын ашты, онда сіз коронавирус инфекциясы туралы ресми мәліметтерді, оның ішінде дәріханаларда дәрі-дәрмектердің бар-жоғын біле аласыз.

Сонымен қатар жақын уақытта елордаға сатып алынған заттардан басқа, 200 өкпені жасанды желдету құрылғысы, 500 флуометр, 500 оттегі концентраторы және екі компьютерлік томограф жеткізіледі.