«Алты айдан бері әлемнің барлық елдері бұрын-соңды болмаған COVID-19 вирусымен күресіп, әлемдік экономика пандемия салдарынан ауыр зардап шегіп отыр. Дүниежүзілік банк болжамына сәйкес 2020 жылы жаһандық ІЖӨ 5,2% төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар қазіргі дағдарыстың ерекшелігі – оның қаншаға созыларының белгісіз екендігі. Пандемияның ұзақтығы көптеген факторға – вакцинаның жасалуына, «ұжымдық иммунитеттің» қалыптасуына, вирустың ықтимал өршуіне, сонымен қатар мемлекеттердің шұғыл әрекеттерінің тиімділігіне байланысты», дейді сарапшы. Оның айтуынша, бұл пандемия біздің елге де өз ықпалын тигізіп отыр. Мысалы, 2020 жылдың бірінші жарты жылында Қазақстанның ІЖӨ 1,8%-ға төмендеген. Әсіресе қызмет көрсету секторы пандемия әсерін айрықша сезінді, бұл кезеңде өндіріс 5,6% төмендеген. Карантиндік шаралар мен шикізат нарығындағы тұрақсыздық салдары елдің бюджеттік жүйесіне де әсер етті – бюджеттің шығыны шамамен 1,7 трлн теңгені құрады. Коронавирустық пандемия еңбек нарығына да ықпал етті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша жұмыспен қамту органдарында 2020 жылдың мамыр айының соңында жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны 161,3 мың адамды немесе жұмыс күшінің 1,7%-ын құраған.