![]()
Футболшы Андрей Аршавиннің кейін дерегі білінген Дарья есімді жаңа құрбысының Санкт-Петербургтегі бір жол-көлік оқиғасына қатысты тағы да аты шығып жатыр. Бұл туралы «Фонтанка.Ру» сайты хабарлады.
Негізінен көліктердің соқтығысына осы әйел кінәлі сияқты. Бірақ ол оқиғаның басқа қатысушыларымен біраз дауласқанға ұқсайды. Онымен қоймай, танымал футболшының құрбысы деген мәртебесін де әжептәуір бұлдаған сыңайлы.
Оқырманның есінде болар, біз осыдан бірнеше күн бұрын Әзербайжанда тарайтын ақпарат агенттіктері арқылы білген дерегіміз бойынша, А.Аршавиннің бір әзербайжан қызымен әуейі болып жүргені туралы хабар ұсынғанбыз. Шыны керек, ол кезде бұл бойжеткеннің аты-жөнін өзіміз де біле бермейтін едік. Ал енді біліп отырмыз. Жоғарыда баяндалған жол-көлік оқиғасы жайлы ақпарды ақтарып отырып, оның есімі Дарья екеніне көз жеткіздік. Және ол ешқандай да бойжеткен емес, екі бала тапқан әйел болып шықты.
А.Аршавин соның алдында ғана ұзын бойлы, қара шашты сұлумен Питерде өткен Федор Бондарчуктің «Сталинград» атты фильмінің тұсаукесеріне барады. Футболшы «Зениттің» ресми бейне беттерінде жаңа кәнизәгімен бірге көріне қоймағанымен, олар өздерін суретке түсіріп жатқан фотографтан жасырына қоймайды. Кейін журналистер футболшының жаңа әуейісінің жасы 35-те екенін, спорт журналисі болып істейтінін, күйеуімен ажырасқанын, екі бала тәрбиелеп жатқанын біліп алады.
Интернет желісіне салынған суреттерге қарағанда, Андрей мен Дарья көптен бері бір-бірімен қатысып жүрген сияқты. Рас, бұл екеуінің баскетбол матчын көріп отырған кезінде басылып алынған суреттері биылғы мамырда түсірілген. Алайда, бұлардың оның арғы жағында біраз бұрын араласып кеткені байқалады. Бұл таныстық Андрейдің Лондон «Арсеналына» кетуінен де бұрын басталған тәрізді. Олай болса, 32 жасар футболшыны азаматтық некедегі әйелінен алып кеткен де осы болуы әбден ықтимал.
Ал Аршавин өзімен 9 жыл бірге тұрып, үш бала туып берген жұбайы Юлиядан бұдан шамалы ғана бұрын кетіп қалған болатын.
Сәкен Майлыбай.
