Аймақтар • 13 Шілде, 2020

Жамбыл облысына қажетті дәрі-дәрмек қоры жеткізілді

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Жамбыл облысына коронавирус пен пневмонияны емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмектердің үлкен партиясы жеткізілді. Осы арқылы өңірде дәрі тапшылығы мәселесі шешілуде.

Жамбыл облысына қажетті дәрі-дәрмек қоры жеткізілді

Бұл ретте облыстық денсаулық сақтау басқармасы "СК-Фармация" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өңірдегі өкілдігімен бірлесіп, қажетті дәрі-дәрмектер бойынша өтінім жіберген. Нәтижесінде, ағымдағы жылғы 9-11 шілде аралығында 98 миллион 383 мың теңгеге дәрі-дәрмектердің ауқымды партиясы жеткізілген болатын. Олар пневмония және коронавирус індетін емдеуге арналған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, препараттар облыстық ауруханаларға таратылған. Бүгінгі таңда дәрі-дәрмектер аудандық медициналық мекемелерге де жіберілуде.

Ал, жеткізілген дәрі-дәрмектердің қатарында 1300 ампулалық антибиотиктер, 2585 ампулалық антикоагулянттар, 45,170 ампулалық  витаминдер және 1850 ампулалық дексаметазон бар. "Бұдан бөлек, бірер күнде дәрі-дәрмектердің жаңа жеткізілімі де келеді. Біз 700 миллион теңгеге қосымша өтініш жібердік", дейді Марат Жұманқұлов. Оның айтуынша, ол дәрі-дәрмектер де дәріханаларға жеткізіледі. "Ірі дәрі-дәрмек жеткізушілерімен тауарларды уақтылы жеткізіп отыру бойынша келісімшарттар жасалған. Мәселен, бүгінде "Әмір және Д" дәріханаларына 100 миллион теңгеден астам қаржыға дәрі-дәрмектер әкелінген", дейді ол. Басқа дәріханалар да қажетті препараттармен қамтамасыз етілетін болады.

 Жамбыл облысы