Аймақтар • 13 Шілде, 2020

Солтүстікқазақстандықтар да бүкіл елімізбен бірге аза тұтты

265 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент жариялаған Ұлттық аза тұту күнін солтүстікқазақстандықтар да атап өтті. Қызылжардың орталық алаңындағы Мемлекеттік ту төмен түсіріліп, облыс әкімі Құмар Ақсақалов бастаған басшылар мен қоғам қайраткерлері жаман індеттен қаза болған отандастарымызды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. 

Солтүстікқазақстандықтар да бүкіл елімізбен бірге аза тұтты

Жаман індет жерімізге наурыз айының 13-де кірген еді. Арада 13 күн өткенде алғашқы отандасымыздың өмірін қиды. Қазір бір күнде ондаған адамның өмірін қиюда. Мыңдаған адам одан емделіп, індеттің зақымымен күресуде. Елімізде басқа адамның өмірі үшін жанын пида етуге дайын ержүрек адамдардың да бар екендігі белгілі болды. Олар әсіресе, медицина қызметкерлері арасынан шығып, азаматтарымызды құтқарып қалу жолында аянбай күресіп келеді. Арасында өздеріне де сырқат жұқтырып алғандары бар. Полиция қызметкерлері арасынан да өз міндеттерін абыроймен орындап, індеттің таралуына жол бермеген қызметкерлер қандай құрметке болсын лайық.

Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қазақстандықтар өздерінің біртұтастығымен, індетке қарсы мызғымас бірлігімен жеңіске жететінін айтты. "Біз бүгін жаман індеттің кесірінен қаза болған жерлестерімізді еске алып, олардың рухына құрметімізді білдірудеміз. Біз қазір көзге көрінбейтін, қолға ұстауға болмайтын белгісіз жаумен алысудамыз. Осындайда халық пен билік біртұтастығын көрсетуі керек. Мен жеңіс бізде болатынына сенімдімін", деді ол.

ПЕТРОПАВЛ