Экономика • 14 Шілде, 2020

Сыр қамысына сырттан сұраныс бар

570 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Қы­зылорда облысынан құны 13,9 млн АҚШ доллары болатын 38,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 116,7 па­йыз­ға артық көрсеткіш.

Сыр қамысына сырттан сұраныс бар

Ауыл шаруашылығы бас­қармасы мамандарының хабарлауынша, шетелдіктер тарапынан балық пен күрішке сұраныс жоғары. Облыста өн­дірілетін өнімдер негізінен Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Әзер­байжан, Моңғолия, Тә­жік­стан, Украина, Түрі­кменс­тан, Өзбекстан, Грузия, Қытай, Поль­ша, Германия, Литва жә­не Ирак мемлекеттеріне жө­нелтілу­де.

Биыл сыртқа шығатын өнім­дер қатарына кәдімгі қамыс та қо­сылды. Облыстық ауыл ша­руашылығы басқармасы өкіл­дері алты ай ішінде Германия мем­лекетіне 122,1 тонна қамыс жібе­рілгенін айтып отыр. Сырда көп кездесетін қамысты немістер үй шатырына тоқыма материал­дар жасауға пайдаланатын кө­рі­­неді.

Кезінде Сыр бойында қамыс көп өскен екен. Тіпті өткен ға­сыр­дың алпысыншы жылдары осы өсімдікті кәдеге жарату үшін облыс орталығында целлюлоза-картон зауыты да салынған. Көп ұзамай өңірдегі өзен-көлдер тартылып, оны жағалай өсетін қамыс та сирей бастағандықтан зауытқа шикізат үшін бөрене мен кәдімгі қағаз қалдықтары пайдаланыла бастапты. Соның өзінде де зауыт отыз жылдай жұмыс іс­теп тұрды.

Ұзақ жылғы үзілістен кейін қа­мыстың қайта кәдеге жарай бас­тағаны қуантады. Шетел­дік­тер тарапынан сұраныс үзіл­месе, онша бап тілей бер­мейтін өсімдікті қолдан да өсіру­ге болатын сияқты.

 

Қызылорда