Өкініштісі сол, 375 отандасымыз індет құрығынан құтылып кете алған жоқ. Қазақ елі қара жамылғанда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Мемлекеттік Туды төмен түсіріп, халқымыз пандемия құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды...
Иә, алапат індет алқымнан алған сайын асыл азаматтардан айырылып жатырмыз.
Ет жақынын жер қойнына табыстаған әр шаңырақтың шемен-шері – отандастарымызға ортақ қайғы. Мұндайда «тас – түскен жеріне ауыр» деуші еді дана халқымыз.
Өзекті өкініштің өрті қарыған сайын қабырғамыз қайысып, бұғанамыз майысады. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдық. Апат айтып келмейді екен. Төбемізден оқ ұшып, жау жағадан алмай-ақ айдың, күннің аманында қынадай қырыламыз деп кім ойлаған?! Ойламадық қой сол. Бойымызда бейқамдық, ойымызда сенбестік болды. Дүние жүзі дүрлігіп жатқанда апат Қазақ елін айналып өтеді деп сендік. Тығылып той жасап, қыдырып қонаққа бардық.
Қазақ халқының басына төнген алғашқы қасірет пе еді бұл? Жоқ. Аспанымызды бұлт торлаған зұлмат жылдарды бұған дейін де көп көрдік. Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннің, небір сұрапыл соғыстың көзі тірі куәгерлері бар арамызда. Ол ол ма, еліміз егемендік алғаннан бері де сегіз рет аза тұтып үлгерген екенбіз. Тоғызыншысы – топан су емес, көзге көрінбейтін вирустың кесірінен жарияланды. Мемлекеттік туды тоғыз мәрте төмен түсірдік! Өңге емес, елдің ынтымағы, ырысы мен берекесі жеңді сол қасіреттерді. Бұл жолы да солай болмақ.
«Біз – талай зобалаң мен сынақты бастан өткерген, тарихтың талай дауылына бой бермеген халықпыз. Батыр бабалардың жолын жалғаған бүгінгі ұрпақ та қазіргі қиындыққа төтеп береді деп сенемін. Бәлкім, бұл біздің бірлігімізді байқау үшін берілген сынақ шығар. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ұйымдаса білсек, бұл сыннан да өтерміз», деп Мемлекет басшысы да сын сағатта халқының қасынан табылып, ұлтты ұйыстыра білді. «Салмақты, сабырлы болайық!» деді.
Ұлттық аза тұту күні індет құрбандарын еске алу іс-шаралары Қазақстанның түкпір-түкпірінде қолға алынды. Республикалық және жергілікті радиостанциялар мен телеарналар ойын-сауық бағдарламалары мен жарнамаларды таратуды тоқтатты. Құрбандарды үнсіз еске алу рәсімі республиканың барлық аймағында өтті. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен еліміздегі республикалық, облыстық ірі-ірі мешіттер мен медреселерде, қариларды даярлау орталықтарында Құран қатым оқылды.
Шығыс Қазақстан облысында індет салдарынан жиырмадан астам адам көз жұмған еді. Соның арасында медицина саласының қызметкерлері де бар. Қаралы күнде облыс тұрғындары қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасты.
Ақтөбе облысының барлық мемлекеттік мекемелеріндегі, ұйымдар мен кәсіпорындардағы Мемлекеттік ту төмен түсіріліп, облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық мәслихаттың депутаттары, Қоғамдық кеңестің мүшелері бастаған облыс тұрғындары пандемия құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов пен оның орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары, Nur Otan партиясының өкілдері облыстық әкімдіктің алдындағы алаңда жиналып, індет құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Ұлттық аза тұту күні Батыс Қазақстан облысында да бірнеше шарамен аталып өтіпті. Яғни Тұңғыш Президент алаңындағы Мемлекеттік ту тұғырында, облыстық перинаталдық орталық және облыстық әкімдік ғимараты алдында өткен шарада жиналған өңір басшылары, тұрғындар мен дәрігерлер covid-19 құрбандарын, осы індетпен күресте қаза тапқан әріптестерін бір минут үнсіз тұрып еске алды. Осындай іс-шаралар барлық облыста өткенін тағы да қайталап айтамыз.
«Сабыр түбі – сары алтын!» «Үрей – дерттің жарымы, сабыр – емнің жарымы, төзім – сауығудың басы» демеп пе еді медицина ғылымының атасы атанған Ибн-Сина. Бізге де сол толағай төзім мен сарабдал сабыр қажет. «Жіп біріксе – арқан болар, ер біріксе – қалқан болар». Арқанымыз үзілмесе, бірлігіміз мүжілмесе, біз жеңбейтін дерт те, біз сөндіре алмайтын өрт те болмайды.