Туризм • 14 Шілде, 2020

Ішкі туризмге иек артатын кез

159 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Пандемияның арыны баяуламай тұрып демалыс орындарына бару туралы айту артықтау болып көрінуі мүмкін, әрине. Дегенмен, еліміздегі және шетелдегі демалыс орындары, туристік нысандар карантин жағдайына бейімделгенін, жұмыс істеуді бастағанын, халықаралық рейстер ашылып жатқанын ескерсек, жазғы демалысын жоспарлап жүргендердің қатары аз болмасы анық. Осыған орай, Freedom Finance Life компания­сы қазақстандықтар үшін курорттарға барудың құны қаншаға түсетіні туралы хабарлады.

Ішкі туризмге иек артатын кез

Былтыр ел азаматтары шетелге 8,2 млн мәрте шығыпты. Ел ішін­дегі курорттарға барғандардың саны біршама аздау – 5 млн шамасында. Соның өзінде 5 млн-дық меже бұрнағы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш екен.  Коронавирус пандемиясы салдарына байланысты биылғы жағдай басқаша. Шекараның жабылуына, ел ішіндегі қатынастардың тоқтауына байланысты алғашқы жартыжылдықта саяхаттайтындардың қатары күрт азайды.  Көптеген жерлестеріміз көктемге жоспарланған отандық және шетелдік турлардан бас тартты.

Шекара ашылғаннан кейін де билет сатып алуға ұмтылғандар шамалы. Көпшілігі қауіпсіздік мақсатында сая­хаттан бас тартты, ал кейбір адамдар мүлде табыссыз қалды.  Бұл жағдайда, қазақстандықтардың көпшілігі ішкі туризмді жөн санайды. 

– Әлбетте, көптеген туристік фирмалар жол жүру, тамақтану және күнел­ту құнын көтеруді әзірше тоқтата тұруды жөн санап отыр. Соның ар­қасында туристерге жағымды жағ­дай туғызуды көздейді. Алайда кейбір жерлерде баға шамамен 10 пайыздай көтерілді, – деп хабарлады Freedom Finance Life.

1

Сонымен, еліміздегі ең әйгілі туристік бағыттарда демалу орта есеппен 14 мың теңге. Мысалы, Ал­акөлде демалу үшін тәулігіне 9-10 мың теңге төлеу керек. Зеренді мен Бурабайдағы бағалар да соған ұқсас. Ал сауықтыру кешендеріндегі баға одан жоғарылау. Айталық, Шығыс Қазақстандағы марал шаруашылығындағы баға тәулігіне 22-32 мың теңге аралығында.

2018-2019 жылдары шетелдік ба­­ғыттардың ішінде ең танымалы Түр­кия, Мысыр, Біріккен Араб Әмір­ліктері, Тайланд, Грекия, Болгария, Чехия және Қытай болды. Былтырдан бері халықтың тал­ғамы өзгеріп кете қоймағаны тағы рас.  Шетелде демалуды қалайтын туристердің 85 пайызы осы елдерді таңдағаны осыны көрсетеді. Сондай-ақ Грузия, Мальдив аралдары мен Шри-Ланка да жерлестеріміз көп таңдаған бағыт­тардың қатарына қосылыпты.

Freedom Finance Life-тың хабарлауынша, Түркияның курорттық ай­мақтарында 1 апта демалу құны орта есеппен 350 мың теңгеге түссе, Мысырға бару үшін 260 мың теңге керек. Тайландта 8 күн демалу – 290 мың теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінде – 350 мың теңге, Грузияда 250 мың теңге тұрады. Мальдив аралдарына 6 күнге барудың құны 400 мың теңге болса, Шри-Ланкаға бару үшін кемінде 350 мың теңге керек. Бұл сомаға ұшақ билеті мен орташа қонақүйде тұру кіретінін айта кетейік.

Былтыр Қазақстанда шетелдегі туристерді міндетті медициналық сақ­­тандыру тәртібі енгізілді. Атап айт­қанда, туроператорлар әр туристі сақтандыратын болған.  Оған қоса, сақтан­дыру компаниялары да қо­сымша сақтандыру қызметін ұсы­нады. Өкінішке қарай, сақтандыру ком­панияларының көбісі туристерге COVID-19 пандемиясына қатысты келең­­сіздіктерден сақтандыру қызме­тін көрсетпейді.