Сондай кезде ел ішін үрей билегені соншалық, жұрт ауру жұқтырған кішкентай сәбилерін, қарт ата-аналарын тастай қашыпты. Бірақ індет қашқандарды да қуып жетіпті.
Мынау індет те әлемге дәл сондай үрей шашып тұр. Қазір Жер шары бастан кешіп отырған жағдай біздің елді де жайлады. Осындай ауыр кезеңде жауапты деген кейбір шенеуніктердің жауапсыздығы індетті одан сайын асқындырды. Отаншылдық деген осындайда көрінеді ғой.
Қарапайым халықтың ішінен шыққан іскер адамдар өздері ұйымдастырып, қиналып жатқандарға қолұшын беріп, дәрі-дәрмегін шетелдерден алдыртып жатыр. Сондай жандардың қызметі еселеп қайтсын деп тілейміз.
Ел Президенті Қ.Тоқаев әр министрлікке қатаң тапсырмалар беріп, нақты талаптар қойды. Сол тапсырмалар өз дәрежесінде орындалса екен деп тілеп отырмыз енді.
Өкініштісі – қазақтың талай арыстай азаматтары құрбан болды. Ендігі амал не болмақ? Әрине, еңсені түсіріп отыра беру емес. Үрейге бой алдырмай, сырқаттанып жатқан адамдарға жігер беріп, бала-шағаның көзінше өлім туралы әңгіме айта бермей, әркім өз ошағында барлық сақтық шараларын жасауы керек деп ойлаймын.
Жауапты мекемелер мен шенеуніктер дәрі-дәрмектердің өңірлерге, жергілікті жерлерге жедел жеткізуді ұйымдастыруға барынша күш салуы керек. Қазіргі уақытта ауырып жатқан науқастар үшін әр күн, әрбір минут маңызды.
Азалы отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз. Қазақ «қазаның арты қайырлы болсын» дейді мұндайда. Әр отбасында аманшылық болсын! Сырқаттанып жатқандарға жеңілдігін берсін!
Оңайгүл Тұржан,
ақын