Саясат • 14 Шілде, 2020

Жанқиярлық еңбекке құрмет

491 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, азаматтардың денсаулығын сақтаудағы табанды еңбегі үшін медицина саласының марқұм болған бірқатар қызметкері наградталды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында хабарлады.

Жанқиярлық еңбекке құрмет

«Мемлекет басшысының 2020 жылғы 13 шілдедегі №370 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын ат­қару үстінде көрсеткен жанқиярлық жұ­мысы үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын Жұлдыз бен «Отан» ордені Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы жанындағы «Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасы» МКК бөлімше меңгерушісі Олег Николаевич Исаевқа (марқұм) және «Ақтөбе облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы» МКК бас дәрігері Қалихан Есбосынұлы Қозбағаровқа (марқұм) берілді.

Сондай-ақ, осы Жарлыққа сәйкес Қазақстан Президенті қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, азаматтардың денсаулығын сақтаудағы табанды еңбегі үшін медицина саласының марқұм болған бірқатар қызметкерлерін «Барыс», «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен наг­радтады. Олардың қатарында өңірлер­дегі мамандандырылған ауруханалар мен медициналық орталықтардың дәрігерлері, бөлім меңгерушілері, инфекционистері, сонымен қатар жедел медициналық жәрдем стансасының мейіргерлері, фельдшерлері, санитарлары, қатардағы қызметкерлері мен көлік жүргізушілері бар», деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы өзінің Facebook парақшасында.