СҚО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері Петропавл қаласының тұрғынын ұстады. Оның үйінен аса ірі көлемдегі марихуана тәркіленді. Сонымен бірге өңірдегі Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына тұрғынның есірткі заттарын таратуға қатысы бар деген жедел ақпарат келіп түскендіктен, жедел-іздестіру жұмыстары басталды.
Тінту іс-шаралары барысында қызметтік-іздестіру иті күдіктінің үйіндегі көлікжайдан қаптардың ішінде ерекше иісті, өсімдік тектес зат салынған үш қорапты анықтады. Сот-химиялық сараптама актілеріне сәйкес, салмағы 51 келі кептірілген марихуана болып шықты.
Қазіргі уақытта тұрғын тергеу изоляторында. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары Руслан Назаровтың айтуынша, қазір аталған факті бойынша қажетті сараптамалар, істің мән-жайын анықтайтын тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері облыс аумағында 111 есірткі қылмыстары анықталды. Заңсыз айналымнан 173 келіден астам түрлі есірткі заттары алынды.