17 Қазан, 2013

Талап төмендемеуге тиіс

280 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген қорытынды сөзінде елімізді әлеуметтік-экономикалық дамытуда қол жеткен жетістіктермен қатар мемлекеттік органдар жұмысында кем­шілік­тердің де бар екендігін қадап-қадап көрсетіп берді. Бұл кемшіліктер енжарлықтың, немқұрайлылықтың, бойкүйездіктің салдары екендігі анық.

Елбасы сөзі жұртшылықтың көкейіндегіні қозғады. Редакция поштасына келіп жатқан пікірлердің бір легі, азаматтардың онда жазылған пікірлері мен ұсыныстары осыны көрсетіп отыр.

Тексерушілер де тексерілсін

Елбасы алдымызға үлкен міндет қойды. Ол – экономикасы барынша дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Әне-міне дегенше оның алғашқы жылы да өте шықты.

Міне, осы үлкен мақсатқа елімізде кім қандай үлес қосып отыр? Таңертең жұмысына асыққан әрбір ел азаматының ойында «мен бүгін елімнің дәрежесін бір мысқал болса да жоғары көтеретін қандай пайдалы қызмет істеймін?» деген сауал тұра ма? Әлде жұмыс күнін әупірімдеп өткізіп, үйіне қайтуды ғана ойлай ма? Бәлкім, бір оңтайлы тұстан көзі шалған көлденең пайда көкейін тесіп бара жатқан шығар?..

Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген қорытынды сөзінде елімізді әлеуметтік-экономикалық дамытуда қол жеткен жетістіктермен қатар мемлекеттік органдар жұмысында кем­шілік­тердің де бар екендігін қадап-қадап көрсетіп берді. Бұл кемшіліктер енжарлықтың, немқұрайлылықтың, бойкүйездіктің салдары екендігі анық.

Елбасы сөзі жұртшылықтың көкейіндегіні қозғады. Редакция поштасына келіп жатқан пікірлердің бір легі, азаматтардың онда жазылған пікірлері мен ұсыныстары осыны көрсетіп отыр.

Тексерушілер де тексерілсін

Елбасы алдымызға үлкен міндет қойды. Ол – экономикасы барынша дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Әне-міне дегенше оның алғашқы жылы да өте шықты.

Міне, осы үлкен мақсатқа елімізде кім қандай үлес қосып отыр? Таңертең жұмысына асыққан әрбір ел азаматының ойында «мен бүгін елімнің дәрежесін бір мысқал болса да жоғары көтеретін қандай пайдалы қызмет істеймін?» деген сауал тұра ма? Әлде жұмыс күнін әупірімдеп өткізіп, үйіне қайтуды ғана ойлай ма? Бәлкім, бір оңтайлы тұстан көзі шалған көлденең пайда көкейін тесіп бара жатқан шығар?..

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев ашына айтқан, яғни мем­лекетіміздегі игерілмеген қыруар қаржы, ауқымы бірдей құрылыс нысандарына бөлін­ген ақшадағы айтарлықтай айырмашылықтар мен тендер өткізудегі сыбайлас жемқорлықтар бізді осындай күмәнді ойға шарасыз жетелейді. Мысалы, Елбасының жобалық-сметалық құжаттарды дайындау ісіндегі қитұрқылардың қа­лай жүзеге асырылатынын ашып көрсетіп, осындай күдікті фир­малардың қызметінен бас тартып, олар­ға ақша аударуды тоқтатуды талап етуі өте орынды деп білеміз.

Мемлекет қаржысының қолды болмауын қадағалау тек қана тиісті органдардың міндеті деп қарап отыру дұрыс емес. Қатерлі аурудай жылдан-жылға асқынып, ірілі-ұсақты бірқатар шенеуніктердің оңай олжа табатын «кәсібіне» айналып бара жатқан бұл құбылысқа әкімдерден бас­тап бүкіл халық болып қарсы тұруымыз керек. Әйтпесе, Ақмола облысындағыдай 1200 оқушы емес, бар болғаны жүз­шақты оқушыны қамтитын мек­тепке екі қабатты өте үлкен ғимарат салып, оған миллиардқа жуық қаржы бөлінгені туралы кезінде ел газеті – «Егемен Қа­зақ­стан» жанға батыра жазған болатын. Сондай-ақ, тоқсаныншы жылдары жекешеленіп кеткен түрлі әлеуметтік нысандарды бүгінгі қожайындарынан мемлекет қаржысын аямастан үш-төрт есе қымбат бағасына сатып алып, осы қомақты қаржының ішіндегі өзіне тиесілі «пайыз» арқылы оп-оңай баюды әдетке айналдырған әкімқаралар да жоқ емес.

Елбасымыз еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту туралы үнемі айтып келеді. Оларды жөн-жосықсыз тексермеу үшін мораторий жариялағанын да білеміз. Осы қамқорлықтың нәтижесінде ел кәсіпкерлерінің тасы өрге домалап, олардың экономикалық әлеуеттері аз жылдың ішінде әжептәуір арта түсті. Дегенмен, пиғылы теріс тексерушілер ыңғайын тауып кәсібін енді бастаған азаматтарды бопсалауын тоқтатпай отырғаны белгілі. Сондықтан Елбасының ел прокуратурасына тексеру шараларын қысқарту бойынша ұсыныс әзірлеп, заңсыз тексеру бастамашыларын жазалауды тапсыруы өте орынды деп білемін.

Бағлан ТЕЛЕУОВ,

Тараз қаласының прокуроры.

Тараз.

Энергияны неге үнемдемейміз?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы 9 айдың қорытындыларын шығарумен ғана емес, алда тұрған асқаралы асуларды жан-жақты саралаумен де ерекшеленді. Онда қозғалған мәселелердің қай-қайсысы болсын өте ауқымды. Ел өмірінің жақсаруына, қарқынды дамуына тікелей қатысы бар мәселелер ішінде Елбасы Үкімет пен жұртшылық назарын энергия үнемдеу мен энергия есептеуге аударып, бұл салаға жеткіліксіз көңіл бөлінетінін, пәрменді насихаттың, түсіндіру жұмыстарының әлсіздігін атап көрсетті.

Бүгінде қуат және ресурс көздерін үнемдеу, орынсыз ысырапқа жол бермеу, алдын алу шараларын қарастыру – ғаламдық дәрежедегі түйткілдердің бірі екені жасырын емес. Оның шығындарын барынша азайтудың жолдары Қазақстанда мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі ретінде қарастырылып, күн тәртібіне айрықша қойылуы сондықтан. Президент индустриялық-инновациялық үдемелі даму шеңберінде ішкі жалпы өнімнің қуат жұмсауын 2015 жылға қарай кемінде 10 пайыз, ал 2020 жылға таман 25 пайыз азайту талабын қойды. Осындай пәрменді әрі жүйелі шаралар арқылы ғана экономиканың бәсекеге қабілетін арттыруға, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, «жасыл экономика» тұжырымдамасын сәтті жүзеге асыруымызға мүмкіндік туары сөзсіз.

Облыста электр желілері бойынша қуат беру мен тарату қызметі жыл өткен сайын қарқын алып, жаңғырту және қайта жабдықтау жұмыстарына қомақты қаржы бөлінуде. Мәселен, «Петропавл жылу желілері» ЖШС-нің иелігінде 230 шақырым жылу трассасы мен 50 құбыр стансасы болса, ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстарына инвестициялық қаражат тиімді пайдаланылуда. Десек те, мониторингтік талдау көрсеткендей, облыс орталығындағы жылу желілерінің 60-70 пайызы қайта қалпына келтіруді талап етсе, жүзден астамының пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Бұған бір мыңға тарта көпқабатты үйлердің 115-інде басқару нысаны жоқтығын ескерсек, жағдайдың әлі күрделі екеніне көз жеткіземіз. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан миллиардтаған қаражатқа қарамастан электр және жылу қуаттарын барынша берекелікпен пайдаланбауымыз әркімді ойландырса керек.

Менің қала тұрғыны ретінде бір байқағаным, әлеуметтік сала мекемелері қысқы жылыту маусымына тыңғылықты әзірленгенімен, жеке тұрғын үй нысандарының дайындығы көңіл көншіте бермейді. Мәселен, энергетикалық кешеннің, тұрғын үй нысандарының, әлеуметтік сала мекемелерінің 2013-2014 жылдардағы жылыту маусымына дайындығы талқыланғанда жекелеген пәтер иелеріне көп сын айтылды. Электр, жылу қуат көздерін таратушы компаниялардың нормативтік-техникалық шығындар көлемін 2000 жылы 17 пайыздан 2012 жылы 13 пайызға дейін азайтуы құптарлық болғанымен, көпқабатты тұрғын үйлерге жалпыға ортақ жылу есептегіш құралдарын орнатудың уақтылы қанағаттандырылмауы ойландырмай қоймайды. Бүгінге дейін Петропавл қаласы бойынша тұтынушылардың 22 пайызы ғана осындай құралдармен қамтылған. 1 шілдеден «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заң қолданысқа еніп, алдағы жылдан бастап тұтынушылар жылу қуатын пайдаланған қызмет ақысын сараланған тариф аясында төлейтін болады. Осы кезде есептегіш құралды пайдаланушылар оның тиімділігін айқын сезініп, міндетті төлемақыларды әжептәуір қысқарта алары анық. Мұндай қуат үнемдеу шарасының маңыздылығына Елбасы ерекше тоқталып өтті.

Соңғы кездері пәтер иелері жылу беру жүйесіне есептегіш құралдардың тиімділігін түсініп, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту-2020» бағдарламасы арқылы орнатуға ниеттеніп жатқанымен, кей кездері олардың өтініштерін қанағаттандыру тым ұзаққа созылып кетеді. Өйткені, техникалық шарттар мен жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеудің машақаты көп. Меніңше, қағазбастылықтан арылып, жеңілдетілген жолдарын қарастырған дұрыс болар еді. Сол сияқты, ток көзін ұрлайтын адамдардың заңсыз іс-әрекеттеріне де тосқауыл қоятын мезгіл жетті.

Сергей ХУДЯКОВ,

пәтер иелері кооперативтері

ассоциациясының төрағасы.

Солтүстік Қазақстан облысы.

Игере алмаса, игеретіндерге берсін

«Бұл елде қаражатты менен басқа бақылайтын ешкім жоқ па?». Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Теледидар алдында отырған біз де үлкен ойға қалдық. Шынында мемлекеттің қаржысы қашанға дейін жеке адамдардың игілігіне айнала береді? Ірі көлемде қаржы қымқырып, шетел асып жатқан адамдар туралы ақпарат құралдарынан күнделікті айтылып жатыр. Сонда оларды бақылайтын, жұмыстарының ақ-қарасын анықтайтын, бюджет ақшасының нысаналы түрде жаратылуын қадағалайтын тиісті органдар қайда қарап отыр? Әлде мемлекет қазынасына Президенттен басқа ешкімнің жаны ашымағаны ма?

Осы жиында тағы бір мәселе көтерілді. Ол бөлінген қаражаттың игерілмей қалуы. Әлемдік деңгейде қарайтын болсақ, талай елдің қаржы қыспағына түсіп, бюджеттерінің түбін қағып, халқына айлығы мен зейнетақысын төлей алмай қиналып жатқанын көреміз. Жаңадан қала тұрғызбақ түгілі, бір ғимарат сала алмай отырған мемлекеттер бар. Азулы Еуропаның өзінде күнде ереуіл. Өйткені, ақша жоқ. Халқы ұлардай шулап көшеде жүр. Осының салдарынан талай мемлекет белшеден қарызға батып, дефолттың алдында тұр. Ал Қазақстанда ше? Алдын ала есептеулер бойынша бюджеттен бөлінген 150 миллиард теңге шамасындағы қаржы игерілмей қалғалы тұр екен. Бұл не сонда? Барды ұқсата алмау ма? Қолдағы алтынның қадірін білмеу ме? Әлде мемлекеттік басқару орындарында отырған адамдардың өз жұмысын тиісті дәрежеде атқара алмай отырғанында ма? Сұрақ көп. Жауап мардымсыз.

Жыл басында бюджет белгіленеді. Әр сала бойынша қажеттілігіне қарай қаржы бөлінеді. Осы жерде біршама олқылықтар кететін сияқты. Сондықтан бөлінетін қаржыны біреудің көзі, екіншінің сөзі жақсы демей қаны жерге тамбай тұрған, елге елеулі пайда әкелетін, халықтың мұң-мұқтажын орындайтын салаларға беру керек. Ал дабырасы көп, бірақ халыққа көк тиындық пайдасы жоқ іске қаржы бөлмеу шарт. Қанттай ғып құжат дайындап, қағаз түрінде бәрін тас­тай ететіндерге қаржы бергенше, оны игере алатын, ел мүддесіне жарататын адамдарға берсін. Әйтпесе, біздің игерілмеген қаржының өзі кейбір мемлекеттердің жылдық бюджетіне жететін күн де алыс емес тәрізді. Мемлекеттің қаржысы жұрттың пайдасына жұмсалуы қажет. Оның игерілмей жатқанынан ешкімге пайда келмейді.

Гүлшат ДҮЗЕЛБАЕВА,

экономика ғылымдарының кандидаты.

Қызылорда облысы.

Ет сататын ел боламыз ба десек...

Мен жасымнан мал бағып өскен шаруаның баласымын. Оның күтімін, жағдайын жақсы білемін. Өткен жылы мал шаруашылығымен айналысатын ауыл адамдарына арналған «Сыбаға» несиесін алдым. Көп емес, бір миллион теңге. Оған ірі қара алып, өсіріп етке өткізгім келген. Бірақ осыдан тапқан пайдамнан зияным асып тұрған секілді. Себебін айтайын.

Алдымен айтарым, мемлекетке қояр ешқандай кінәм жоқ. Еңбек етемін дегенге қаржылай көмек беріп-ақ отыр. Алайда, осы несие қолыма тигенше шашым ағарып кетті. Сәуір айында несиеге өтініш берген едім, ол қолыма тамыз айында зорға тиді. Қостанай қаласына күнде жүгірумен шаршадым. Жолға кететін ақшаны айтпағанда, науқандық жұмыс кезінде ауылдағы шаруаның әр минут уақыты алтыннан қымбат. Бір миллион теңге несие ауыл адамы үшін әжептәуір қаржы болып табылады. Алайда, ауылда мал өсіріп, ет молшылығын жасағысы келетіндерге берілетін несиенің шарты шаруаны тығырыққа тірейді. Өйткені, несиені берген «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы малдан түсетін пайданың мерзімімен санаспайтын сыңайлы. Олар бір жылға жетпей несиенің жартысына жуығын қайтаруды талап етті. Ал менің несие қаржыға сатып алған малым әлі өсіп, өнім беріп үлгерген де жоқ қой. Бір бұзаудың пайдасын көру үшін кемінде үш жыл уақыт керек. Мен несиенің 450 мың теңгесін қайтару үшін басқа банктен жоғары үстеме өсіммен амалсыз тағы да несие алдым. Сонда менің тапқан пайдам қайсы? Бұл бір.

Жер мәселесі. Шабындық пен жайылымды ойласаң, тіпті мал ұстағың келмейді. Менің қазір сатып алғаным бар, өзімнің бұрыннан қорадағы малым бар, барлығын есептегенде 20 сиыр, 30 қой, бес жылқы бағып отырмын. Ал жайылымдық, шабындық жерім 30 гектар ғана. Оған мал тоя ма? Ауыл айналасының барлығы айқұш-ұйқыш жыртылған, үйден шыға жайқалған егін.

Шаруаның алты ай жаз маңдай терін сыпырып жүріп, бағып-қаққан малын етке сатып алуды мемлекет ұйымдастырса жақсы болар еді. Базарда ет қымбат, ал оны алыпсатарлар шаруалардан 2-3 есе арзан алады, оның бір килограмының бағасын 500 теңгеден асырмайды. Менің бір сиырымның тірідей салмағы 150 килограмм болып қалады. Оны әлгі бағамен берсем, барлығы 75 мың теңге ғана шығарады екен. Етті лабораторияға тексеруге бергенім, көлікпен тасығаным үшін шығарған қаржыларымды есептесем, сиырым мұнан да арзандай түседі. Мұндай баға шаруаның еңбегіне обал емес пе? Егер ауыл адамдарының мал шаруашылығымен айналысуына жағдай дұрыс жасалса, етті үйіп тас­тар еді. Бүгінгідей сапасы беймәлім ет сырттан келмес еді. Қазір өзге өңірді қайдам, мен тұрған Алтын дала ауылы тұрғындарының 70 пайызы мал ұстамайды. Өйткені, жайылым тар, жемшөп қымбат. Жұрттың барлығы да сауатты, есептей келгенде баққан малы еңбегіне арзымайды деп біледі. Ауылда отырып, ет үшін қаладағы базарға жүгіреді. Өзімізге жетпей жатқан етті Ресейге қайдан шығарамыз сонда?..

Әділхан ОТАШЕВ,

«Оташев» шаруа қожалығының жетекшісі.

Қостанай облысы,

Қостанай ауданы,

Алтын дала ауылы.

Жобаларды жақсылап зерттейтін банк қызметкерлерi жоқ

Елбасымыз шағын кәсіпкерлікке үнемі қолдау көрсетіп келеді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында да айтқандары нағыз шындық. Осыдан-ақ Президенттің саладағы шынайы жағдайды нақты көріп-біліп отырғанын сезуге болады. Қазір екінші дәрежелі банктердің талаптары өте қатал. Мысалы, мен басқаратын ЖШС-і «Қазинвестбанкінен» 400 миллион теңге несие алуға ниеттеніп, барлық құжаттарды тапсырды. Банк біз қалаған сомада несие берді, бірақ, ананы-мынаны сылтау қылып, ақырында 400 миллионның 150 миллионын ғана қолымызға ұстатты. Енді бүгінде не бизнесімізді дамыту үшін жаны ашып, қаржылай көмектеспейді, не басқа банктерден несие алуға мүмкіндік бермейді. Дәл осындай жағдайдан көптеген кәсіпкерлер жапа шегуде. Қазір бәрінің банкке қарызы көп. Төрт жыл бойы Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы «Атамекен одағы» облыстық филиалының төрағасы қызметін атқардым. Яғни, бұл саланы бес саусағымдай білемін. Мені осылай әуре-сарсаңға салып жатқанда кәсіпкерлікті жаңадан бастағандарға не жорық?!

Тағы бiр мәселе, «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша кәсiпкер банктен жылдық үстемеақысы 14 пайызды құрайтын несие алуына болады. Оның 7 пайызын мемлекет «Даму» қоры арқылы өзi жапса, қалғанын кәсiпкер төлейдi. Бiрақ қағаз жүзiнде бәрi керемет болғанымен iс жүзiнде банк ақшаны оңайлықпен бермейдi. Себебi, басын ауыртып бизнес-жобаларды тыңғылықты зерттегiсi келмейдi. Тiптi, ондай мамандар банктерде жоқтың қасы. Мен осы уақытқа дейiн жобаларды зерттеп жүрген банк қызметкерлерiн көрмедiм.

Қали САРМАН,

«Қайнар май» ЖШС-нің директоры.

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Келелі мәселелер көтерілген кеңес

Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы М.Тәжин Үкіметтің 2013 жылғы 11 қазанда өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысын ақпараттық тұрғыда жариялап-көрсету мәселесі бойынша республикалық БАҚ басшыларымен кеңес өткізді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

БАҚ басшыларымен бір­ле­сіп, ақпараттық жұмысты ұйымдастырудың және жүргі­зудің қадамдары талқыланды.

Кеңес барысында Мемле­кет­тік хатшы отандық БАҚ өкілдеріне мемлекеттің эко­но­микалық саясатының стра­тегиялық бағыттарын, жедел шешуді қажет ететін өзекті және өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жариялап-көрсетуге назар аударуды ұсынды.

Сондай-ақ, мәдениет, ақпарат және идеология салаларындағы мемлекеттік органдар қызметі қаралды. Мемлекет басшысы айтқан сын-ескертпелер мен алға қойған міндеттер аясында бұл жұмысқа өзгерістер енгізу қажеттігі атап өтілді. Іс-шарада әлеуметтік-эконо­ми­калық тақырып бойынша журналистердің арнаулы пулдарын құру туралы шешім қабылданды. Бұған қоса, арнау­лы репортаждар жасау арқылы Қазақстан Президентінің тапсырмаларын орындау тақы­рыбында мемлекеттік органдар басшыларының бри­фингтерін өткізу жүйесі жөнін­дегі ақпараттық материалдар мен жаңалықтарды әзірлеу және жеткізу форматтары жаңартылды.

«Мемлекет басшысы сын тезіне алды, айқын міндеттер қойды және нақты мерзімдерді белгілеп берді. Бұқаралық ақ­парат құралдары орталық және жергілікті мемлекет органдарының жұмысын ақпараттық тұрғыда бақылауға алып, осы бағытта не істеліп жатқаны туралы жұртшылықты жедел хабардар етіп отыруға тиіс», деп атап өтті Мемлекеттік хатшы М.Тәжин.

Кеңес қорытындысында мемлекеттік ақпараттық саясатқа жауапты мемлекеттік органдарға Қазақстан Президентінің сыни ескертпелері мен тапсырмаларын іске асыру аясында тиімді үйлестіру және БАҚ-пен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

Сайт сөзі

www.egemen.kz

Президент айтудай айтты. Облыстарда шын мәнінде не болып жатқанын жақсы білетінін білдірді.

Қасиет.

* * *

Елбасы талаптар мен міндеттерді өте жақсы қойған екен. Көптен бері дәл мұндай қатқыл тонмен, қатаң талаппен айтылған тапсырмалар болмай кетіп еді, бұл енді министрлеріміз бен әкімдерімізді серпілтсе дұрыс болар еді.

Оспан.

* * *

Мемлекет басшысы тарих туралы жақсы айтты. Расында да халықтың тарихы асармен жазылатын шаруа емес. Онымен нағыз кәсіби мамандар айналысулары керек. Және бұл тарихшы атаулының бәрінің тақырыбы бола алмайды, оны тек Қазақстан тарихын бұрыннан түбегейлі зерттеп келе жатқандардың қолдарына беру керек.

Сағат.

Соңғы жаңалықтар