Аймақтар • 15 Шілде, 2020

Алматылықтар өзін-өзі емдеу үшін ғаламтордағы кеңестерге жүгінуде

326 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қызметін бақылау Департаменті Асфендияров атындағы Медициналық университеттің қолдауымен қала тұрғындары арасында денсаулыққа қатысты сауалнама жүргізді. Сауалнамаға қатысқан алматылықтардың шамамен 24%-ы өзін-өзі емдейтінін мәлімдеген.

Алматылықтар өзін-өзі емдеу үшін ғаламтордағы кеңестерге жүгінуде

Асфендияров атындағы Медуниверситеттің Фармация мектебінің зерттеу тобындағы студенттер Назарбаев даңғылы, 91/97 №2 дәріханаға; Әуезов көшесі, 175; Пушкин көшесі, 13; Панфилов көшесі, 20 мекенжайларда орналасқан қаладағы ірі дәріханаларға келушілер арасында да сауалнама жүргізді.

Сауалнамаға қатысқандардың жастары 20-55 және 56-дан жоғары жастағылар, яғни респонденттердің 14%-ы. Олардың 81 пайызы немесе 99 адам қала тұрғыны, 19 пайызы немесе 23 адам - сырттан келгендер.

Зерттеу тобының басшысы, Асфендияров атындағы Медуниверситеттің Фармация мектебінің деканы Зурияд Сакипованың хабарлауынша, аталған сауалнаманы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қызметін бақылау Департаментінің мамандары әзірлеген.

Сауалнаманы жүргізген студент-волонтерлер жұртшылықпен жұмыс істеу барысында санитарлық қауіпсіздік нормаларын сақтау бойынша арнайы дайындықтан өткен.

"Дәріні сізге кім тағайындады?" деген сауалға 66 адам «дәрігер» деп жауап берген, бұлар сауалнамаға қатысқандардың 54 пайызы. Ал 29 адам немесе олардың 24 пайызы өзін- өзі емдейтінін айтқан. Тағы 10 пайызы, яғни 12 адам Интернетке жүгінеді екен, қалған 15 адам немесе 12 пайызы жауап беруге қиналған немесе түрлі сылтаулар айтқан.

Маңызды сауалдың бірі – дәріні рецепт арқылы алу. Респонденттердің 45 пайызы (55 адам) рецепттері бар екенін растады, 55 пайызы немесе 67 адам дәріні рецептсіз алған. Дәрілердің емі жөнінде түрлі пікірлер айтылды. ЖРВИ- ға қатысты дәрілерді сауалнамаға қатысқандардың 33 пайызы немесе 40 адам, өкпенің қабынуын (пневмонияны) емдейтін дәрілерді 23 пайызы (28 адам), CОVID-19-дан емделу үшін 12 пайызы (15 адам), басқа аурудан емделу үшін 32 пайызы немесе 39 адам алған.

Дәріханалар клиенттерінің 54,1 пайызы немесе 66 адам дәрі-дәрмектерді өздері үшін алғанын, ал 38,5 айызы немес 47 адам өзгелер үшін алғандарын айтты. Өзге аймаққа жіберу үшін - 6,6% немесе 8 адам. Бір адам "дәрінің қорын" жасау үшін алатынын жасырмады.

Алматы қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қызметін бақылау Департаменті тек дәрігердің нұсқауларын орындауды, өзін-өзі емдеумен айналыспауды, Интернеттегі және ресми емес дерек көздеріндегі кеңестерге жүгінбеуді еске салады.

Антибиотиктер мен вирусқа қарсы препараттарды бактериалдық немесе вирустық инфекция бойынша тек клиникалық және лабораториялық мәліметтер негізінде дәрігер ғана беруі тиіс.