Үкімет • 16 Шілде, 2020

Дәрі-дәрмек жібергені – көп көмек

131 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қалыпты тіршіліктің шырқын бұзған Covid-19 індеті – жер жаһанның басына түскен зауал. Сондықтан әлем елдері обамен бірігіп күресіп, шамасы келгенше бір-біріне көмек көрсетуден аянып қалған жоқ. Осынау сын сағатта Қазақстан да шет мемлекеттермен тығыз байланысын үзбей, індетке тойтарыс беруге барынша тырысып жатыр.

Дәрі-дәрмек жібергені – көп көмек

 

3 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі жеткізілуде

Індет белең алған біраз мемлекетке бастапқыда еліміз гуманитарлық көмек жіберіп, қолдау көрсетті. Енді бұл жаманат дерт өзімізде өрши бастағанда шекара асып бізге де қажетті дүние жетті. Әсіресе бауырлас елдерден дә­рі-дәрмек тиелген борттардың келіп жат­­қаны үлкен көмек болды. Осыған қа­тысты жан-жақты мағлұматқа Ор­та­лық коммуникациялар қызметі ала­ңында өткен баспасөз мәслихатында қа­нықтық.

Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова Қазақстанға дәрі-дәрмек түріндегі гуманитарлық көмек шілде айының соңына дейін көр­сетілетінін атап өтті. Оның айтуын­ша, Үкімет амбулаторлық желіге аса қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізу үшін бір­неше ұшақ ұйымдастырды. 21 атау­дан тұратын тізім түзілді. Бұл – дене қы­зуын түсіретін, вирусқа қарсы дәрілер.

Шілденің соңына дейін бірқатар рейспен бөлшек сауда желісін қамта­масыз ету үшін айлық қажет­тілікке жарайтын дәрі-дәрмектер жеткізу жөнінде келісім жасалды. Өткен сен­біде Ресейден екі борт келді. Дәрілік зат­тардың 3 млн-нан аса қорабы жет­кізілді. Бұл дәрілердің бәрі өңірлер мен үш ірі қала арасында теңдей бөлінді. Олар­ды сертификаттау рәсімі жедел жүр­гізіліп, желілерге түсе бастады.

Сонымен қатар Үндістаннан да арнайы рейс ұшып келеді. Бұған қоса резерв үшін тағы екі бортпен қажетті препараттар әкелінеді.

Қазіргі уақытта бірыңғай дистри­бьютор арқылы ауруханаларға 3 млрд теңгеге жуық соманы құ­рай­тын меди­циналық дәрі-дәрмектер тасымал­данып жатыр. Сондай-ақ үш айға жететін резерв құру үшін отандық өндірушілерден де, импорттаушылардан да дәрі-дәрмек сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Алдағы уақытта бірыңғай дистрибьютор науқастардың болжамды саны бойынша жыл соңына дейін барлық ауруханалар дәрі-дәрмекпен қамтылуы үшін қоймаларды толтырады.

Бүгінде Бірыңғай дистрибьютордың сатып алуы аясында отандық өндіру­шілерден 59,8 млрд теңге сомасына және импорттық өндірушілерден 154,3 млрд теңге сомасына дәрі-дәрмек сатып алынды. Барлық препараттар кепілді тегін медициналық көмек көрсететін стационарлар мен емханаларға жет­кізіледі.

 

15 мемлекеттен гуманитарлық көмек келді

Баспасөз мәслихатына қатысқан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев қанша мемлекеттен қандай көлемде көмек келгені туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Сыртқы істер министрлігі Ден­саулық сақтау министрлігімен бірлесіп, індет тараған кезден бастап сыртқы халықаралық әріптестерімізден тиісті қайырымдылық көмекті елге жет­кізу жұ­мыстарын жүргізіп келеді. Бұл жұ­мыс өте ауқымды. Әрине осы орайда ең алдымен әріптестеріміз – ҚХР, АҚШ, Ресей, БАӘ, Жапония, Түркия, Оңтүстік Корея, Қатар, Өзбекстан және басқа да елдерге, ДДҰ сияқты халықаралық ұйымдарға, компанияларға, шетелдік қайырымдылық қорларына, жекелеген азаматтарға көрсеткен қолдауы үшін шынайы ризашылығымызды жеткізгім келеді. Біріншіден, індет жаһандық болғаннан кейін біз жұмы­сымызды, яғни дәрі-дәрмек сатып алу немесе шетелден қажетті меди­циналық құрылғыларды, заттарды әкелу мәселесін дүние жүзіндегі үл­кен бәсекелестік жағдайында іске асы­рып жатырмыз. Мұны ескерген жөн. Екіншіден, гуманитарлық көмек қаншалықты ауқымды болса да, алдымен ең үлкен жүк Үкіметімізге, республикалық бюджетке түсіп отыр. Денсаулық сақтау министрлігіне, ден­саулық сақтау жүйесіндегі әріп­тестерімізге зор жауапкершілік артылып отырғаны анық», деді Ержан Ашықбаев.

СІМ өкілінің дерегі бойынша елі­мізге гуманитарлық көмек ретінде

5 млн 200 мыңға жуық медициналық маска, 98 өкпені жасанды желдету аппараты, 260 мың тест жүйесі, 3 мыңға жуық тепловизор мен термометр әкелінді.

«Гуманитарлық көмек ретінде дәрі-дәрмекті біз жалпы саны жеті тараптан алған едік. Олар – Үндістан, Пәкістан, Ресей, Жапония және Түркия, сондай-ақ түркиялық екі компания. Осы дәрі-дәрмектің ішінде ең елеулі үлес – гидроксихлорид дәрісінің 90 мың данасы, хлорохин дәрісінің 100 мың данасы, авиганның 10 200 данасы, ацетилцистеиннің 10 200 данасы және плаквенилдің 10 мың данасы. Қалған препараттар 100, 150, 300, 500, 1500 данадан келген. Дәрі-дәрмекке рұқсат қағазы алынғаннан кейін қоймада жатып қалған емес. Тиісті мекемелерге таратылды. Осы ретте Қатардан келген жүктің ішінде дәрі-дәрмек бол­мағанын айта кетейін. Сондықтан екі нәрсені шатастырмайық. Келген дәрі-дәрмектің бәрі де бірден ортақ дистрибьютор арқылы медициналық мекемелерге жеткізіліп тұрады», деді Ержан Ашықбаев.

 

Өкпені жасанды желдету аппараты шығарылады

Қысылтаяң кезеңде мемлекеттердің бір-біріне қолғабыс еткені – құптарлық іс. Бірақ әлеуметтік желілерде біраз жұрт өзімізді жарылқамай тұрып, Қазақстанның Тәжікстанға гума­нитарлық көмек жөнелтетініне қын­­жылыс білдірді. Сұрақ-жауап барысында журналистер осының анық-қанығын сұрап, Денсаулық сақ­тау вице-министрі бұл көмектің қарастырылғанын растады.

«Қазіргі уақытта барлық ел бір-біріне көмек көрсетуде. Елімізге де гуманитарлық көмектер келіп жатыр. Қазақстан Үкіметі Тәжікстанға жылдың соңына қарай портативті өкпені жасанды желдету аппараты түріндегі гуманитарлық көмек көрсету туралы мәселені қарастырып жатқаны рас. Бұл портативті аппарат пациентті жедел жәрдем көлігімен тасымалдағанда қолданылады. Дәл осындай аппарат елімізде жеткілікті, Ақмола облысында шығарылады. Бүгінде өзіміздің зауыт өндірістік қуатын арттырып отыр. Кәсіпорын түркиялық компаниямен бірге портативті өкпені жасанды желдету аппаратынан бөлек қазір аса қажет болып отырған стационарлық өкпені жасанды желдету аппаратын шығаруды жоспарлауда. Өндіріс таяу аралықта жолға қойылады және жылдың соңына дейін еліміздің барлық ауруханалары портативті және стационарлық өкпені жасанды желдету аппараттармен қамтамасыз етіледі», деді Людмила Бюрабекова.

 

Флешмобқа министрлік кінәлі емес

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі қоғамда дау туғызған тағы басқа да мәселелер бо­йын­ша жауап берді. Соның бірі індеттен көз жұмғандарды еске алуға арналған аза тұту күнінде дәрігерлердің көшеге шығып, қатарға тұрғаны тура­лы болды. Людмила Бюрабекова мұндай флешмобқа министрлік бас­тамашы болмағанын, бұл Медицина қызметкерлері қауымдастығы тарапынан ұйымдастырылғанын атап өтті.

Бұған қоса журналистер пневмо­нияның неліктен коронавирус статис­тикасында есепке алынбай жатқанын сұрады.

«Біз қазір халықаралық ұйым­дармен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда ДДҰ ұсы­нымына сәй­кес, статистикаға ПТР-дің оң нәтижесі бар жағдайлар ғана кіріп отыр. Сондай-ақ еліміздің Денсаулық сақтау ми­нистрлігі дәл осы мәселеге байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына сұраныс жіберді. Келіссөздер арқылы есепке алынуы тиіс мәліметтерге қатысты ортақ шешімге келеміз. Әрбір елдің статистика мен есепке алуға қатысты өз жолы бар. Біз соны біріздендіріп, барлық елмен қатар жүргіміз келеді», деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше