Таным • 16 Шілде, 2020

Метірке дәптердегі тың мәліметтер

1712 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы «Метірке – ата-тегіміз хатталған құжат» жобасы аясында Ішкі (Бөкей) орда аумағындағы мешіттердің 1871 жылғы метірке жазбаларын үш томдық кітап етіп дайындады. Әзірге сүйінші данасы шыққан бұл жинақ өлке тарихына тың дерек қосып, ата-тек, шежіре жүйесімен айналысушылар үшін де ерекше құнды жаңалық болды.

Метірке дәптердегі тың мәліметтер

1801 жылы Бөкей сұлтан Нұралыхан­ұлының бастауымен Кіші жүздегі қазақ руларының бір тобы Жайық өзенінің оң жағына өтіп, Еділге дейінгі аралықты кең жайлай бастаған еді. Әкімшілік жа­ғы­нан Астрахань губерниясына қа­ра­ған бұл өңірдің қазақ даласының өз­ге пұш­пағына қарағанда ерекшелігі көп бол­ды. Соның бірі – дін мәселесі. Мәсе­лен, 1868 жылы шыққан Уақытша ереже бойынша қазақтар бүкілресейлік мұсыл­мандар діни басқармасы (Орынбор муфтияты) құрамынан шығарылса, Ішкі Орда­да бұл ереже жүрмеді. Бөкейлік қазақ­тары меші­тін ашып, медреселерінде бала­ла­рын оқытып, жыл сайын есебін орта­лық­қа тап­сырып отырды. Осының арқа­сын­да бү­гінде Ресейдің Уфа мен Астра­хань қалала­рындағы архивтерінде Бөкей Ор­да­сының метірке жазбалары сақталып қалған.

 

Метірке деген не?

Біз сөз етіп отырған метірке, метричес­кая книга дегеніміз – мешіттердің тір­кеу дәптері. Яғни мешіт имамы өз ауылын­дағы мешітке қарасты жамағаттың туу деректерін, некелесу, ажырасу ісі және қай­тыс болғандарды арнайы дәптерге тір­кеп отырған.

Метірке журналы төрт бөлімнен тұр­ған. Бірінші – жаңа туған сәбилерді тіркеу бөлімі. Мұнда нәрестенің есімі мен жынысы, туған жері, туған күні мен айы, әке-шешесінің аты-жөні, руы мен тайпасы, бұл мәліметтерді тіркеген имамның аты-жөні жазылған.

Екінші бөлімде қайтыс болған адамдар­ды тіркеп, олардың аты-жөнін, жасын, дү­ниеден өткен уақытын, қандай аурудан қай­тыс болғанын, жерленген жерін және тір­ке­ген имамның аты-жөнін қағазға тү­сірген.

Үшінші бөлімде неке тіркелген. Мұнда жұбайлардың аты-жөні, руы мен тайпасы, мекенжайы жазылады, қыз бен күйеу тарапынан өкіл болған адамдардың аты-жөні, олардың күйеу мен қызға кім болып келетіні жазылған. Бұған қоса тағы екі адам қыз бен күйеудің өз разылығымен неке­лескеніне куә болып, қолын қойған не­месе таңбасын салған. Осы некеде қыз жағына берілген қалыңмал мөлшері нақ­ты көрсетіліп, неке құтпасын оқыған имам­ның деректері жазылған.

Метіркедегі тағы бір бөлім – талақ (ажы­­расу) мәліметтері. Мұнда да ажырасу се­беп­тері, неке бұзу шарттары, екі тарап­тың міндеті анық жазылады.

 

Үлкен істің бастауы

Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының «Метірке – ата-тегіміз хатталған құжат» жобасы 2018 жылы басталған екен. Сол жылы Ресей Федерациясындағы Башқұртстан Республикасының ұлттық архивінен ор­талық мамандары 10 мың беттей метір­­келік журналдардың электронды көшір­месін әкелген екен. Соның ішінде біз сөз етіп отырған 1871 жылғы жазбалар Уфа архивінің 295-қор, 9-тізбек, №30 іс ретін­де тіркелген, бас-аяғы 1340 беттен тұратын дүние. Бұл Бөкейліктегі Тарғын, Таловкі, Қамыс-Самар, Нарын қисымдары мен Теңіз округіндегі 80 старшындықтың құжаты. Яғни 80 мешіттің 80 молдасы өз ауылындағы туу, өлу, неке және ажырасу мәліметтерін 1871 жылдың басынан мұқият жазып, жыл соңында жоғарыға тапсырған.

– Бұл метірке мәліметтеріне назар аудар­сақ, 1871 жылы Бөкейлікте 2224 сәби дүниеге келгенін көреміз, оның 1212-ісі – ұл, 1012-сі – қыз бала болған. Бұл жылы 689 жұп некелесіп, 107 жұп ажырасқан. Жыл ішінде 715 адам қайтыс болған, оның
375-і – ер азаматтар, 340-ы – әйелдер. Жалпы метіркеде 10 347 адамның аты-жөні айтылады. Бұл мәліметтер түрлі бағыттағы талай ғылыми зерттеулерге не­гіз болады деп ойлаймыз. Мысалы, осы метірке жазбалары бойынша тек қайтыс болғандар жөнінде сараптама жасап көріп, қазаққа қарсы жасалған қастандықтың бұрын-соңды белгісіз болған дәлелдері анық көрінді, – дейді тарих және архео­логия орталығының басшысы Жантас Сафуллин.

 

Тұлғалар төңірегіндегі ақтаңдақ

Араб жазуындағы метірке жазбаларын қазіргі әліпбиге қотарып шыққан тарих магистрі, «Бөкей Ордасы» тарихи-мәдени кешенінің ғылыми қызметкері Гүлмәру Самиғоллақызы осы бір жылғы деректердің өзінде талай-талай тың мәлі­меттер табылғанын айтады.

– Бөкей Ордасының тарихында ерекше орын алатын тұлғалар өте көп. Соның бірі – қазақтың тұңғыш этнограф ғалымдарының бірі Мұхамед-Салық Бабажанов. Бүгінге дейін тарих ғылымында Мұхамед-Салық­тың қай жылы неше жасында қайтыс бол­ғандығы туралы нақты дерек жоқ еді. Метір­ке кітабында оның саратан айының 22-сі күні іш ауруынан 37 жасында опат болғанын, Торғай көлінің темірқазық тарапында жерленгенін білдік. Бұған дейін ғалымның туған жылы 1832, 1833, 1834 жыл деген нұсқалар ұсынылып, нақты байлам жасалмаған. Енді міне, 1871 жылы 37 жасында қайтыс болғанын көріп отырмыз. Оның ажалы «атының үзеңгісіне у жағып, ол у етігі арқылы денеге тарағаннан болды» немесе «атының айылын бос тартып, аттан құлап мертікті» деп айтылатын, – дейді Гүлмәру Мырзағалиева.

Метіркеде Бөкей Ордасын Жәңгір ханнан кейін 1845-1854 жылдары басқарған Әділ Бөкейхановтың Сәлімгерей деген баласы 1871 жылы дәлудің екінші күні дүниеге келгені, әкесі – төре руы Нұралы хан тайпасы Ғаділ Бөкейханұлы екендігі, олар­дың бұл кезде Шоңай көлі жағын мекен­дегені жазылған.

Сондай-ақ белгілі күйші домбырашы Дәулеткерей Шығайұлының ұлы Азаматкерейдің баласы Сейіткерей 1871 жылы саратанның 25-і күні дүниеге келген екен. Туған жері Торғай көлінің шығыс тарапы дейді. Бұл – ел аузында «Дәулеткерей жерленді» делінетін Қарамола аймағы.

Тағы бір қызықты дерек – орыс гео­гра­фиялық қоғамының мүшесі Мұхам­бет-Салық Бабажановтың ұлы Сахыпкерей 1871 жылы 18 жедіде дүниеге келген екен. Яғни әкесі өлген кезде іште қалған бала болып тұр. «Біз бұл деректі бұған дейін білмедік. Шамасы жас кезінде қайтыс болған шығар» дейді Гүлмәру.

Сондай-ақ Бөкей ханның бәйбішеден туған үлкен ұлы Тәукенің дәлудің 2-сінде 71 жасында іш ауруынан дүниеден өтіп, Шоңай көлінің шығыс тарапында жер­ленгені де метіркеде жазулы тұр. Бөкей Ордасын Жәңгірден кейін басқарған Әділ сұлтанның ұлы Хангерей де осы жылы 17 жасында көкірек ауруынан қайтыс болған екен. Бұлардың бәрі Бөкей Ордасы тарихында өзіндік орны, ізі бар тұлғалар.

– Біз бұған дейін Р.Сүлейменов атын­дағы Шығыстану институты мамандарымен бірлесіп бөкейліктің араб жазулы құлпытастарын зерттеген болатын­быз. Сол кезде мәлім болған деректер бүгінгі метірке ақпаратымен сәйкес тү­сіп, бі­рін-бірі толықтырып отыр. Мәсе­лен, Мұ­хамед-Салық Бабажанов пен Дәу­лет­ке­рей Шығаевтың тұрған Торғай, Сар­басты, Қарамола елді мекендеріндегі көне құл­пытас мәтіндері мешіттердің тіркеу кітабындағы жазбалармен үндеседі, – дейді Гүлмәру Самиғоллақызы.

 

Ресейдегіден ұзақ өмір

– Мен жинақтағы медико-демография­лық мәліметтерге сүйене отырып, осы кітаптарда тіркелген адамдардың саулық сапасына – ғұмыр ұзақтығы мен өлім се­бептеріне талдау жүргіздім. Жұмыс барысында метірке кітаптарында ажалға се­бепші болған дерт не жазатайым оқиғаның санын есептеп шықтым, – дейді мамандығы дәрігер арапшы Нұрлан Сәдір.

Жазбаларда бөкейліктердің ажалы 1871 жылы 63 түрлі дерттен болғаны анық­талған. Оның ішінде ең жиі кездесетіні – кезік, яғни іш сүзегі, құрт немесе көкірек (туберкулез), іш, шешек аурулары екен. Соның ішінде 220 адам кезіктен қайтқан. Кезік себебінен қайтыс болғандар ішінде кәрі де, жас та бар. Нұрлан Қуанышұлының айтуынша, қайтыс болған 132 адам – 5 жасқа дейінгі балалар екен. Метірке кітап­тарында келтірілген мәліметтерге қара­ғанда, сол кездегі ерлердің орташа ғұмыр ұзақтығы – 41,6 жас, әйелдердің орташа ғұмыр ұзақтығы – 32,0 жас екендігі анық­талған.

Кезік туралы жазған бір мақаласында қазақтың тұңғыш дәрігерлерінің бірі Халел Досмұхамедов «Сары кезіктен ауырған жүз кісіден он кісі өледі» деген екен. Осы есеп­ке салсақ, 1871 жылы бөкейлікте 2200 адам кезік ауруымен ауырған болып шығады. «Бұл – қай заман үшін де тым үлкен трагедияға толы көрсеткіш. Бұ­дан шығатын тағы бір қорытынды – пат­ша­лық Ресей қол астындағы халыққа, соның ішінде қазақ халқының саулығына жеткілікті көңіл бөлмеген, әсіресе жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша пәрменді мемлекеттік саясат жүргізбеген» дейді сарапшы.

1871 жылғы мәліметке қарағанда бө­кей­лік ерлердің орташа ғұмыр ұзақтығы – 41,6 жас, әйелдердің орташа ғұмыр ұзақ­тығы – 32,0 жас болғандығын айтқан едік. Қазіргі заман тұрғысынан қарағанда бұл, әрине тым қысқа ғұмыр. Алайда Нұрлан Сәдір сол кезеңде патшалық Ресейдің қала­ларында тұратын халықтың орта жасымен салыстырып, қызықты мәліметтер келтірді. Сөйтсек ХІХ ғасырдың екінші жартысын­да Ресей қалалары тұрғындарының орта жасы – 30-дың айналасы болған екен. Және өлім-жітімнің жиі себебі – алкого­лизм, осы алкоголизмнен туындаған қан­ды қақтығыс­тар, суицид, жыныстық аурулар болыпты. Мәселен, 1896 жылы Санкт-Петербургте ерлердің орта жасы – 25, әйелдердің орта жасы 31, ал Мәскеуде тиісінше 23 пен 27 жас болған екен.

– Қазақ ауылындағы әр қазаның бесе­уінің бірі, ал еуропалық Ресейдегі әр қа­заның бесеуінің үшеуі – бес жасқа дейін­гі бала екендігі қай қоғамның өмір­шең екендігінен хабар береді, – дейді Нұр­лан Қуанышұлы. – Жыл ішінде Бөкей Орда­сында бірде-бір суицид болмаған, жыныс ауруы саналатын мерез – бір рет қана тіркелген.

 

P.S. Әрине бұл метірке жазбалары ғалымдардың қолына тиіп, сан түрлі сараптама жасалған жоқ. Мысалы, қалың­мал мөлшеріне қарап сол кезеңдегі халық­тың әл-ауқатын бағамдауға болады. Ал 1860 жылдардан бастап төңкеріске дейін жүйелі толтырылған бұл метірке құжаттарын Ресей архивтерінен түгел әкеліп, қазіргі әліпбиге аударып, тарихи айналымға қосса, қаншама ақтаңдақтың орны толар еді. Өкінішке қарай, үлкен еңбекпен жасалған дәл осы 1871 жылғы жазбалардың өзін толыққанды кітап етіп шығарып, ғалымдардың қолына тигізу қаржы тапшылығынан мүмкін болмай тұр екен. Жығылғанға жұдырық дегендей, жақында Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы таратылып, облыстық музей құрамына қосылып кетті. Орталықтың соңғы жылдары қолға алған жұмысынан хабардар ғалымдар да, қарапайым халық та «Метірке – ата-тегіміз хатталған құжат» жобасы тоқырап қалмаса екен деп алаңдап отыр.

 

Батыс Қазақстан облысы