Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының көрме залында белгілі ғалым, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбектің құжаттық жеке қорының ашылу рәсімі өткізілді. Шарада қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы Ақселеу Сланұлының жеке қорынан құжаттық көрме ұйымдастырылды.
Аталмыш шара ұйымдастыру алқасының арнайы дайындаған бейнекөрінісін жиылған жұртқа көрсетуден басталды. Мұндағы ғалымның көзі тірісінде халық мұрасы жайында айтқан ойларын жұртшылық қайтадан тыңдады.
Жиында алғаш сөз алған ақын Фариза Оңғарсынова өз замандасы жайында тебірене естелік айтты. “Халқымыз үшін ерекше орын алатын аяулы азамат кім-кімге де ең алғаш ұқыптылығымен танылатын. Мынандай қыруар мол мұраны мұрағатқа әкеліп тапсыруы да сол ұқыптылықтың және кейінгі ұрпақ қамын ойлауының айқын көрінісі деп білемін... Өкініштісі сол, арамыздан асығыс аттанып кетті... Ендігі тілегім – осындай іс-шаралар жиірек өткізіліп тұрса, кейінгі жастар Ақселеуді көбірек оқып зерттесе екен деймін” – деді ол. Ал белгілі ғалым Қойшығара Салғараұлының өзінің үзеңгілес серігі хақында сөйлеген сөзі ешкімді де бей-жай қалдырмады. “Ақселеудің артында баға жетпес мол мұра қалды. Сол мұраның бірсыпырасымен бүгін, міне, қауышып отырмыз. Бұл ретте мен осы дүниелерді реттеп, ақселеутануға мүмкіндік жасаған еліміздің Ұлттық мұрағаты қызметкерлері мен басшысы Рысты Сариеваға алғысымның шексіз екенін айтқым келеді. Бүкіл мағыналы өмірін халық мұрасы үшін арнады. Ол кешегінің көзі, бүгінгінің өзі еді. Білімі мен білігін парлап жегудің арқасында бүкіл қазақтың Ақселеуіне айналды. Айтулы тұлғалар өмірінің ғибратты сәттерін жинақтаған “Деген екен” атты еңбегін өзге кітаптарынан ерекше жақсы көрді. Бұл кітап қазақтың ұлына мұра, қызына жасау болатын дүние болады әлі деп шаттанушы еді марқұм... Оның еңбектері қазақты сүюге, ерен еңбек етуге үндей беретіндігіне менің сенімім кәміл, – деді. Сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің депутаты Бағила Баймағамбетова да, Ақселеу Сейдімбектің ұлы Ернар Сейдімбек те кешті ұйымдастыру алқасына алғыстарын жеткізді.
Көрмедегі құжаттар жоғарыда аталғандай, қор иесінің шығармашылық бағыттарына байланысты “Арман қанатында”, “Арманын біліммен бекемдеген”, “Қарымды қаламгер”, “Ғалым – этнограф”, “Білігіне білімі жарасқан”, “Өресі биік өнер иесі”, “Хаттар сыр шертеді”, “Тұғыры биік тұлға” бөлімдерімен сипатталды.
Құжаттық көрмеде қор иесінің баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларының, кітаптарының, повесть, очерк, әңгімелерінің қолжазбалары және еңбектерінің өз қолымен түзетілген машинкалық нұсқалары, фотоқұжаттары, электронды жеткізгіштегі құжаттар, құрмет грамоталары, алғыс хаттар, әртүрлі ғылыми атақтарын, қызмет лауазымдарын растайтын куәліктерінің түпнұсқалары қойылған. Соның ішінде “Алпамыс батыр”, “Күңгір-күңгір күмбездер”, “Кеніш”, “Ойтолғақ”, “Күй шежіре”, “Бейпіл сөздер”, “Қазақтың қысқаша тарихы” атты кітаптарын, “Тауға біткен жалбыз”, “Қанды қырғын”, “Табысу”, “Сұлу сөз, шұрайлы ой”, “Өресі биік өнер” секілді әңгімелерін, “Ұлы жүз”, “Орта жүз”, “Кіші жүз”, “Қазақ, үш жүз, ұран, таңба” туралы шежірелік аңыздарын және тағы басқа еңбектерін атаған жөн. Сондай-ақ белгілі өнер адамдары, тарихи тұлғалар туралы ой толғанымдары, әртүрлі іс-сапарларда, жиналыстарда жазылған деректемелер жинақталған қойын дәптерлері де көрме мазмұнын арттырып тұр.
Ақселеу Сланұлының жеке қорындағы әдеби-мәдени және ғылым саласындағы ізденістері аталған еңбектермен шектелмейді. “Ақиық”, “Қыр хикаялары”, “Алпамыс батыр”, “Кеніш”, “Серпер”, “Поющие купола”, “Всадник на белом коне”, “Аққыз”, “Балталы, бағаналы ел аман бол”, “Қазақтың ауызша тарихы” сынды еңбектері, қазақтың дәстүрлі мәдениетіне, фольклоры мен этнографиясына қатысты деректемелер де назардан тыс қалмаған.
Құжаттық жеке қорда 1961-2009 жылдар аралығында жазылған 700-ге жуық хаттар жинақталған. Соның ішінде көрмеде Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Л.Гумилев, Ғ.Мүсірепов, А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, О.Бөкей, Ж.Әбдіхалық, И.Тасмағамбетов сынды қайраткерлерден, ақын-жазушылардан, әріптестерінен келген хаттар орын алған.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
АСТАНА.
Суретті түсірген Ағыбай АЯПБЕРГЕНОВ.