Оқиға • 16 Шілде, 2020

Теміржолшылар Доссор стансасында жаяу жүргіншілер өтпесін салды

511 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Доссор стансасында Атырау магистралдық желі ұжымының күшімен теміржол арқылы жаяу жүргіншілер өтпесі салынды. Жаяу жүргіншілер өтпесі кент орталығы мен шамамен екі мыңдай тұрғыны бар Ыңтымақ пен Бірлік шағын аудандары арасындағы байланысты қамтамасыз етеді және жол арқылы қауіпсіз өтуге мүмкіндік береді. Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі хабарлайды, деп жазады Egemen.kz

Теміржолшылар Доссор стансасында жаяу жүргіншілер өтпесін салды

Бұл ретте, жолүсті жаяу жүргіншілер өтпесі тұрғындардың қауіпсіз өтуі үшін қоршаулы-ескерту дабылымен және жарықпен жарақтандырылған.  Бұған дейін шағын аудан тұрғындарына емханаға, балалар бақшасына, мектепке жету қиын соғатын, тіпті теміржол астымен тартылған су өткізу тұрбасы арқылы да өтуге тура келетін. 

Бұл жерде тағы автомобиль жолы бар, алайда ол ауылдан алшақ жерден өтеді. Жаяу жүргіншілер өтпесін салу туралы мәселенің талқыға түскеніне де көп болды. 

– Жол үсті бетонды жаяу жүргіншілер өтпесі темір жолды кесіп өтетін азаматтар қауіпсіздігі деңгейін арттырады. Оның жалпы ұзындығы 10 метрді, ал ені 1 метр 93 сантиметрді құрайды. Біз адамдардың өзекті мәселесін шешіп, көмек көрсете алғанымызға өте қуаныштымыз, – дейді Атырау магистральдық желі бөлімшесінің бас инженері Сағын Сейілханов. Балалар мен олардың ата–аналары да дән риза. 

 – Біз балалар мектептен оралғанша олар үшін алаңдайтынбыз. Енді осындай жаңа қауіпсіз жаяу жүргіншілер өтпесі үшін теміржолшыларға өте ризамыз, – деп ағынан жарылды жергілікті тұрғын Нұрбиға Дәулетбаева.