Абай • 17 Шілде, 2020

«Жақпайды маған сол жерің» (Абайдың кейбір арнаулары хақында)

3040 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Абай – ақындықта өзіне де өзгеге де үлкен талап қоя білген. Абайдың ақындығы айтылғанда өлең-сөздің көркемдік қуаты, ой тереңдігі, философиялық астары сияқты дүниелерге баса назар аударылып, әр өлеңнің шығу тарихы, нақты кімге, қашан жазылғаны, дәл сол кезде автордың өмірінде қандай оқиғалар болып жатты деген мәселелер екінші орында қалып қояды. Әсіресе ақын өлеңдерін жас ұрпаққа түсіндіргенде мектептегі Абайтану сабақтарында теорияға бармас бұрын, өлеңнің тарихымен таныстырса оқушыны ынтықтыра түсер еді.

«Жақпайды маған сол жерің» (Абайдың кейбір арнаулары хақында)

Осы арада айта кеткен жөн, ақынның сонау өткен ғасырымыздың 40-60 жылдары шыққан шығармалар жинағындағы түсініктерді әлі талғажау етіп келе жат­қанымыз шындық. Кейінгі жылдарда құрастырылып жатқан ақын жинақ­тарының бірсыпырасы еш түсініксіз, ал түсінік болған күнде де бұрынғы жи­нақтардан алынып, айтарлықтай толық­тырулар мен жаңартулар көрмей бүгінгі оқырманға ұсынылып жүр. Әрине ол кездегі өлеңге берілген түсініктердің ғылымилығына шек келтірмейміз. Бірақ уақыт озды, бастысы заман өзгеріп, төл әдебиет туралы көзқарасымыз түп-тамырымен басқа арнаға бұрылған шақ­та Абайдың толық шығармалар жи­нағын бүгінгі қоғам сұранысына сай кі­ріспе және толық, әрі мол қамтылған тү­сініктеме сөзімен ауқымды көлемде құ­растырып шығарудың кезі жеткендей. Өйткені өлең тарихына байланысты зерттеу мақалалар, ғылыми айналымға түспеген естеліктер баршылық. Бірақ сол дүниелер жүйеленіп, бір жерге жи­нақталуы керек. Ол әсіресе «Абаймен ру­хани қаруландырамыз» деп жүрген жас ұрпақ – мектеп оқушылары үшін қажет.

Қай ақынның шығармасы туралы ой айтпас бұрын, сол шығарманың шығу тарихына бойлап алмай оны тал­дап түсіндіру бос әурешілік екенін зерт­теуші қауым жақсы біледі. Абай өлең­дерінің шығу тарихы, яғни әр өлеңнің жазылу себебі, әсіресе арнау өлеңдері кімге арналды, оның Абайға қандай қатысы бар, табиғат лирикасы болса қай жылы жазылған, қай жердің, қыс­таудың, я жайлаудың тасы мен ағашын немесе бұлағын суреттеп отыр, осы өлең­ді жазған уақытта ақын қандай көңіл күйде болды, сол шақта Абайдың өмі­рінде қандай оқиғалар болып жатыр еді, міне, осы мәселелерді бақайшағына дейін анықтап алмай, ақын поэзиясы туралы сөз айту – бос әңгіме болмақ. Демек, Абай өлеңдеріне жазылған түсі­нік­тер, сөз жоқ, толықтырылуы және жаңартылуы керек.

Абай поэзиясының көлемді бөлігі – арнау өлеңдер. Жалпы, Абайдың арнау өлеңдері – жеке тақырып ретінде зерт­телуі сұранып тұрған абайтану сала­сын­дағы ең өзекті мәселе...

Ақынның бізге белгілі қырыққа тарта арнау өлеңдері бар. Осы арнаулардың көбі ащы сынға құрылған. Әрине Әбді­рахманға, Оспанға арналған жоқтау­ларын айтпағанда тіпті бәрі дерлік ащы өлең. Бір қызығы, өлең арналған адам­ның бәрі – Абайдың жақсы танысы, танысы болғанда жақын араласқан сыйлас, дос, пікірлес адамдары. Ал сонша алысқан, өмір бойы Абайға қарсы боп өткен Оразбайға, қамшы жұмсаған Нұр­­ғазы мен Әбенге Абай меншіктеп өлең арнамаған. «Қайран сөзім қор бол­­ды, То­бықтының езіне»... олар осы тір­кеске еніп кеткен. «Сөзімді тасыр ұқ­пас, талап­ты ұғар» деген ақынның өлең арнаған ең сорлысының кеудесінде кісі­­ліктің сәу­лесі бар. Бойындағы титтей иманды көрген Абай сөзбен қамшы баса­ды оларға.

Демек, Күлембайдан тек орыс оязы­на жағынып, далақтап шапқан надан болыстың бейнесін ғана көру кеңестік танымның астарында қалуы керек. Ең алдымен, Күлембай болыс – Абайдың дос, сыйлас адамы. Сөз көтере алатын, сынынан нәтиже шығарар есті адамға арнағаны Абайдың өлеңін «дос жылатып айтадының» төңірегінде түсіну керек.

Алайда дос-жаранға, көз көрген танысқа айтқан сөзі тым ащы, тым ауыр, екінің бірі көтеріп кете бере алмайды. Ақынның улы тілі еттен өтіп, сүйекті уатады. Кектескен жауға тілін безеу – бір басқа да, күнде қасыңда жүрген жанға бет шыдатпайтын шындықты айту – бір басқа. Соңғысының салмағы ауыр. Түңлікбай деген құрдасының жеңіл жүрісті әйеліне:

Сен шыққан жол үстіне

жалғыз түп ши

Көрінген ит кетеді бір-бір сарып, –

дегені – жай ғана қалжың емес, ұққан адамға елден бездіретін ауыр сөз. «Абра­лыға» деген арнауында:

Мен жасымнан көп көрдім,

Мұсылман мен кәпірді.

Абралыдай көрмедім

Намаз білмес пақырды, –

дегеніне қарап, Абралыны дін білмес көп наданның санатына қосып жібердік. Ал өлеңнің шығу тарихына бақсақ тіпті олай емес. Бір намазда құранның қиратын дұрыс оқымай, Абай соған шығарған. Ақиқатына келсек, Абралы сөзге шешен, ойға жүйрік адам болғандықтан, ел оны «Сары жорға» деп атаған. Бұл арада Абай сыны достық қалжыңның негізінде туған-ды. Сол сияқты Жақсылық, Көжек­бай дегендерге арнаған өлеңдері де шын достықтың ащы айғағы. Мәселен, Көжек­бай Жамантайұлы (1847-1916) Тобық­тыда Мамай, Еламан руынан, ел арасындағы сөз тасығыш, тұрақсыздығы үшін Абай оны «Кімнің жүгі биік болса, соған қарғып шыққан мысық» деп мысқылдапты. Ұлжан бір себептермен Көжекбайға өкіл шеше болғандықтан, ол Ұлжан балаларына еркелік те еткен. Көжекбайдың інісі Тезекбаймен арасында жерге таласқан дау туып, малды, ауқатты Көжекбай інісіне өктемдік еткен екен. Көжекбай, әкеңнің алдында дауымды шешіп бер, деп Мағауияның аңғалдығын пайдаланып, Абайдан жасырып, оған ел ішінде «Көк бурыл» деп аты шыққан бәйге атын сыйлап жі­­береді. Дау ұзаңқырап бара жатқан соң Мағауия әкесінен даудың немен тынғанын сұрағанда, Абай:

– Көк бурылдың алдына сен, артын­да мен мінгесіп тұрғанымыз жоқ па? – деп қатты кейіп, істі әділіне, Тезекбай­дың пайдасына шешіп беріпті деседі. Сөйтіп «нанымы жоқ, анты бар» Кө­жекбайлардың сазайын сөзбен ғана емес, іспен де тартқызып отырған.

«Рақымшалға», «Қатыны мен Масақ­бай», «Күйісбайға», «Дүйсенқұлға», «Разаққа», «Назарға», «Қыздарға» тағы басқа арнау өлеңдерінің кейіпкерлері Абаймен дос болған демесек те, әйтеуір кетіскен жау болмағаны белгілі. Мәселен, «Байлар жүр жиған малын қорғалатып» деп басталатын өлеңі «Абай жолынан» жақсы таныс Көкшенің биі Қаратай мен оның атшабары Үзікбай дегенге арнал­ған деген дерек келтіреді ғалым Ә.Жи­реншин (Абай және орыстың ұлы революцияшыл демократтары. – Алматы, 1959). Осыған қарап Абай мен Қаратай шешенді араз болды деудің реті жоқ. Сөз ұғар-ау деген кісінің бә­рін Абай өлеңінің қаншеңгеліне алады. «Құдайдан қорықпай, иман жүзін тоз­дырған» Көжекбай, «Күштілері сөз айтса, шыбындап бас изеген» Күлембай болыс, «Бүйтіп берген балаңды, берген құдай өзің ал» деп тентектігінен түңілген Рақымшал, бала, әйелге жарымаған Дүй­сенқұлға, Қайранбайға (Әйелің – Ме­дет қызы, аты – Өрім), қолына біраз пұл біткенге мастанған Ғабидхан мол­да­ның ұлы Ғабидоллаға арналған сати­ралық экспромттар, сықақ өлеңдер арқылы қа­зақ даласының сатиралық типтік бей­нелері жасалды. Ғабидхан молданың баласы Ғабидолла деген саудамен айналысып, бойына біраз қоң біткеннен кейін асқақтап сөйлеп, «Абай, Абай дейсіңдер, сол Абайың кім өзі» дегенге дейін барған көрінеді. Соған арналған Абайдың «Жаз­ғы­тұрым қылтиған бір жауқазын» деп басталатын өлеңі бар. Ғабидолланың со­лай сөйлеп отырған бір мәжілісінде ақын­ның немересі, әрі улы тілді шәкірті Әубәкір отырып, әлгі пасыққа табан астын­да былай деген екен:

 Ит ылықса, болып боқ,

 Танымайды иесін.

 Борбайыңды көтеріп,

 Әр бұтаға сиесің.

 Екі ені бар айғыр да

 Таниды ғой биесін.

 Тыныш жатқан кісіге

 Өзің келіп тиесің.

Бойында Абайдың бетке айтар тура­­шылдығы бар Әубәкір паңсыған Ғаби­долланы көп көзінше осылай тәу­бесіне түсірген екен. Мұның әкесі Ғабит­хан молда жасында солдаттан қашып, Құ­нан­байды паналаған ғой. Өткір тілді Әубә­кір «Ит ылықса болып боқ, танымай­ды иесін» деуі соны есіне салғаны.

Абаймен құрдас, қалжыңдаса беретін Қыздар Абайдың Еркежан үйіне кіргенін қалжың қып:

– Биыл үлкен үйге кірген соң тойып, түйініпсің ғой, – деген сәтсіз қалжы­ңы­­на ыза болып Абай «Қойдан қоңыр, жыл­қыдан торы Бәкең» деп басталатын өлеңін шығарады. Бәкең – Қыздардың руы. Ағат кеткен Қыздар өзін масқара ет­кен өлеңді жалынып сұрап жыртып тастайды. Бізге жеткені ел есінде қал­­­ғаны ғана. Турағұлдың айтуынша «Бол­­­ды да партия» деп басталатын өле­ңі де – Қыздарға қатысты шыққан өлең. Абай мен Қыздар арасындағы аса сый­­­ластық қарым-қатынас жайлы Абай туралы әңгімелерге құлағы қанық Н.Алда­­жаровтың естелік әңгімесінде ег­жей-тегжейлі жазылған (Абай туралы әңгі­мелер.// Жұлдыз, 1992, №1).

Абай сынынан оның жақын-туыс­тары да аман қалмады. Абайдың құда­сы, кейіннен күйеу баласы Дүтбай Уан­­дық­ұлына (1850-1915) арнаған өле­ңі бар. Дүтбай алғашында Абайдың қызы Гүлбаданды інісі Дүйсекеге алып бе­реді де, Дүйсеке қайтыс болған соң, әмең­герлік жолымен Гүлбаданды өзі алады. Абай бұған наразы болған көрінеді. Өйт­кені, біріншіден, Гүлбадан (1862-1932) – көп қазақ қызының бірі емес. Ділдәдан туған тұңғыш қызын Абай ер баладан кем қылмай қалада орысша оқытып, көзі ашық етіп тәрбиелейді. Айта кету ләзім, Гүлбаданмен қоса ауылда қызы Рай­ханды, Ысқақтың қызы Рахиманы, Ызғұт­тының қызы Хадишаны тағы басқа ауыл қыздарын жинап, оқы­туы – Шыңғыс еліне Абайдың әкелген жаңалығы еді... Абайдың рұқсатын алмай келінінің үйі­не кіріп алып, айыпты болып келген Дүт­байға алдарына ет келгенде Абай «бұ­рын бас ұстап, жамбас жейтін құда едің, енді ана төсіңді ұста» деген екен. «Бүксіп, бықсып аржағы» деген сөзімен Дүтбайдың осы бір болымсыз әрекетін дөп басқан ғой ақын.

Мұңды, жылмаң пішінін

Кезек киіп ел жиып, –

жүрген екіжүздінің «Сөзі мен өзі бөлі­ніп» екі сөйлеген мінезін:

Қулық емес, бұл бір дерт,

Тұрлауы жоқ құбылып, –

деп түйеді. Осыған қарап Дүтбайды осал деуге болмас. Абайдың шәкірті Көкбай ақын бір өлеңінде Дүтбай туралы «Дүтім кетсе, Көкшенің құты кетер» деп тегін айтпаса керек. Абай Қоңыр Көкшеде болыс болғанда қасына серіктікке Кү­­лем­бай Бозамбайұлы, Жанатай Жа­ман­­тайұлы (Көкбай ақынның әкесі), Нұрам­бай Күлембайұлы, Дүтбай Уан­дық­ұл­да­рын алған екен. Демек, Абайдың Дүт­байға қарата айтқан сөзін – жанына ауыр тиер іс қылған жақын адамына реніш, өкпе арта сөйлегені деп түсіну керек.

Абай ағасы Тәкежанға да өлең ар­на­ған деген деректі Ә.Жиреншин кел­тіріп, «Байсып, паңсып» деп бастала­тын өлеңді ақынның 1961 жылғы жинағына қосқан. Алайда бұл өлең зерттеушілер тарапынан бірауызды қабылдана қоймаған соң, ақынның басқа жинақтарына енгі­зілмеді. Анығында өлең халық ақы­ны Төлеу Көбдікұлының Қойгелді де­ген бо­лысқа арнаған өлеңі болуы мүм­кін. Олай дейтініміз, Қазақстан ҰҒА-ның қол­жаз­балар қорында Абай жинағына енген 28 жолдық өлеңнің толық нұсқасы, дәлірек айтқанда 48 жолдан тұратын өлең Төлеу ақындікі делініп сақталған (ҚР ҒҰА ОҒКҚ, 688-бума, 1-дәптер). Тө­леу ақын Абай үлгісімен жазуы ықтимал бұл өлеңді.

Тәкежан Құнанбай балала­рының ішін­де адамгершілік жағы­нан осал­­дау туған перзенті. Тіпті құдасы Ораз­­байдың азғыруымен Абайға қарсы шық­­қан кездері де болған. Абай мен Тә­ке­жанның арасы «Абай жолы» эпопея­сында да шындықтан алыс кете қойма­ған. Әйтсе де, Құнанбайдың екі баласы бірін-бірі көрместей өш болды деу әбес­тік. Тәкежан мен Абай арасындағы араздық атағы аспандаған інінің абыройын көре алмаған қытымыр ағаның кикілжіңінен әрі аспаған. Осы кикілжің ел арасындағы дауға келгенде бірде өр­шіп, бірде бітімін тауып жатқан. «Абай жолындағы» Тәкежан үйіне келгенде ту­ған «Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай» өлеңінің шығу тарихы таза өмір­ден алынып, көркем шығармаға арқау болған.

 Әкесі мен шешесі баланы аңдыр,

 О да өзіңдей ит болсын азғыр-азғыр.

 Асын жөндеп іше алмай

қысылады

 Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр,–

дегендегі әке мен шеше – Тәкежан мен Қа­ражан, құрбысынан қысылып, алдын­дағы асын іше алмай отырған – Дініслам деген немерелері.

Келтірілген екі-үш мысалдан бай­қа­ға­ны­мыздай, Абай арнауларының тари­хи сипатын танып-білу сол өлеңді талдауға барар алғашқы да, басты соқпақ екенін естен шығармауымыз керек. Ке­мең­гер ақынның өлең арнаған адамын та­нып-біліп алмай, оның Абаймен ара-қатынасын ұғынбай жалпылық қалыпта Абай сөзіне баға беру, өлеңіне талдау жасау бекершілік екенін ұғынған абзал.

 

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор