Өнер • 17 Шілде, 2020

Шекарасы жоқ шығармалар

448 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде «Айнасыз автопортрет» деп аталатын виртуалды көрме ашылды. Музейдің «Тенгри Умай» заманауи өнер галереясымен бірлескен кезекті жобасы белгілі суретші Рустам Хальфиннің шығармашылығын қамтыған. Экспозицияда қыл­қалам шеберінің 1980-2008 жылдардағы шығармашылық өмір­баянының әртүрлі кезеңдерімен танысуға болады.

Шекарасы жоқ шығармалар

Хальфин – нағыз өнерде ешқандай шекара болмайды деп пайымдаған суретші. Ол еліміздегі жаңа бейнелеу тілдері мен тәсілдерін меңгеруде алғашқылардың бірі болып, өзінің айналасында алғыр зияткерлік орта қалып­тастырды. 1980-ші жылдардың ортасында жұбайы, суретші Лидия Блиновамен бірге пәтерлік көрмелер ұйым­дастырып, заманауи сурет өнері­нің өріс жаюына да сүбелі үлес қосты.

1

 – Оның стилінде түс пен фон, абстракция мен бейнелілік ара­сындағы шекара жойылады. Орыс авангардының соңғы өкілдерінің бірі Владимир Стер­лиговпен, кейі­нірек оның ізба­сарларымен байланыс Хальфиннің шығармашылық дүниетанымының көкжиегін кеңейтті. Ол алдымен кес­кін­деменің көркем көрініс табуы үшін сәулет өнерін зерттеп, ал кейін өзін көкейкесті өнердің өкілі ретінде жа­риялады. ХХ ғасырдың көрнекті философтарының шығармаларын зерттеумен әуес­тенді. Атап айтқанда, француз пост­модернизм философтарының еңбектері оны өз денесін зерттеуге итермеледі. Кескіндемедегі зерттеу жұмысы Хальфинді алдыңғы дәуірлердегі кескіндеме саласындағы үлкен жетістіктерді түсінуге тартты. Оның еңбектерінде Матисс, Сезанн, Малевич, Веласкестің шығар­маларына сілтемелер бар, дейді өнер­танушы Екатерина Резникова.

1

Көрмедегі «Айнасыз автопортрет» топтамасына біріктірілген   кө­рі­ністік адам мүсіндері бір қара­ған­да түсініксіздеу көрінеді. Сала маман­дарының сөзінше, бұл туындылардың да өзіндік философиясы бар. Ондағы сызықтардың кескіні қол мен жамбас­тың иілісін, айналадағы әлемнің ері­гіш формаларымен «көз кескінін» біл­діреді. Заттар мен құбылыстардың жасырын мәнін түсінуге ұмтылу, болмыс заңдылықтарын интуитивті білу, суретшінің өзі оның бір бөлігі болып табылатын ғаламның көркем моделін іздеуге жетелейді.

Сопақ-күмбезді жүйенің әсерінен жасалған кескіндеме – таза эксперимент, онда пейзаж кеңістігі нысан-ортаны, кеңістік пен түсті ба­қы­­лауға арналған өріске ауысады. Мұн­­да зат­тар өз тығыздығын жо­ғал­тады, сал­­мақсыздыққа ие болады. Қа­лып­тасқан жолмен жүруді жет­кілік­­сіз деп санаған шебер Малевич пен Стер­лиговтың идеяларын дамыта түскен.

Көрмеде «Суретшінің терісі» жо­басының бірнеше инсталляциясы ұсынылған. Хальфин мен оның серіктестері түрлі материалдардан жа­са­ған артефактілер топтамасы жыл сайын оңып кететін болған. Көркем емес материалдар қолданылған бей­нелі туындылардың авторлық интер­претациясы шынайы визуалді пікір­лер тудырады.

 

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар