Пікір • 17 Шілде, 2020

Жоғары жауапкершілік жеңеді

544 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлем әбігерлі. Дүние дүрлігулі. Мылтықсыз майдан, індетіп келген індетпен соғыс жүріп жатыр. Коронавирусқа шалдыққандар 13,5 миллионнан, бақилық болғандар 600 мыңнан асып барады.

Жоғары жауапкершілік жеңеді

Кейбір мемлекеттерде онда­ған мың адамдар шейіт кетті. Өркениеттің өрінде, табыс­кер­ліктің төрінде саналатын Аме­ри­ка Құрама Штаттарының өзі шат­қаяқ­тай шайқалып кеткенін көріп-біліп отырсыздар. Ұлы­бри­тания, Франция, Италия мен Испания қатты қиналыста. Латын Америкасының ахуа­лы анау. Үндістан үрейде. Қытай қа­пы­лыста.

Өкінішке қарай, қайран Қазақ­станда да қараулы індеттің қар­ма­ғына қармалғандар 63 мыңнан, қайтыс болғандар 380-нен асты. 1916, 1932, 1937-38 жылдарғы қолдан жасалған қырғындарда 4,5 миллионынан айы­рылып, қасқа жолдан қайырылып қал­ма­ғанда 40 миллионға жетер едік-ау деп күрсінесіз. Бір қазақ туса бар қазақ қуанатындай, бір қазақ қаза тапса бар қазақ қай­ғы­­ратындай күйдеміз ғой, айн­а­ла­йындар. Мына пандемия жал­маған жандардың жақын­да­­рына қаламгерлердің атынан қай­­ғырып көңіл айтамыз. Шейіт кет­­кендердің о дүниелерін берсін Жаратқан.

Мамыр айының ортасына таман еліміздегі төтенше жағдай ре­жімі аяқталғанда Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық жағдаяттарды таразы­ла­ды. Коронавирус пандемиясы әлемдік рецессияның басталуына себеп болды. Тіпті ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа да алып келуі әбден мүмкін. Тұтас салалар тоқырауға ұшырап жатыр. Төрт жүз миллионнан астам кәсіпорын банкрот болудың алдында тұр. Дүние жүзіндегі ең­бек­ке жарамды халықтың жар­ты­сына жуығының табысы тоқы­рады. Сарапшылар жаһан эко­номикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге төмен түсе­ті­нін болжап отыр... Міне, шым-шытырық, шытырман соғыс – мылтықсыз майдан емей, немене.

Сол жиында Президентіміз ел алдындағы міндеттерді ерек­ше­­леді. Талдады. «Қаржы ре­зер­ві жеткілікті және мемлекет қа­рызының көлемі мүмкін­ді­гі­міз­ге орайлас. Ең бастысы, біз жаңа ахуал жағдайында жұ­мыс­пен қамтамасыз ету және эко­но­микалық тиімділікті арттыру үшін ресурстарды қайда, қа­лай жұм­сау керектігін білеміз», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ха­лық­­тың өмірі мен денсаулығын сақтау, азаматтардың табысын арт­тыру, бизнесті қолдау, білім мен ғылым жүйесін жетілдіру жол­дарын саралады. Дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі да­му­дың басымдықтарын даралады.

Одан кейін де Президентіміз бірнеше мәрте мәніске толы мә­лім­­демелерін жариялады. Ха­лық­­қа қолдау көрсетудің жолда­рын жүйеледі. Сөз бен істің бір­лі­гіне жетудің тапсырмаларын нақ­ты­лады. Тікелей өзі бақы­лау­ға алды. Жалпы, азаматтар мен биз­нес­ті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай кө­мек көрсетілді. 1 миллионнан аса азаматқа азық-түлік пен тұр­мыс­тық заттар үлестірілді.

«Халықсыз экономика бол­май­­­ды, ешкім де мемлекет­тің наза­рынан тыс қалмайды. Ден­сау­лық сақтау мен білім беру сала­­ларын, мемлекеттік бас­қа­ру­ды түбегейлі өзгертеміз», деді Президент. «Халық үніне құ­лақ асатын мемлекет» тұ­жы­рымдамасын жүзеге асы­ру­дағы қадамдар аса құп­тар­лық. Бейбіт жиналыстар туралы заң қа­былдауды да Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Тоқаев­тың тікелей өзі ұсынды ғой.

Айтып та айтпай не керек-ай, 2019 жылғы Әз Наурыздың ертесіне Президент ретінде Түркістанға алғаш келген Қасым-Жомарт Кемелұлы сабақтастық, әді­леттілік, ілгерілеу туралы ізг­­і­лік ұстанымдарын тұңғыш мәр­те мә­лімдеген еді. Сол сөзін іспен дә­лелдеп келеді, аға­йындар. Бү­гін­де Түркі ел – Түр­кі­лер төрі Түр­кістан шаһары бір кездегі Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан сияқ­ты ай сайын ажарлана түсуде. Сәл көрмесеңіз, танымай қаласыз. Аллаға шүкір, Тәуел­сіз­дікке тәубе, Арыс апа­тының алапаттары жылға жетпей жөнге келді. Биылғы Мақтааралдағы тасқын зардаптары жойылып, жаңа ауылдар мен жайнаған кенттер көше түзеп, бой көтере бастады. «Нұр-Сұлтан – елдің жүрегі, Түркілер төрі Түркістан – тірегі, шұғылалы Шымкент – реңі» - десетіндер көп қазір.

Өкінішке қарай, соғыстың аты со­ғыс. Коронавирус соғысы шы­ғын­дарға ұшыратып жатыр. Ләйім, Жаратқан Ие жар болғай. Күні кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы қазіргі ахуалға, атқарылар міндеттерге терең де ерен талдаулар жасады. Кемшіліктерді жасыр­мады. Ащы да болса ашып к­өр­сетті. Тапсырмаларды тү­ген­деп, тәптіштей түсіндірді. Та­лап­шылдық пен тәртіпті, жа­уап­к­ершілікті қатайтатынын қай­­та­лай қағидалады. Айтыл­ма­ған нәрсе қалмады. Ұлт болып ұйыса білсек, барлық мақсаттарға қол жететіні де айқын айрықшаланды. Құдай қаласа, мына мылтықсыз майдандағы жеңіс те жақындай түсер.

Осынау таза тілек пен көркем ниет баршамыздың жан-жүре­гі­мізден жарып шықса дейміз. Осындай сын-қа­тер­лі шақтарда, кезенейлі ке­зең­дерде біз жаһандық Екін­ші Ұстаз Әбу-Насыр Әл-Фара­биге, ізгілік ілімдерінің ізашары, шан­доз шайыр Ахмет Ясауиг­е, Адам­заттың Абайына жүгін­ге­ні­міз жөн. Әбу Насыр бабамыз қайырымдылықты бәрі­нен биік қойған. Әрбір адам­ның, әрбір әулеттің, әрбір көшенің, әрбір ауыл мен әрбір қа­ланың қайырымдылығы мен көркемниеті бүкіл адам­зат­тың амандығына апарады деген. Адамгершілік асыл қасиет­тердің бар-баршасын қайырым­ды­лыққа жатқызған. Ал Ахмет атамыз: «Іштерінде қулық тол­ғандардың, кеуделерінде ар-ұят солғандардың жү­рек­тері тебіренбейді», деген. Құнан­бай­ұлы: «Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт тыныш­тық көрсе, сәтке тұрмай ты­ныш­тықтан жалыға қала­тұ­ғыны қалай?!» деген.

Айналайындар, әлеуметтік желінің әлеуеті күшті, әділет­ті­лікке, шындыққа жетпекке жетелейді. Алайда әлеу­мет­тік желіңіздің әлеуметті әуле­кі­лендіріп, әсіреңкілендіріп әке­те­тін кеселдері де коронавирус­тан кем соқпайтын секілденіп барады-ау. Осы орайда тағы да Абай­ға жүгінген жөн-ақ.

«Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай тынбайтұғыны қалай?!»

«Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, егер сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі не көзі алаңдап отырады. Енді не қылдық, не болдық?!».

Ай, айналайын Абай-ай! Әлеу­меттік желінің әулекілік жа­ғына жанын салатындарды дәлме-дәл діттеген даныш­па­ны­мыз-ай! Демеске лажыңыз қалмас.

Шаруаға пысық, кәсіп пен нәсіпке пысық болмақтың, өнер­дің өріне өрлемектің орнына, ақылға бірлік, білімге бірлік, ғылымға бірлік жасамақтың орнына пәле шығаруға пысық, өнерлілерді күндеуге пысық, өсек-өтірікті жиып-теріп, елге жаймаққа, бүлдір­мек­ке пысықтарды шебер ше­нейді-ау, айналайын Абай. «Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек; періште төменшіктеп, қайғы жемек», деп түйіндейді.

­Абай айтқан кесел-кесапаттар бүгін де бүлдіруі бек бәл­кім. Қазақ быт-шыт болса, Қа­зақстан быт-шыт болса, бұ­тар­ла­нып, бөлініп, бүлініп кетсе деп көксейтіндер көп. Іші­міз­де де, сыртымызда да. Он­дай кесел-кесапаттарды жоғары жа­уапкершілік жеңе­ді. Ұлт ал­дын­дағы, ел алдын­да­ғы Тәуел­сіздік ал­дын­да­ғы жоғары жауап­кер­ші­лік.

 

Мархабат БАЙҒҰТ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызмет» сыйлықтарының лауреаты

 

Түркістан облысы