Аймақтар • 21 Шілде, 2020

Көп көмегі кеселдің бетін қайтарады

436 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылордада індетті болдырмау шараларына көпшілік те көп үлес қосып отыр. Аз уақыт ішінде облыс орталығының өзінде кәсіпкерлер мен қайырымдылық шараларынан қалыс қалмаған тұрғындардан жиналған 38,3 млн теңгеге 45 дана оттегі концентраторы, 2 мыңнан аса оттегі баллоны алынып, емдеу мекемелеріне таратылды. Оны жеткізумен еріктілер айналысуда. Осылайша сырбойылықтар жұрт жұмылса, дерттің де дендемейтінін дәлелдеп отыр.

Көп көмегі кеселдің бетін қайтарады

 

Журналистер жәрдемі

Дерттің дендемеуіне барлық сала өкілдерінің үлесі бар. Осы бағыт­тағы шараларды насихаттап жүрген журналистер де қайы­рым­дылық шараларынан шет қал­ған жоқ. Облыстық ішкі сая­сат басқармасына қарасты «Сыр медиа» серіктестігінің ұжы­мы коро­на­вирусқа қарсы кү­рес­ке бір күндік жалақысын аудар­ды.

Әріптестеріміздің біркүндік жа­ла­қысынан жиналған қаржы 1 млн теңгеге жуықтапты. Оған об­лыс­тық медицина орталығы оттегі аппаратына қажетті құрал­дар­ды сатып алған. Жақсылық жа­сауға жұмылған журналистер ара­с­ында еріктілер қатарында емдеу мекемелеріне көмек көрсетіп жүр­гендер де жоқ емес.

Осы ай басынан бері серік­тес­­тіктің 3 қызметтік көлігі қала аума­ғындағы емханаларға, ауру­ха­наларға оттегі баллондарын жет­кі­зу­­мен айналысып жүр.

 

Құрылысшылар қайырымдылығы

Жуырда аймақтағы құрылыс­шы­лар ассоциациясы коронавирус дертімен күресіп жүрген дәрі­герлерге 32 оттегі концентраторын алып берді. 16 құрылыс компа­ния­сының көмегімен алынған құрылғылардың 10-ы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына,7-і қалалық ауруханаға, 15-і аудан­дар­дағы емдеу мекемелеріне табысталды.

Жалпы, қайырымдылық шараларына үлес қосып жатқандардың қатары қалың. Өткен апта соңында «Шалқия Цинк ЛТД» ЖШС кәсіпорнының демеушілігімен Жаңа­қорған ауданаралық ауру­ха­­насының жұқпалы аурулар бөлі­мін­дегі провизорлық стацио­нар­ға VG70 маркалы 2 жасанды тыныс алу қондырғысы жеткізілді. Бұл медициналық аппарат электр қуаты сөнген жағдайда аккуму­лятор арқылы 30 минутқа дейін істеп тұрады. Сондай-ақ кәсіпорын өкілдері дәрігерлерге арнайы сақ­тық қорғаныш киімдерін, пульсоксиметр мен дәрі-дәрмектер табыс­тады. Жақын күндері аурухана берген тізім бойынша өте қажетті препараттар тағы жеткізіледі.

 

Кәсіпкерлер де еріктілер қатарында

Қайырымдылық шараларына үлес қосумен қатар еріктілер сапында еңбек етіп жүрген іскер азаматтар да бар. Қиналған жұртқа қол ұшын беруді парыз санайтын көбі өздерінің аттары аталғанын да қаламайды. Іскерлерді игі іске жұмылдыруда облыстық кәсіп­кер­лік палатасы жүйелі жұмыс істеп отыр.

– Қазіргі жағдай қай салаға да жеңіл болып тұрған жоқ. Бизнес өкілдері шаш-етектен шығынға батқанына қарамастан тұрғындарға көмек қолын созып жатыр. Соның бір айғағы, кейінгі айда «Абай-Дәулет» ЖШС, «Абзал және К» ТС, «Ақтөбе и К» ЖШС, «Шыңғыс ЛТД» ЖШС, «КВАНТ» ЖШС науқастар мен медицина мекемелерін тегін дәрі-дәрмекпен, қажетті оттегі құ­ралдарымен, оны таситын көлікпен, азық-түлік­пен қамтамасыз етіп жатыр. «Қызылорда», «Бәй­терек» қонақ­үйлерінде медицина қызмет­кер­лері тегін жатын орын мен та­мақ­пен қамтамасыз етілуде, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов.

 

Қызылорда облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20