Аймақтар • 22 Шілде, 2020

Жаңаарқалықтар ауруханаларға бес тонна қымыз жеткізді

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңаарқа ауданының ұйымшыл жастары облыс орталығындағы медициналық мекемелердің қызметкерлері мен емделушілер үшін бес тоннадан астам қымыз жинады, – деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңаарқалықтар ауруханаларға бес тонна қымыз жеткізді

Бұл игі істің бастауында аудандық жастар ресурстық орталығының коронавируспен ауыратындарға көмек көрсету бойынша көтерген челленджі тұрды.

Жастардың бастамасын аудан халқының белсенді түрде қолдағанын айта кеткен ләзім. Мысалы, өткен жұмада аудандағы Ералиев ауылының тұрғындары кеншілер астанасындағы төрт ауруханаға 1 тонна қымыз бен 200 кило құрт жеткізді. Осыншама мөлшердегі қымызды ауыл тұрғындары бір күннің ішінде жинаған екен. Бұл игі істі ұйымдастырудың басы-қасында Ералиев ауылының тұрғыны Ерлан Түсіпов жүріпті.

"Қазақ қымызының мыңдаған ауруға шипа екендігі ежелден белгілі. Біз науқастардың ауруды жеңуіне көмек бергіміз және коронавируспен күндіз және түнде күресіп жатқан дәрігерлерге қолдау көрсеткіміз келді. Жаңаарқаның бал қымызы барлығына күш-қуат беріп, ауырғандар тезірек емделіп шықса деген тілек бар!", – дейді ол ағынан ақтарылып.

Ал жеке кәсіпкер Қайрат Өмірбеков шипалы сусынды Қарағандыға тегін жеткізіпті.

Жаңаарқа ауданының жомарт та белсенді жастары облыс орталығымен ғана шектеліп қалмай, Жезқазған, Теміртау, Сәтбаев, Абай қалаларының, сондай-ақ, Нұра мен Жаңаарқа аудандарының ауруханаларына бес тоннадан астам қымыз, бір тоннаға жуық құрт, ірімшік және саумал жинап, жеткізіп берді.

7777

Бұдан бөлек, аталған ауданда құрбандық шалу рәсімдері өткізіліп, ірі қара малдың еті мұқтаж жандарға таратылып берілді.  Сонымен қатар, аудандағы ауруханаларға тұрғындар атынан ыстық тамақ жеткізілді. Жаңаарқалықтар бұл жақсы істердің алдағы уақытта да жалғасын табатынына бек сенімді.

 

 

Қарағанды облысы