Аймақтар • 22 Шілде, 2020

Ерлердің ісі еселене түсуде

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстіктің бір топ абзал азаматтары бір жұтым ауаға зар болып, қиналып жатқан жерлестерін құтқаруға қол үшін беру үшін "Зекет" қорының облыстық филиалына кәсіпкерлерден, жалпы халықтан, жамағаттан ақша жинап, осыған дейін 36 концентратор әпергенін БАҚ жазған. Бүгін Екатеринбургтен зулатып отырып, тағы да 25 концентратор мен 73 пульсоксиметр аппараттар келіп жетті, - деп жазады Egemen.kz

Ерлердің ісі еселене түсуде

"Зекет" қорының маңына топтасып, бар істі ұйымдастырып жүрген облыстың бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай, іскер азаматтар Сермағанбет Оралұлы мен Нағашыбай Барлыбаев және т.б. қордағы қалған ақшаны құрастырып, тағы да осы аппараттардың құнын жіберген еді. Бұл жолы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қабдырахман Сақтағанов «пульсоксиметр керек еді» деп сұраған соң, қолдағы қаржыларын есептей келіп, өздері де қалталарынан қосып, әйтеуір 73 пульсоксиметр деген шағын аппаратты алуға ақша жіберген. Ол адамның бойындағы оттегінің көлемін анықтайтын, шағын ғана, саусаққа кигізілетін құрал. Бірақ өзі шағын болса да бағасы удай: біреуі 38,5 мың теңге...

Жігіттерге осыларға қажетті барлық ақшаны бірден жауып жіберу оңай болған жоқ. Біздегі бюрократиялық банк жүйесінің тәртібі бойынша бір тұлғаға бір жолы 20 млн теңгені ғана есепшоттан айыруға рұхсат бар екен. Екінші рет алу үшін арада белгілі уақыт өтетін қылып қойыпты. Бірақ соған қарамай, жігіттер әріптестерінен қарызданып жүріп, ақшаны уақытында тауып жіберген...      Сонымен кеше келген 25 концентратор былай бөлінді:

Облыстық аурухана – 15 дана; Ақжар аудандық ауруханасына – 3; Бескөл аудандық ауруханасына – 3; Мамлют аудандық ауруханасына – 2; Кардиологиялық орталыққа – 2;

Ал пульсоксиметрлер былай бөлінді: облыстық ауруханаға – 40 дана; Ақжар аудандық ауруханасына – 15 дана; Бескөл аудандық ауруханасына – 10 дана; Мамлют пен Есіл аудандық ауруханаларына үш-үштен – 6; Кардиорталыққа – 2 дана;

Осынша аппарат бүгіннен бастап, қызмет істеп, мұхтаж жандарға пайдасын тигізіп жатыр. Барлығы 61 концентратор мен 73 пульсоксиметр талай адамды ажалдан арашалар деген үміттеміз. Өзге шаруалары бастан асып жатса да осыны ұйымдастырып, зыр жүгіріп жүрген саналы азаматтардың ісіне Алла сауабын бергей!

ҚЫЗЫЛЖАР