Қазақстан • 22 Шілде, 2020

Экология министрлігі Waste to energy технология бойынша заң жобасын әзірледі

544 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл технология қалдықтарды өртеу арқылы электр энергиясына айналдыруды қамтамасыз етеді. Министрлік келесі жылы осындай зауыттарды салу үшін аукциондар өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлады бүгін Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев Нұр-Сұлтандағы брифингте.

Экология министрлігі Waste to energy технология бойынша заң жобасын әзірледі

"Мемлекет басшысының "Waste to energy" технологиясын заң жүзінде енгізу туралы тапсырмасына келетін болсақ, министрлік тиісті заң жобасын дайындап, оны Мәжіліс мақұлдады. Ол күзде Парламент Сенатында қаралады, - деді министр. - Мен бірнеше рет атап өткенімдей, бізде орта есеппен, бүкіл республика бойынша қалдықтарды қайта өңдеу үлесі өте төмен. Барлығы 15%. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 2 есе жоғары - орташа есеппен 30%. Жасыл экономика тұжырымдамасы бойынша біз 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 40%-ке жеткізуіміз керек".

Алайда, министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстандағы қоқыс шығару тарифі төмен әрі қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мен жою шығындары ескерілмеген. Сондықтан бұл салаға жеке инвесторлар келе қоймайды.

Осы ретте "Waste to energy" технологиясы жеке инвесторларды қызықтыруы мүмкін. Себебі, қалдықтарды жағу нәтижесінде электр қуаты өндіріліп, жалпы электр жүйесіне сатылады. Келесі жылы біз осындай зауыттар салу үшін инвесторлар арасында алғашқы аукциондар өткізуді жоспарлап отырмыз. Кім электр қуатының ең төмен бағасын ұсынса, сол аукционның жеңімпазы болады», - деді министр.

Сонымен қатар, заң жобасында бұл қоқыс өртейтін зауыттардың «Өнеркәсіптік қалдықтар туралы» Еуропалық директивасының талаптарына сәйкес жұмыс істеуі көзделіп отыр. М.Мырзағалиевтің айтуынша, Еуропада мұндай зауыттардағы қалдықтардың көрсеткіші төмен. Мәселен, Венада Шпиттелау қоқыс өртеу зауытында диоксиннің қалдықтарыжылына 1 грамм ғана.

«Біз осындай зауыттарды республиканың 6 пилоттық қаласында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл Ақтөбе, Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан, Тараз және Шымкент қалалары. Болашақ инвесторлармен жұмыс басталып та кетті. Қазіргі уақытта біздің министрлік бұл мәселені әкімдіктермен жер учаскелері, инфрақұрылым және қалдықтарды кепілді тиеу бойынша пысықтауда», - деді Мағзұм Мырзағалиев.