Пікір • 23 Шілде, 2020

Жоғары сана, жасампаз рух, мықты тәртіп болса...

1157 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әрбір адамның бойында жоғары сана, жасампаз рух, мықты тәртіп болу керек. Әсіресе, бүгінгідей ел басына күн туған кезеңде бұл қасиеттер аса қажет. Бүкіл әлемнің әлін келтірмей, еркіндігін тұқыртып отырған мынау пандемия уақтысы – адам баласының нағыз ойланатын тұсы.

Жоғары сана, жасампаз рух, мықты тәртіп болса...

Бұл қатерлі індеттің Қазақ­стандағы жағдайына байланысты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев елі­не жанашыр, халқына қамқор бас­шы екенін көрсетіп-ақ келеді. Өзінің ақыл-күшін осы індеттің беті қайтуына жұмсап, үкіметке, әкімдерге, басқа деңгейдегі бас­шыларға тапсырма беріп, оң нә­тижесіне мүдделі болып отыр­ған жағдайы бар.

Қай халық, қай ұлт өкілі болса да Құдайдан қорқып, патшадан ығып, елдің заңына бағына білгені абзал. Бұл кезең енжарлықты, бос көңілділікті, әрекетсіздікті көтермейді. Қазір халықтың тас­түйін бірлігі мен ынтымағы керек. Қайткенде де қайрат тауып, коронавирусқа тосқауыл қою керек. Күн сайын естіп отыр­ғаны­мыздай, қатерлі індеттің өршіп тұрғаны – тым қауіпті. Ұлан­ғайыр даламыздағы 19 миллион халықтың саны жағынан бұдан әрі азайып кетуі – нағыз апат. Құдіреті күшті, мейірімі шексіз Алладан елдің амандығын, қа­зақтың қауіпсіздігін сұрайық.

Патша – біреу, қалғаны оған тіреу. Күн сайынғы айтылып жатқан нұсқауларды мүлтіксіз орын­дау – көпшілік қауымның міндеті. Қамығу, торығу, үрей туғызу пайда бермейді.

Әрбір адамның ішкі күрес­керлік рухы мықты болу керек. Қайтсек өзімізге, отбасымызға, жақынымызға, ауыл аймаққа, елге, ұлтқа, ұрпаққа  «зиянымызды тигізбейміз?» деген сұрақ – бұл күннің басты сауалы да, талабы да.

Дертті жұқтырған отандас­тарымыздың дәрі-дәрімекке, дәрігерлік көмекке зәру болуы – алабөтен әңгіме. Көп жайтқа бәріміз де кінәліміз.

Біз адамгершілік, имандылық, мейірім, жаңағы айтқан тәртіп пен сана, т.б. адами құндылықтардың құлдырап бара жатуынан да осындай кеселге кезігіп отырған жоқпыз ба?! Ойланатын уақыт жетті, ағайын. Жерді, суды, мұхитты бүл­діріппіз. Аспанды ыс түтінге тол­тырыппыз, табиғатты аялай білмеппіз. Отбасының берекесін, шаңырақтың шаттығын, бала тәрбиесін алдыңғы орынға қоятын ғасырлардан келе жатқан қастерлі салтымызды үкілеп ұстай алмаппыз. Жаратылыс заңдылықтарына лайықты көңіл бөлмеппіз. Ендігі жерде ел болып, жұрт болып қате­мізді түзеп, қасіреттен құты­лу­дың жолын іздейік.

Кемеңгер Төле би атамыз айт­пақшы, «Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» болайық. Бірлік пен тәртіп, сенім мен жігер әлсіремесін. Президенттің ізгі ниет-пейіліне, арды ойлаған әре­кетіне қолдау көрсетейік.

Дүниеге жаңа сана, парасатты пайыммен қарайық.

 

Күләш АХМЕТОВА,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты