Пікір • 23 Шілде, 2020

Президенттің парасатына сенеміз

333 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Пандемияға айналған вирустың емін табу қиын, қаза көп! Мұндай ерекше зобалаң кезінде кімге сенеміз?! Әрине, Құдайға сенеміз. Бірақ «ауруды жаратқан – Құдай, ауыртқан Құдай емес». Демек, әрқайсымыз өз-өзімізге сенеміз! «Өзіңе сен! Өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап». Үрейіңді жеңе білуің мен сақтана білуің де сол сенімнің ішінде.

Президенттің парасатына сенеміз

Бес күндік ғұмырың – базар мен мазар арасындағы жол. Сол жол үсті, әркімге торқалы тойда «қу бас домалата» алмағанын да, топырақты өлімде «ой, бауырымдап» қалмағанын да сүйекке таңба санатар ұлы салты бар, «өлімнен ұят күшті» ұстанымына берік, ожданы биік халқымызға сенеміз! Жер-жерде жоқтан бар жасап, ажал алдындағы адамдарға жаппай жанталаса тегін көмек көрсетіп жатқан қарапайым ұлдарымыз мен қыз­дарымыздың жасампаздығы да – қазақ арлылығының құдіреті! Төбесінен мың ұрғанды маңдайынан бір сипағаны үшін де кешіре салатын аңғал-аңқылдақ қасиетіміз де бар ғой, сонымен қатар «өткелде ат ауыстырмайды» қағидасын ескере отыра, қамсыздыққа салынған қайран үкіметіміз бен облыстар әкімдіктеріне де сенгіміз келеді. Олардың да әлеуметтік сын қыспағында пандемияға қарсы көрсетіп жатқан шапшаң да шалт қимыл-әрекеттерін байқап отырмыз. «Игіліктің ерте-кеші жоқ». Вирусологиясы мен эпидемио­логиясы кенжелеп қалған елде ардақты­ларынан айырылып жатқанына қарамас­тан, өлімге бас тіккен, ол үшін арнайы төленер ақылардың берілмей жатқа­нына да мәу деместен, мамандығын адам­дығы асқақтатқан дәрігерлеріміздің жанқиярлық еңбегіне сенеміз! Мың да бір рахмет айтамыз! Әсіресе, қауіптілігі жағынан атомдық жарылыстың радиациялы аумағынан бірде-бір кем емес емханаларда, оттай жанған медициналық скафандрлар ішінде күндіз-түні тұншыға жүре, салмағы батпандай оттегі баллондарын  жоғары-төмен тасып, ем жасап, білекталды-белүзді азапты бастарынан ұдайы өткеріп жүрсе де, еңбегінің онша еленбесіне де реніш білдірмей келе жатқан аяулы мейірбикелер мен санитарларға сенеміз. Оларға деген алғысымыз шексіз.Жанын шүберекке түйе зыр жүгіріп жүрген айналайын еріктілерге сенеміз! Бәрін айт та, бірін айт, Мемлекет басшысы ретінде тағдыры ел пешенесіне жазылған; Алаш алдында ант беріп те үлгермей жатып, Арыс қаласындағы техногендік орасан апатпен, дүнгендік-ұйғырлық қырсық оқиға­лармен, Түркістан облысындағы су апаты және оларға жалғаса жеткен жой­қын тәжтажал індетімен де бетпе-бет кел­геніндегі аса зор жауапкершілік таныта білмегі, әр қиындыққа орай мүлтіксіз ше­шім шығармағы, Фарабидің – 1150, Алтын Орданың – 750, Абайдың 175 жылдық мерейтойларын абыроймен өткі­зудегі әлемет жұмыстар барысын мұ­қият қадағаламағы және бір­ ме­зетте сыртқы саясатты да кемел ой­ланып-толғанбағы, аз уақыт ішінде соның бәрінің таудай сал­мағы бір өзінің қыл­ша мойнына түссе де, еш қажымаған Прези­дентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақыл-парасатына сенеміз.

Халық дегеніміз тұла бойы тол­ған көзден тұратын Аргус секілді, бәрін көріп-біліп отыр. Еуразиялық эко­номикалық кеңестің кезекті отырысында Ресейдің империялық амбициясына тойтарыс берілді, пандемияға қарсы тө­тенше жағдай режімі жарияланды, ас­танадағы отшашу секілді қателіктер ес­керіліп, Қаралы күн белгіленді, «СҚ-Фармация» былығы дереу әшкереленді, басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалды, індетті жоюға бөлінген аса көлемді қаржының қайда кеткені шапшаң тексерілуде, жаназалар үстінде жаппай сауда жүргізген дәріханалық арсыздар жауапқа тартылып, дәрі-дәрмек жетіспеушілігі жойылуда, тұмшан (мас­ка) шығаратын жүздеген цех іске қосылуда. Үкіметке деген екіапталық қатаң талапқа орай, елдің түкпір-түк­пірінде әлеуметтік көмек, экономиканы құлдыратпау амалдары сынды қайыры мол қарқынды әрекеттер жасалуда. Індеттің беті қайта бастады. Қашықтан онлайн оқыту жұмыстары барысында «Цифрлы Қазақстан» жобасының жалғандығына қарай, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиев қызметінен алынды, Денсаулық сақтау министрлігіне жаңа басшы келді. Ол өзгерістер де Президентіміздің «Мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру» идеясының бастамасы ретіндегі алғашқы нәтижелер деп білеміз. Ал жылдар бойы қордаланып қалған саяси-әлеуметтік, экономикалық мәселелердің Президент ұйғарымымен құрылған Ұлттық қоғамдық кеңесте дүркін-дүркін талқыға түсуі мен телеарналарда қоғамдық-саяси ток-шоулардың тікелей эфирде ұйымдастырыла бастауы да – Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына орайғы әуелгі әділетті тірліктер. Со­ның өзі сөз бостандығы қақын асыра пай­­да­­ланудың жабайы трибунасына да айналған әлеуметтік желілердегі дауасыз демагогияның, төңкеріске үндеудің, қоғам қайраткерлерін жөнсіз ғайбаттау мен жалған ақпарат таратудың, «5G қатері» мен «Билл Гейтс вакцинасы» секілді қауесеттермен қоғамда үрей ту­ғызушы психодиверсияның, т.с.с. кесапаттардың аптығын да басарына дау жоқ. Індеттің бетін түбегейлі қайтаруда «Біз біргеміз!» қоры мен челленджі де өз септігін тигізер. Бірақ болашағымыздың жарқын болмағының кепілі ретіндегі халық бірлігінің негізі – мемлекеттік идеология, оның негізі – мемлекеттік тіл. Тіл бірлігі болмай, ел бірлігінің болмасы – аксиома. Президентіміздің «Қазақ тілі – ұлтаралық тіл боларға керек!» деген мәлімдемесі де болашақта болар үлкен рухани өзгерістердің анық белгісі.

 

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты