Аймақтар • 23 Шілде, 2020

Батыс Қазақстанда алты айда 77 пара алу оқиғасы тіркелді

489 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлық қылмыстары өткен жылғы деңгейден азаймай отыр. Тіпті індет кезінде халық дәріханадан дәрі-дәрмек таппай жүргенде, қымбат препараттарды жасырын сатушылар да кездескен, деп хабарлайды Egemen.kz

Батыс Қазақстанда алты айда 77 пара алу оқиғасы тіркелді

Батыс Қазақстан облысында 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығы ішінде сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі туралы есеп берген Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Самет өңірде алты ай ішінде 98 қылмыс тіркелгенін айтты. Яғни, мұндай қылмыстар өткен жылғы деңгейден азаймай отыр.

Тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстардың басым бөлігі парақорлықпен байланысты. Сондай-ақ ұрлық пен алаяқтыққа қатысты 20 қылмыс анықталған. Тергеу орындары барлығы 120 сыбайлас жемқорлық қылмыстық істі қарап, оның 66-сын сотқа жолдады. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 21 тұлға сотталды. 2 адам бас бостандығынан айырылып, 1 адамның бас бостандығы шектелді. 18 тұлғаға жалпы сомасы 27 миллион теңгеден артық айыппұл салынды. Тергеуі аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген зиян жалпы мөлшері 612 млн. теңге болса, оның 99,3%-ы, яғни 607,7 млн. Теңгесі өтелген.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен құқық қорғау органдарына дәріханаларда өмірлік маңызды дәрі-дәрмектер бағасының негізсіз көтерілу фактілеріне жол бермеуді тапсырған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет орындары осы бағытта бірқатар ауқымды жұмыс атқарды. Атап айтқанда, карантин кезінде өңірде фармацевтикалық қызметтің дұрыс жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында облыстық және аудандық деңгейлерде арнайы мониторингтік топтар құрылды. Олтоптар облыс көлемінде 300-ден астам дәріханаға мониторинг жүргізді", - дейді Нұрдәулет Ілиясұлы.

14 шілде күні департаменттің кезекшілік бөліміне карантин кезінде Орал қаласының дәріханаларында жоқ ингавирин, цефтриаксон, азитримицин сынды дәрілік препараттарды заңсыз сатып жүрген азамат туралы арыз келіп түскен екен. Сол күні-ақ ақпарат тексеріліп, мамандар белгісіз азаматтан 5 қорап ингавирин, 5 қорап азитримицин және 38 ампулацефтриаксон дәрісін 66 830 теңгеге сатып алған. Осылайша ақпарат дәлелденді. Алыпсатар қолға түсіп, оған Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылған.

"Қазіргі кезде алыпсатарға лицензиясыз қызмет көрсету бабы бойынша айыппұл салынды. Ал тіркелмеген препараттарды саудаға салу бабы бойынша іс сотта қаралуда", - дейді департамент басшысының орынбасары.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, covid-19 індетіне орай өңірге келген гуманитарлық көмекті тұтынушыға кедергісіз жеткізу ісі де Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жіті бақылануында.

Бүгінде Катардан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан, Қытайдан, Ресей Федерациясынан және Өзбекстаннан гуманитарлық көмек келген. Оның ішінде "Коронавирус" дәрісі және жеке қорғаныс құралдары бар. Бұл препараттар алыпсатарлардың қолына түсіп кетпеуі үшін әрбір дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралына "ТЕГІН.БҚО. Гуманитарлық көмек" деген мөртаңба басылған. Бұл гуманитарлық көмек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің облыстық департаменті, "Халықтық бақылау" комитеті және қоғам өкілдері мен еріктілердің қатысуымен облыстық, қалалық және аудандық ауруханаларға, провизорлық стационарларға бөлініп жеткізілуде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мекемесінің мәлімдеуінше, өңірде сыбайлас жемқорлық қылмысы ішкі істер органдарында, соның ішінде патрульдік полиция батальонында ең көп тіркелген. Ішкі істер органдарының 9 қызметкері, атап айтқанда БҚО полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Мырзағалиев пен патрульдік полиция инспекторы жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерден пара алғаны үшін сотталып, әртүрлі мөлшерде айыппұлға тартылған.