Еліміздегі су қоймаларының бақылаусыз қалуының соңы өкінішті жағдайға соқтыратыны көпшілікке мәлім болды. Әсіресе, Қызылағаштағы жағдай маңызы бар нысандарды жеке меншік қолға берудің қауіптілігін тағы бір көрсетті. Шаруа қожалығының иелеріне өткізілген су қоймалары көбіне күтімсіз қалады. Өйткені, олар оны тек пайда табудың көзіне айналдырып, ал оның қауіпсіздік мәселесін екінші кезекке сырып тастайды. Қоймаға неғұрлым су көп жиналса, соғұрлым табыс та арта түседі. Бірақ әр қойма о баста белгілі бір текше метр суға шақталады. Одан асса оның техникалық қорғау қондырғылары істен шығады. Бұл су тасқынын тудырады. Бұдан былай Қызылағаштағы секілді жағдай өзге жерде қайталанбасына кім кепілдік бере алады? Осы тұрғыдан алғанда еліміз аймағында орналасқан су қоймаларының қазіргі жай-күйі қалай?
Міне, осы мәселенің анық-қанығын нақты айқындау үшін еліміздің Бас прокуратурасы республикамыздағы бірқатар су қоймаларындағы қорғау қондырғыларының жай-күйіне тексеріс жүргізді. Сөйтсе, жағдай көңіл көншітерлік емес екен. Мәселен, олардың тексерісіне қарағанда, тек Шығыс Қазақстан облысында ғана гидротехникалық нысандардың жартысынан астамы жөндеуді қажет етеді. Бұл дәл қазіргідей су тасқыны қаупі төніп тұрған кезде ғана емес, жалпы қай уақытта да төзгісіз жағдай. Ендеше бұған нақты кінәлі жандардың да бар екендігі сөзсіз. Олар алдын ала жауапқа тартылмай кемшілік түзеледі дегенге ешкім сенбейді.
Өйткені, Қызылағаштағы су қоймасы бұзылуының негізгі себебі неде десек, оны пайдалануда өрескел заң бұзушылықтар жіберілген. Ортақ тәртіпке мойынсұнбай жеке бастың мүддесін көздеу соңы талай жанның тағдырын қиды. Тексеру барысында гидротехникалық нысандарды жөндеу жұмыстарын белгіленген уақытта жүргізбеу, су шаруашылығы объектілерін заңсыз орнату, су деңгейіне бақылау жасайтын бекеттердің, сондай-ақ су өлшеуіш құралдарының болмағандығы анықталып отыр. Қызылағаш су қоймасы бұрынырақта салынған болса, кейінгі кездері су бөгеттерін шаруа қожалық жетекшілерінің өз бетінше тұрғызуы етек алған. Соның бірі Алматы облысында бір шаруа қожалығының басшысы “Жармұхамбет” бұлағына өз бетінше бетоннан құйып бөгет салған. Ал “Ақешкі” су қоймасында судың деңгейін бақылайтын гидроқондырғылар мүлде жоқ болып шықты. Арықтардағы таратушы тораптарға да су өлшеуіш құралдары орнатылмаған. Мұндай аса қауіп төндіретін кемшіліктер көптеген жасанды су қоймаларында анықталыпты.
Жоғарыда айтылғандардың иелері бар болса, иесі жоқ су қоймалары тіптен алаңдаушылық туғызады. Неге бұлай деп сұрайтын ешкім жоқ. Мәселен, Жамбыл облысындағы “Дарбаза” су қоймасының техникалық қауіпсіздігіне жауап беретін жан табылмады. Ал мұндағы бөгетке 30 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген. Енді бұл мәселені прокуратура органдары анықтаған соң ғана оны уәкілетті мемлекеттік органдар бақылауға алды. Қазір еліміздің көптеген су шаруашылығы нысандарына тексеру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Александр ТАСБОЛАТОВ.