Атырау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сәдуақас Байғабыловтың айтуынша, қазіргі уақыттта шектеу шаралары, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен зертханалық зерттеулер көлемін бөлудің нәтижесінде аймақта эпидемиологиялық жағдай тұрақтануда.
"Жалпы алғанда, коронавирус инфекциясын жұқтырғандар ішінде Теңіз кен орны қызметкерлерінің үлесі - 40 пайыз. Сонымен бірге, бізде шілде айының алғашқы жартысында орташа өсім 3,5-нан 5%, тіпті 10% -ға дейін барды. Бүгінде бұл көрсеткіш 1,5%-дан 2%-ға дейін төмендеді. Тәулігіне орта есеппен 40-160-тан бастап 190-200 жағдай тіркеліп отыр. Егер тұрғындар шектеу шараларын, сондай-ақ, әлеуметтік қашықтықты сақтаса, 3 тамыздан кейін карантин шараларын жеңілдету мәселесі қаралады", - деді Сәдуақас Байғабылов.
Айта кетейік, наурыз айынан бері өңірде коронавирус инфекциясын анықтау үшін 142 000 ПТР-тестілеу жасалып, 7 зертхана іске қосылды. Оның ішінде бір зертхана - мемлекеттік. Әр зертхана жоспарлы емдеуге жатқызу, тәуекел тобы, сонымен бірге скрининг және кен орнының қызметкерлеріне байланысты өз деңгейіне сай ПТР-тестілеу жүргізеді.