Саясат • 27 Шілде, 2020

Реформаға үлес қосады

318 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркен­деуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы» деп атап көрсеткен болатын.

Реформаға үлес қосады

Мемлекет басшысы айтқан сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін олардың біліктілігі де жоғары болуы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде Сот төрелігі академиясының елі­мізде судьяларды даярлайтын­ жалғыз, мамандандырылған жоға­р­ы оқу орыны болып табылады.

Сот төрелігі академиясының ректоры заң ғылымдарының кан­дидаты, профессор Зәуреш Ха­митқызы Баймолдинаның тіке­лей басқаруымен Академияда құрылымдық өзгерістер жүзеге асуда. Академияның болашақ судьяларды даярлаудағы орны мен рөлі қайта қаралып, оқу бағдарламасына заман талаптарына сай өзгерістер енгізілуде. Қазір Академияда бұ­рынғы кафедралардың орнына жаңадан төрт орталық құрылды: «Мемлекеттік құқықтық ғылыми білім беру орталығы», «Азаматтық құқықтық пәндердің ғылыми білім беру орталығы», «Қылмыстық құ­қық­тық пәндердің ғылыми білім беру орталығы». Сонымен бірге «Ака­демиялық бағдарламалар және жобалар орталығы», «Әкімшілік-қар­­жылық қызметі», «Ақпараттық тех­­нологиялар қызметі» қайта құрылды.

Биылғы оқу жылынан бастап­ магистранттар екі жылдық ма­гис­тратураның орнына бір жылдық ма­гистратурада білім алатын бола­ды. Бір жылдық білім беру бағдар­ламасы магистранттардың кәсі­би құзыреттілігін жетілдіруге, сот тә­­жі­рибесінің сұраныстарын қа­на­ғат­тандыруға бағытталған. Соны­мен бірге биылғы магистратураға 29 жасқа толған, жоғары заң білімі бар, 4 жыл заң мамандығы бо­йын­ша еңбек өтілі бар мемлекет қыз­метшілері түсе алады.

Сот төрелігі академиясы ма­гис­тратураның оқу бағдарламасына судьялардың кәсіби құзыреттілігі­мен қатар моральдық-этикалық, тұлғалық құзыреттілігін арттыруға арналған курстарды ұсынуда жоспарланып отыр. Академия оқу процесін сот жүйесінің заманауи талаптарына бейімдей отырып, магистранттардың өндірістік практикасын ұйымдастыру мен дамытуға ерекше назар аударуда. Мұндағы мақсат Академия қабырғасында магистранттардың теориялық білімін сот практи­касында пайдалану және нақты нәтижелерге қол жеткізу құзырет­тілігін дамыту болмақшы.

Сонымен қатар болашақ судья боламын деп талпынғандар Академияда білім алу жолында мынандай артықшылықтар мен мүмкіндіктерге ие болады. Мәселен, академияда оқыған уақыт еңбек өтіліне саналады; ака­­демия магистранттары шәкірт ақыны(стипендия) соңғы жұмыс орнын­дағы жалақы мөлшерінде алатын болады; магистратураны бітірген түлек Сот төрелігі ака­демиясында біліктілік емти­хан тапсырып, судья лауазымына ие болу конкурсына тікелей қатыса алады; академияны бітірген түлек­терге мемлекеттік үлгідегі «құқық магистрі» дипломы бе­рі­леді; оқу процесінде оқытудың бел­сенді әдістері, кейстер, рөлдік ойындар, жобалармен жұмыс істеу, сот шешімдерін жазу, коммуникация мен сыни ойлай білу, шешендік өнер әдістері, т.б. қолданылады.

Міне, жоғарыда аталған жаңа технологиялық үрдістермен оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру, бо­лашақ судьялардың ертеңгі кү­ніне сеніммен қарауына, қиын­дықты жеңе білуіне және кәсібилік тұрғысынан нағыз судья болып шығуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, болашақ судьяларды даярлауға жасалып отырған мүм­кіндіктер мен талаптар еуропалық стандарттарға сай келеді.

Ғылыми-зерттеу жұмысы Акаде­мия­ның маңызды көрсеткіштерінің бірі. Академия профессорлары биылдан бастап оқу-методикалық құралдарды дайындауға ерекше назар аудармақшы. Болашақта Ака­демияда мамандандырылған докторантура (PhD) да ашылу жос­пары бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы мыз­ғымас сипатқа ие» деген бо­латын. Судьялардың шешім шы­ғарудағы біліктілігі үлкен рөл ат­қаратыны сөзсіз. Осы тұрғыда Сот төрелігі Академиясы жылы­на 615 судьяның біліктілігін кө­тереді. Академия басшылығы су­дьялардың біліктілігін көтеруді тиімді ұйымдастыруға, білімнің са­пасы мен практикалық бағытын анықтауға, алынған білімді сот тә­жірибесін жетілдіруге пайдалану деңгейі мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, сауалдамалар негізінде судьялардың талаптарын ескере отырып оқу бағдарламаларына нақты өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. Оларға соттардың ма­ман­дандырылған ерекшеліктерін ескере отырып арнайы және тереңдете оқытылатын курстар ұсынады. Су­дьялардың біліктілігін көтеруге Академияның белді профессорлары мен Жоғарғы Сот судьялары тартылады. Бір сөзбен айтқанда, Сот төрелігі академиясы ел Пре­зидентінің Жолдауындағы реформаларды жүзеге асыру бағытында жаңа сипаттағы болашақ судьяларды даярлауға кірісті. Олар сот жүйесіне жаңа леп, жаңа түсініктер мен ұстанымдар әкеледі деген сенім­деміз.

 

Төлеуғали БӨРІБАЕВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор