Біріншіден, дәріханаларды да, емдеу орындарын да дәрі-дәрмекпен қамту жолға қойылды. Өңірге апта сайын 338 түрлі препарат жеткізілуде. Бұған қоса дәріханаларға соңғы екі аптада 80 тонна дәрі-дәрмек әкелінді. Қазір медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектің бір айлық қоры бар. Алайда, ең қажетті сегіз дәрінің қоры бір аптаға ғана жетеді. Ал «СҚ-Фармация» ЖШС-нің басқарма төрағасы Ерхат Исқалиев бұл мәселені үш күннің ішінде шешуге уәде беріп отыр. Осыған орай, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов «СК-Фармация» ЖШС-не облыс әкімдігімен бірге дәрі-дәрмектердің үш айлық қорын қалыптастыруды тапсырды. Сонымен бірге медициналық мекемелерді өкпені жасанды желдету аппараттарымен, оттегі концентраторымен толық жабдықтау үшін нақты шешімдер қабылданды.
Екіншіден, соңғы бір аптадан бері қауіпті індетті жұқтырушылар қатары азайып келеді. Дегенмен, аты жаман ауруға шалдыққан науқастарды емдеудегі негізгі күш №2 облыстық ауруханаға түсіп отыр. Себебі, бұл ауруханада 180 орындық инфекциялық стационар жұмыс істейді. Мұндағы стационарға коронавирус инфекциясымен ауырған 1557 адам түсіп, олардың 1386-сы жазылып шығыпты. Ал инфекциялық орындар 60 пайызға артып отыр. Сондай-ақ, call-орталық арқылы жедел жәрдемге түсетін қоңыраулар да азайғаны байқалады. Аталған орталықта 36 тәжірбиелі маман төрт ауысыммен жұмыс істеп, тұрғындарға онлайн-кеңес береді.
– Біздің стансаға 20 маусымнан кейін қоңырау шалу көбейіп, тәулігіне 1300-ге дейін қоңырау түсті. Ал қазір оның саны – шамамен 720-730. Оның 300-ге жуығын аудан тұрғындары шалады. Хабарласушылардың көбі – дене қызуы көтеріліп, өздерінде коронавирус инфекциясының белгілерін анықтағысы келетіндер, – дейді облыстық жедел жәрдем стансасы директорының міндетін атқарушы Наргиз Баймолдаева.
Үшіншіден, өткен аптада М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін бітіріп келген 53 маманның 11-і стационарлық ауруханаға, 27-сі бастапқы медициналық көмек көрсететін емханаларға жұмысқа кірісті. Ал 15 жас дәрігер аудандарға жіберілді. Ал Насыр мен Әлбина Оңғарбаевтар – «қызыл аймақта» жұмыс істейтін отбасылық жұп. Дәрігерлікті таңдаған жас маманның екеуі де Ақтөбеден келіпті.
– Біз жұмысымызды 20 шілдеде облыстық аурухана жанындағы провизорлық стационарда бастадық. Науқастарды қабылдап, жағдайын бақылаймыз. Ауруына қатысты құжаттар толтырамыз. Облыстық әкімдік жалдап берген «Достық» қонақ үйінде тұрамыз. Ауруханаға арнайы ұйымдастырылған автобуспен келеміз. Қазір ахуал тұрақталып, науқастар саны азаюда. Десе де, осындай қиын жағдайда науқастарға көмегіміз тигеніне қуаныштымыз, – дейді Насыр мен Әлбина Оңғарбаевтар.
Облыстық аурухананың провизорлық стационарында жұмысқа орналасқан Дмитрий Ли хирург болуды таңдапты. «Үш мезгіл тамақпен, қорғаныш киімімен қамтамасыз етті. Жас маманбыз, сол себептен, толымды тәжірибеміз әлі қалыптаса қойған жоқ. Бірақ ақыл-кеңесін беретін тәлімгерлерімізбен кеңесіп, емдеу шарасын тағайындаймыз», деп алғашқы әсерімен бөлісті жас хирург.
Төртіншіден, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың мәліметінше, медициналық мекемелер 25 оттегі концентраторымен қамтылыпты. Енді тағы осындай бес құрылғы алынады. Провизорлық және басқа да стационарларға оттегі концентраторлары жеткізілуде. Осы арқылы оттегі баллондарының саны азаймақ. Сонымен бірге жаңа ғимараттарға оттегі жүйесі тартылып жатыр. Бұл жұмыс тамыз айының алғашқы онкүндігінде аяқталады деп күтілуде.
Ал облыстық аурухананың бас дәрігері Ербол Иманғалиевтің айтуынша, оттегі концентраторлары дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді. Осы кезге дейін пайдаланылған оттегі баллондары ыңғайсыздық тудырыпты. Себебі, ауыр баллондарды тасымалдаудың қиындығы өз алдына, оны оттегімен үнемі толтыру қажет. Қазір бұл аурухананың ақ халаттылары 5 литрлік оттегі концентраторларын қолданып отыр.
Мұнайлы өңірдің бүгінгі эпидемиялық ахуалы туралы осылай десек те, 26 шілдеде тағы да 85 адамның қауіпті індетті жұқтырғаны расталды. Оның ішінде 64 науқаста симптомсыз белгісі болған. Әрине бұл бұдан бір апта бұрынғы деректерден әлдеқайда аз. Қазір Атыраудағы науқастардың саны 9951-ге жетті. Жазылып шыққан-
дар – 6294 адам.
Атырау облысы