Серік ауыр жұмыстан шаршағанына қарамастан, ауысымы аяқталған соң ауруханадағы міндеті, науқастардың жайы мен еріктілер туралы айтып беруге келісті. Жұмысының қаншалықты қиын екенін білгендіктен көп уақытын алмауға тырыстық. Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында төртінші жұмыс күнін аяқтаған кейіпкеріміз жағдайды ашық айтуға тырысты.
– Бүгін өте ауыр күн болды. Десе де жақсы жаңалықтар да бар. Мен келген бірінші күні екі адам, келесі күні тағы бір адам емделіп, ауруханадан шыққан еді. Ал кеше үйіне қайтқан ешкім болмады. Алайда бүгін мен істейтін бөлімнен бірден 16 адамның індетінен айыққаны қуантты, – деп бастады ол әңгімесін.
30 күн бойы ауруханада санитар болып жұмыс істеген Серік арнайы киімді киіп жүрудің өзі оңай емес дейді. Вирустан қорғайтын бірнеше қабат костюмнен ауа өтпейтіні соншалық, адам қобалжып, тұншығып қалуы әбден мүмкін екен. Арнайы киімнің әр қабатын киген сайын қиюласуы тиіс тұстарын таспамен жабыстырып отырады. Осының өзінен медицина мамандарының күнделікті жұмысының оңай емесін, ерлікке пара-пар екенін айтады.
– Мен алғаш кезекшілікке түскен күні интенсивті терапия бөліміне кіруге қорқақтадым. Келесі күні ауру ошағына еніп, барлығын өз көзіммен көруге бекіндім. Сонда мына костюмді сағаттап киіп, науқастарға ем-дом жасап жүрген дәрігерлердің жұмысына басымды идім. Шыққан соң киімді шешудің де өз тәсілі бар. Сілкімей, жайлап шешіп, арнайы сұйықтыққа салу керек. Аяқ киімді де жақсылап тазалайсың, – деді ол.
Серік ауруханаға келіп, барлық қиындықты өз көзімен көрген соң, осында болатын бір айында қызметкерлердің жұмысын сәл болса да жеңілдетуге тырысып, барынша көмектесетінін жеткізді. Санитарлық жұмыстан бөлек, өз еркімен көмекке келген еріктілер кезекшілік кезінде науқастың жағдайы нашарласа, дәрігерді шақыру, емделіп жатқандардың әрі-бері жүріп-тұруына көмектесу, дәрілерді алып келу деген секілді кез келген жұмыстан бас тартпайтын көрінеді. Кейіпкеріміз, тіпті, ем алушылар қатты қобалжып, үрейленген жағдайда психологиялық қолдау көрсетуге де дайын екендігін ауруханадағыларға ескертіп қойыпты.
Балалар үйінде тәрбиеленген Серік қиын жағдайда адамның қолдауы қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Көп науқастардың салы суға кетіп, індетке төтеп беруге күш-жігер таппай мойынсұнып қоятынын жақсы білеміз. Бұл кезде науқаста бәрін жеңіп шығамын деген сенімнің болуы мамандарға да үлкен көмек болады. Вирус жұқтырғандар қатарында ашуға бой бергендері де аз болмайтын көрінеді. Серік оларды түсінуге болатынын, себебі вирус жұқтырғаннан бері апталап оқшауланып жатқандар жақындарын, туыстарын көре алмай әбден сағынады. Егде жастағы науқастардың бала-шағасын көргісі келіп, аман-есен орталарына оралуды аңсайтынын, ауруханадан шығатын сәтті асыға күтетінін айтты.
Баршаның аузында жүрген емі жоқ белгісіз вирусты жұқтырып алдым деген ойдың өзі кімге болсын оңай түспейтіні анық. Сондықтан еріктілердің қолдауы олардың оңалып кетуіне сәл де болсын жәрдемдеседі. Ел басына күн туған сәтте тәуекелге бел буып індет ошағына аттанған кейіпкеріміз ем алып жатқан адамның тест сынамасы теріс шығып, оны естіген науқас асыға жиналып, есіктен шығып жақынымен қауышқан сәті төгілген тердің бекер емес екенін дәлелдейтінін айтады.
Қазақстан бойынша Серік секілді мыңдаған волонтер індетпен күрестің алғы шебінде жүр. Оларды рақымдылығы, жүрегінің жылылығы мен мейірімі біріктіреді.
Серік Мұқашев балалар үйінде тәрбиеленіп, өмірдің сынағын жастайынан басынан өткергендіктен, өзгеге көмектесудің қаншалықты маңызды екенін біледі.
Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 4-курс студенті С.Мұқашев қоғамдық өмірге белсене атсалысады. Ол қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің балалар үйі түлектерінің мәселесі бойынша штаттан тыс кеңесшісі әрі «Ақжайық адалдық алаңында» қызмет етеді. Болашақ хореограф маман оқуды аяқтаған соң өзін мемлекеттік қызметте көретінін айтады.
Серік секілді тағдырдың қиындығына қарамастан өз жолын таба білген, онымен қоса өзгелерге көмегін аямайтын жастар халық мүддесіне қызмет етемін деп тұрса, неге қуанбасқа. Оның еріктілер қатарына қосылғанына жеті жылдай уақыт болған. Бұл аралық оған үлкен өмірлік мектеп болды.
– Волонтер болуды көмекке мұқтаж жандарға еш қайтарымсыз қолдау білдіру деп түсінемін. 8-сыныптан бастап осы жолға бет бұрдым. Сол уақыттан бері жинаған тәжірибемді қазір Орал қаласында құрылған Волонтерлер академиясында оқушыларға үйретемін. Одан бөлек өзім секілді балалар үйінің тәрбиеленушілерімен, түлектерімен тығыз байланыстамын. Мемлекеттік органдармен бірлесе отырып олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге тырысамыз. Жиі кездесулер өткізіп, жастарға өзімнің басымнан өткен мысалдар арқылы жаман жолға түспеуді, дұрыс жол таңдап, өмірден өзіңді табу туралы ойыммен бөлісемін. Менің тәжірибем біреуге сабақ болып, тура жолға салса, қуаныштымын, – дейді кейіпкеріміз.
Ал індеттің ошағына айналған жұқпалы аурулар ауруханасына баруына қоғамда дәрігерлер мен еліміздегі медицина саласы туралы теріс пікірлердің көптігі себеп болыпты. Барлығын өз көзімен көремін деп шешкен волонтер бір күнде ешкімге айтпай санитар болуға өтініш білдірген екен. Өзіне керектің барлығын бір сөмкеге жинап, белгіленген жерге аттанған ол бір ай бойы таңертеңнен кешке дейін індетпен арпалысқан жандардың жанында болады, олардың сауығып кетуі үшін аянбай еңбек етеді. Бұл тәжірибе оған өмірлік сабақ болатыны сөзсіз. Қиын сәтте өзін емес, өзгенің мүддесін жоғары қоя білген қайырымды жанмен әңгімемізді «барынша абай болып, денсаулығыңа мән бер» деген жүрекжарды тілекпен тәмамдадық.