Экология • 27 Шілде, 2020

Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізіледі

1649 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл мәселе бойынша келісім гидробиология және экология институты мен Орта Азия экологиялық зерттеулер институты өкілдерінің қатысуымен балық шаруашылығы мәселелері жөніндегі ведомствоаралық зоологиялық комиссияның отырысында талқыланды. Ұйымдастырушы – Экология министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, деп хабарлайды Egemen.kz

Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізіледі

Каспий итбалықтарының (Pusa Caspica) Қазақстанның Қызыл кітабына енуі оны сақтаудың қосымша шарасы, сонымен бірге болашақта ерекше қорғалатын табиғи аумақты құрудың маңызды дәлелі болады.

Каспий итбалығы басқа да Каспий маңындағы елдерде Қызыл кітапқа енгізілгенін атап өткен жөн.

Каспий итбалықтарының саны жыл сайын азайып келеді

Бұл Каспий теңізі фаунасындағы сүтқоректілердің жалғыз өкілі. Әр түрлі мәліметтер бойынша олардың саны жыл сайын төмендеу үрдісімен 100 мың бастан аспайды. Мұны 2015-2018 жылдары Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде Гидробиология және экология институты мен балық шаруашылығы ҒӨО жүргізген зерттеулер растайды. Кему антропогендік және табиғи факторлардың әсерінен болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта Каспий маңы мемлекеттерінің итбалықтардың санын бағалау жөніндегі ғылыми зерттеулерінің нәтижелері едәуір әртүрлі. Сондықтан шынайы мәліметтерді алу үшін Ресей мен Қазақстан экологтары ортақ әдістемелік тәсілдер бойынша бірлескен зерттеулер ұйымдастырмақшы. 2020-2024 жылдар аралығында Солтүстік Каспийдің қазақстандық және ресейлік суларында Каспий итбалықтарының көптігін, таралуын және табиғи көбеюін бағалау бағдарламасын осы жылдың басында Қазақстан Республикасы ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті және Ресей Федерациясының Балық шаруашылығы федералдық агенттігі мақұлдады. Бағдарламаны Қазақстан қолданбалы экология агенттігі және Бүкілресейлік Балық шаруашылығы және мұхиттану ғылыми-зерттеу институты "NCOC N.V." компаниясының қолдауымен жасады.

Итбалықтарды сақтайық

Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау мақсатында өткен жылғы тамызда Ақтауда меценаттар есебінен Қазақстанда алғашқы зерттеу және қалпына келтіру орталығы ашылды. Ол ауру және жараланған итбалықтарды емдеуге, сауықтыруға және сау жануарларды тіршілік ету ортасына - Каспий теңізіне шығаруға қатысады.

Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресейдің экология министрліктері Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарын жасады. Қазіргі уақытта жоспар Ресей Федерациясының Экология министрлігімен келісілуде.

Каспий итбалықтарының биологиялық ерекшелігі – мекендейтін жерлерінің маусымдық өзгергіштігі. Көбею және түлеу кезеңінде популяцияның негізгі бөлігі Солтүстік Каспийдің қазақстандық және ресейлік мұздарында өмір сүреді. Көктемгі көші-қон басталғанға дейін итбалықтар шығыс және солтүстік-батыс жағалауларда жүреді. Жаз айларын оңтүстікте, Каспий теңізінің терең жерлерінде өткізеді. Күзгі көші-қон кезінде Каспийдің оңтүстігі мен солтүстігіндегі құмдар мен бақалшақ аралдарынан итбалықтардың көп бөлігін байқауға болады.