– Өкінішке қарай, пандемия өміріміздегі барлық салаға араласып, біз оның ықпалында қалуға мәжбүрміз. Оның ішінде футбол да зардап шекті. Маусымдық жарыстарға кері әсерін тигізді. Суперкубок пен ұлттық біріншіліктің үш турының ойындары жарыстың аз ғана бөлігі. Барлық команда оқу-жаттығу жиынының орнын толтырып, қайтадан бой үйретуі керек.
Жарысқа қатысушылар үшін басты мәселенің бірі – жарыстың қашан қайта жалғасатынының белгісіз болуы. Командалардың барлығы дайындықтарын жүргізіп жатыр. Турнир болмаған соң футболдан мән кетеді. Сол себепті осы кезең физикалық және психологиялық тұрғыдан ауыр. Алайда ойыншылар мен бапкерлер үміт жібін үзген емес.
Пандемияға қатысты елдегі жағдай тұрақталып, карантин аяқталып, індет жұқтырғандар жазылып шығады деп үміттенеміз. Әр азаматтың денсаулығы жақсарғаннан кейін оң өзгерістер болады. Жеңіл ойланбай, санитарлық-эпидемиялық ережелер мен хаттамаларды қатаң сақтау қажет екенін қолдаймын. Дәрігерлердің кеңестеріне мұқият құлақ асқан жөн.
Пандемия салдары халықаралық күнтізбеге де әсер етті. Мәселен, УЕФА Еуропа чемпионатын шегерді. Еурокубок пен құрлықтық іріктеу турнирлерінің мерзімдері жылжыды. Бас бапкердің айтуынша, Қазақстан құрамасының жоспарланған екі жолдастық ойынының өтпей қалуы құраманың кейінгі оқу-жаттығу процесіне кері әсер етеді.
– Жоспар бойынша күз айларында УЕФА Ұлттар лигасының іріктеу ойындарына қатысамыз. Сонымен қатар УЕФА-ның бекітілген кестесі бойынша Черногория құрамасымен жолдастық ойын өткіземіз. Жарыс күнтізбесі өте тығыз. Қазақстандық командалар үшін басты мәселелердің бірі – ұзақ жол, уақыт айырмашылығы және жергілікті климатқа бой үйрету. Дегенмен қиындықтарды артқа тастай аламыз. Жаз мезгіліне жоспарланған екі бірдей жолдастық кездесудің өтпей қалғаны ұлттық құрамаға кері әсерін тигізді. Өйткені осы матчтар арқылы ұлттық құрамаға үміткер ойыншылардың қазіргі жағдайларын бағалау мүмкін болатын еді.
Десе де Михал Билек Ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабы Ұлттар лигасындағы қарсыластардың әлеуетін толық зерттеп үлгергенін айтады.
– Қарсыластарымыздың қарымын толық зерттеп болдық деп те отыра беруге болмайды. Күн сайын жаңа ақпараттарды іздеу жұмыстарын әрі қарай жалғастырамыз. Черногория құрамасы туралы да ақпараттар бар. Ең бастысы, Қазақстан чемпионатын қайта жалғастыру арқылы жағдайды жақсартуға тырысамыз. Халықаралық кездесулер алдында ойын тәжірибесінің маңызы зор. Жарыс жалғасып, ойыншылар бабына енгеннен кейін алға қойылған міндеттер туралы сөз қозғауға болады. Қазіргі уақытта болжам жасап, қорытынды шығару қисынға келмейді, – деп қорытындылады сұхбатын Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек.