Қазақстан • 28 Шілде, 2020

"Әл-Фараби және қайырымды қоғам" тақырыбында адалдық сағаты өтті

454 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жастардың арасында парасаттылық идеологиясын насихаттау және терең білімнің маңыздылығын түсіндіру мақсатындағы кезекті онлайн "Адалдық сағаты" республикалық акциясы "Әл-Фараби және қайырымды қоғам" тақырыбында өтті, - деп хабарлайды Egemen.kz.

"Әл-Фараби және қайырымды қоғам" тақырыбында адалдық сағаты өтті

Бұл тақырып кездейсоқ таңдалған жоқ, өйткені биыл бүкіл әлем мойындаған және 2020 жылға арналған халықаралық естелік күндер күнтізбесіне енгізілген әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы атап өтіледі.

Әл-Фараби өз шығармаларында, оның ішінде "Қайырымды қала тұрғындары" еңбегінде тәрбие, мейірімділік, парасаттылық және әділдік жайлы ой қозғаған. Оның мәңгілік адами құндылықтар туралы баяндаған туындылары қазіргі әлемнің інжу-маржаны болып қала бермек.

Ғұлама "тәрбиесіз алынған білім – адамзаттың қасжауы" деп мәлімдеген.

Бейне-дәріс күн сайын 17-24 шілде аралығында республикалық және өңірлік телеарналардың эфирінен таратылып отырды.

Одан бөлек, бейне-дәрістер агенттіктің Youtubeпарақшасына жүктеліп, аумақтық департаменттер мен "Adaldyq alańy" жобалық кеңселерінің әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде көрсетілді. Онлайн форматтағы "Адалдық сағаты" тек жастар арасында ғана емес, барлық қазақстандықтар арасында да үздіксіз тәрбие және ағарту жұмыстарын жүргізуге ықпал етті.

Республикалық акцияның басты мақсаты – ұлы тұлғаның еңбектері арқылы өскелең ұрпақтың бойына әділдік, парасаттылық және сенім құндылықтарын сіңіру болды.

Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың мамыр айында "Адалдық сағаты" "Адалдықты мұра еткен Ұлы Абай" тақырыбында ұйымдастырылған болатын.

Жаңа оқу жылының басында өтетін акция тағы да бір ұлы тұлға – Қожа Ахмет Яссауиге арналмақ.