Көлгірсіп қайтейік. Оның көзін көріп, қол алысып амандасқан емеспін. Қайсыбір кездесулерде жүздессек жүздескен де шығармыз. Әзір есте жоқ. Дүние жүзін дүрліктірген пандемия, жүріс-тұрысты жұтаңдатқан карантин болмағанда емен-жарқын әңгімелесер ме едік? Кім білсін... Телефон арқылы тілдестік. Салмақты дауыс, сабырлы үн. Тұтқаның бергі жағында тұрып-ақ азаматқа тән байыпты аңғардық. «Жылқы – кісінескенше, адам – түсініскенше» екен ғой. Біздің «бір көрген – білісіміз» осылай басталды.
Қызылды-жасылды дүниеге жұрт қызықса да, ол қызыққан жоқ. Бақай есеп пен қулық-сұмдықтан басын аулақ салды. Өзекке түскен жегіқұрттай жемқорлық жайлаған заманда адалдық пен ар-ұжданның ақ туын көтеріп тұратын жастар қажет-ақ еді. Сол туды Нұрлан Ибрагимұлының қолынан көргендей болдық. Азат күнге қарап елжіреп, ерке желге елтіп желбіреп тұрды сол байрақ. Соған жібіген жүректе де, оны ұстап тұрған білекте де қасиет бар. Бүгінгі буынға үлгі, ертеңгі ұрпаққа өсиет бар.
Маңғыстау облысына қарасты Ақтау қаласында кіндігі кесіліп, түндігі түрілген азамат М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің «Мемлекеттік басқару» факультетін тәмамдап, еңбек жолын құқық қорғау органдарының сапында бастады. Одан соң Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) ақпараттық-талдау департаментінде екі жыл қызмет етіп, кейін «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС инвестициялық-талдау департаментінің бас менеджері болып та жұмыс істеп көрді. Алған бетінен қайтқан жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросында тер төгіп, «Проект-Консалт» ЖШС-інде сарапшы болды.
Алдына нақты мақсат қоя білген арманшыл жастың соны соқпағы осылай қалыптасты. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Кадр жұмысы департаментінің басшысы лауазымдарын абыроймен атқарды. Бүгінде – аталған агенттіктің Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы. Сондай-ақ қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген талапты жас елге сіңірген еңбегі ескеріліп, «Құрмет» орденімен марапатталды.
Отызға жетпей орда бұзған азаматқа осымен шектелуге де болар еді. Бағы мен бабын қатар сынап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан Президенттік жастар кадрлық резерві жобасына қатысуға бел буды. Байқаса, бекер емес екен. 13 мың азаматтың арасынан «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» көрініп, іріктелген 300 жастың қатарынан табылды.
– Бұл жобаның бір күндік бастама емес, еліміздегі басқару жүйесін жаңғыртудың ұзақ мерзімге бағытталған жаңа тетігі екені айқын болғандықтан және оның талаптарына білімім, жасым, жұмыс тәжірибем сәйкес келгендіктен қатыстым. Себебі мұнда басты міндет – білікті басшылардың жаңа буынын қалыптастырып, жастарды халыққа адал қызмет етуге ынталандыру, – дейді Нұрлан Жақсымбетов.
Жас келсе, іске! Жастар кадрлық резерві мемлекеттік қызмет саласын жаңартуға, жаңғыртуға озық ойлы, заманауи көшбасшыларды тартуға мүмкіндік береді. Ал оған жаңа формацияда басқарушы болуға қабілетті, талантты және креативті жас қазақстандықтар ғана таңдап алынатынын ескерсек, бұл жобада Нұрлан Ибрагимұлының бағы жанбауы мүмкін емес еді. Себебі ол Президенттік жастар кадрлық резервіне өтпес бұрын да Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының дамуына, атап айтқанда 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын әзірлеуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте ашықтық пен айқындық қағидаттарын кешенді жылжытуға, сондай-ақ оның азаматтық қоғам институттарымен өзара кең іс-қимылына белсенді араласқан болатын.
– Жобаға тек қатысушы емес, мемлекеттік қызметші ретінде өзімнің білімім мен тәжірибемнің, біліктілігімнің сыналатын және бағаланатын маңызды сәті деп қарадым. Үлкен сыннан сүрінбей өтіп, өз қабілетімді дәлелдеген 300 жастың бірі болғандықтан халық еліміздің дамуына зор үлес қосып, қалтқысыз қызмет етеді деп үміт күтеді. Сол себепті бұл бастама мен үшін мемлекеттік идеяларды, өзімнің тың ойларымды іске асыруға берілген мол мүмкіндік, – дейді ол ағынан жарылып.
Айтуынша, әлемнің дамыған озық мемлекеттерінің қатарынан Қазақстанды көргісі келеді. Білімі мен күш-жігерін, құзыретін еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын сапалы іске асыруға жұмсауды ойлайды. «Балдырғандарым жемқорлық жайламаған Отанда өмір сүруі үшін тынбай еңбек етемін», дейді. Ең бастысы оның мақсат-мүддесі – халықтың арман-мұратымен үндеседі.
Президенттік жастар кадрлық резервіне Мемлекет басшысынан бастап, қарапайым халыққа дейін үкілі үміт артып отыр. Елімізді биікке жетелейтін, жаңаша дамуға бастайтын білікті жастардың жаңа шоғыры қалыптасты деген сенім бар. Алайда, шоғырда да шоқтығы биік жандар болады емес пе? Сол шоқтық жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жеңсем деп жүрген Нұрлан Жақсымбетовке тиесілі!