Руханият • 29 Шілде, 2020

Қазына мен базына

512 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кітапқұмарлық

Бүгінде кітап оқу азайды. Есе­сіне көпшілік көк жәшік­ке тел­­міреді. Ол да емес: қолтеле­фон­ға тәуелді. Бұрын қалай еді? Ер­теректе ел жаппай кітап оқитын. Кі­тап жинайтын. Қойшының керзі етігінің қонышында, я қоржынында «Жұлдыз» журналдары жүруші еді, шиыршықталған... «Кезінде біз дүние жимадық, оның орнына кітап жинадық», дейді еліміздегі ең бай кітапхана иелерінің бірі Мырзатай Жолдасбеков.

 Рас, кезінде кітап жинау бір­қатар қазақ жазушыларының хоббиі еді. Қадыр Мыза Әлінің жеке кітапханасы да өте бай бол­ған көрінеді. Мәскеуден шығатын «Книжное обозрение» газеті ар­қылы жаңа кітаптар тізімін жа­сап алып,іздеп жүріп, қолына түсіреді екен. Қаламгерлер С.Мұ­қанов Ә.Нұршайықов, Қ.Мұха­меджанов, Ө.Нұр­ғалиев, Ә.Нілібаев, Т.Ме­дет­бектің жеке кітапханалары да олқы түспеген. Кезінде олар да кітап дүкендерінен, табыл­ма­ған­дарын «Букинист» кітап желі­сінен, тіпті қара базардан қарап жүріп жинауды машық етіпті. Қа­дыр ақынның кітап қоры 10 мың, базбіреу одан да көп болған дейді. Анығын білмедік, бірақ ақынның «азартный книголюб» болғанын мына бір өлең жолдары айшықтайтындай:

«Ұйқымды талай бұздым да,

Ұяңа тыным бергем жоқ.

Тап өстіп сұлу қыздың да,

Соңына түсіп көргем жоқ».

(Қадыр Мырза Әлі).

Қазына мен базына

 

Көптің игілігіне айналған мұра

Қазақ зиялыларының арасында кітапты көптің игілігіне айнал­дыру үрдісі қалыптасып ке­ле­ді. Көрнекті ғалым Мырзатай Жол­дасбеков өзінің мол қазына­сын, өмірі бойы тірнектеп жи­наған жеке кітапханасын түге­лімен елордадағы Ұлттық ака­де­­­миялық кітапхана қорына сыйға тартты. 2015 жылдың 22 қаңтарында «Мырзатай Жолдас­бековтің мемориалды кітап коллекциясы» оқу залының тұсауы кесілді. Ғалым ағамыз әуел бас­тағы өткізген қазынасын бес жылдан бері толықтырып, бүгінде жеке кітапхана қорының жалпы саны 10410-ға жетіпті. Бұл залда сирек кездесетін құнды басылымдар туралы әңгіме бөлек.

... Түркістандағы Ахмет Ясауи университетінің баспа бөлімінде жұмыс істеймін. 1999 жылдың көктемінде халық жазушысы Қал­тай Мұхамеджановпен университет студенттерінің кездесуі өт­ті. Әсерлі кеш соңында Қалтай аға өзінің 10 мыңға жетеқабыл кіта­бы барын, соның 1 мыңын осы университет кітапханасына сыйға тартатынын айтып еді. Оған кешті жүргізіп отырған ректор М.Жұ­рын­ұлы да, қасында отырған академик Р.Бердібай да ризашылығын білдіріп, қуана құптасты.

Кітапханаға жиі барамын, бірақ Қал-ағаңның кітапханасынан деп таң­баланған кітаптарды бай­қама­дым. Кітапханашылардан сұрай­мын. Олар әл-әзіp ол сый­лық кел­меді деп жүрді. Жылдар жылжыды. Даңғайыр драма­тург, қазақ­тың Қалтайы да дүние­ден озды. Қаламгердің бай кі­тап­ханасының тағдыры не болды екен деген ой ара-тұра мазалайтын. Кейінірек (2015 ж.) драматургтің қазынасы Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап кітап­ханасына тапсырылғаны жө­нінде ақпаратты көзіміз шалып қалды. Қалтай ағаның ұл-қыздары қаламгердің мол мұ­ра­сын шашауын шығармай, (8 мың дана кітапты) облыстық кітапха­наға сыйға тартыпты. Іш­тей «Қала­ғаңның қазынасы ХҚТУ кітап­ханасына бұйырмаса да, туған елінің игілігіне жарайтыны қан­­дай жақсы болған» деп, қуанып қалдық.

Кезінде көп жазған һәм көп оқы­­ған классик Қадыр Мырза Әлі өз­інің мол қазынасының Алматыдағы пәтеріне, жертөлеге, саяжай үйіне сыймай тұрғаны жайын­да құлаққағыс етті. Бас­пасөзге сұхбат берді. Сол тұста ақынның туған жері Батыс Қазақстан облысын басқарып тұрған Қырымбек Көшербаев жа­зу­­шыға зәулім үй салып бер­ді. Қа­дағаңның мол қазынасы (КамАЗ-бен кең жайға, Оралға кө­ші­рілді. Ол туралы «Қа­дыр кө­шіп барады» деп «Алаш айнасы» жазды да). Мол қазына шашауы шықпай, шашылып қалмай құт­ты мекенге көшті. Үйі музейге ай­нал­ды. Ақынның 80 жылдығына орай (2015ж.) Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер ор­талығы ашылып, ақынның кітап­тары бүгінде оқырманның игілі­гіне жарап, жас ұрпақтың рухани азығына айналды.

Жоғарыда сөз еткен көрнекті ғалым, қаламгер һәм қайраткер Мырзатай Жолдасбековтің азамат­тық ұстанымы, өзінің жиған қазы­насын жас ұрпақтың кәдесіне жа­ратуға табыстауы да тамаша үлгі болды. Қалам қай­рат­керлері Қадыр Мырза Әлі мен Қалтай Мұхамеджановтың да рухани мұраларының ел игілігіне пайдаланып отырғаны қуантарлық. Бұлай деуіміздің себебі де жоқ емес. Ғұ­мыр бойы тірнектеп жи­на­ған мол рухани қазынаның арғы тарихы да әрқилы болып кетеді.Сөзіміз жалаң болмасын: бір мысал. Ақын Қайнекей Жармағамбетовтің кітапханасы да еліміздегі ең бай жеке кітапханалардың бірі бол­ған екен. «...Сол кітапхана тағ­ды­ры аянышты болыпты. Ақын айықпас дертке ұшырап, Тор­ғайына келіп, демі үзілерде өзі Алматыдан түгелімен алдыртқан кітапханасына жәу­діреп қарай беріпті. Көзі жұмылған соң көп ұзамай қызыл кірпіштен өрілген аурухананың бір бөлмесіне жи­налған кітапханасы өртке оран­ған... Қалған-құтқаны қазір ел игілігіне айналып келеді... Ие­лері жоқ кітапханалар... Жана­шырының көз майын тауысып, жиналып еді-ау! Қазір кімге мұ­ра болып қалды екен? Бүгінгі күнге сол толық күйінде шашаусыз жеткендері де бар, өкінішке қарай шашылып қалғандары да кездеседі. Сырбай Мәуленовтің кітапханасын көргенбіз. Бүгін ше? Бел­гісіз? (Қ.Әлім.«Жеке кітапхана же­­місі»//Егемен Қазақстан, 2011.01.07.)

Иә, кітаптың мұралануы, кейін­гі ұрпақ кәдесіне жарап, жа­сақ­­талуы үлкен әңгіме.

 

Түркі жұртына ортақ кітапхана

Осы тұста Түркістанда «Түркі халықтарының кітапханасын» жаб­дықтап ел игілігіне жаратып отырған жазушы-сыншы, ға­лым Құлбек Ергөбектің еңбегін айт­­пасқа болмас. Құлбек аға да кәнігі кітапқұмарлардың бірі. Кітапқа деген қызығушылығы бала кезінен басталған ғалымның бізге айтқан әңгімесі: «Еліміз ғана емес, түркі халықтарының арасында ең кітабы көп қаламгер мен болуым мүмкін. Кітапқұмарлық деген де бір азарт дүние. Кезінде «Союз книголюбителей» деген қоғам болды. Мен сол қоғамның белді мүшесі болдым. Оның газеті болатын. Сол газетте мақалаларым жария­ланып тұрды. ХІХ ғасырда Санкт-Петербург университетінің жанында Түркістан ғылыми-зерттеу институты және оның бас­пасы болған. Менде осы бас­падан шыққан кітаптар бар. Атақты Бораганскийдің баспасы. Бо­раганский татар азаматы, Петерборда баспа ұстаған адам,Абай шығармаларын бас­падан шығаруға жәрдем еткені, т.б. бұл өз алдына... Осы баспадан 1873 жылы шыққан Н.Се­верцевтің «О Туркестанских жи­вот­ных» деген еңбегі бар. Север­цев Атыраудан Шығыс Түркістанға дейін жаяу аралаған адам. Сол өзінің жеті жылғы экс­пе­дициясының нәтижесінде Түркістан өлкесінің географиясы мен тарихын зерттеп, осы ғажап еңбекті қалдырған. Әр кітаптың қолыма түсуі әртүрлі тарих, әртүр­лі тағдыр. Ш.Уәлихановтың Весе­ловскийдің алғысөзімен жа­рық көрген, П.Полевойдың «Ис­тория русский словестнос­ти», «История всемирной словестности» деген 1886 жылы жа­рық көрген құнды кітаптар бар. Кітап­­­­ханамның бай болуының өзін­дік сыры бар. Профессор Б.Кен­­­жебаев, фольклоршы ға­лым К.Сейдеханов, академик М.Бала­қаев, қаламгер Ө.Тұрманжановтар кітапханасын маған аманаттап кетті. Өзбекәлі Жәнібек кітап­хана­сының бір бөлігі менде. Сахнагер Райымбек Сейтмет, жазушы Әд­һам Шіл­терханов, ғалымдар Т.Кәкі­шев, С.Қирабаевтар кітапханасын ма­ған сыйлады. Осылардың бар­лығы жиналып «Түркі халықтары кітапханасын» құруға негіз болды. Біріншіден өзімде бар кітаптардың сан-сапасы түрткі болды. Осыдан біраз жыл бұрын 13 мың кітаппен осы идеяны қолға алдым. Со­дан маған кітап берушілер, идеям­ды қолдап-қостаушылар кө­бейді. Өзбектің көрнекті жазу­шысы Насыр Фазылов жеке кітап­ха­насынан 4 мың кітап (өзбек ті­лін­дегі) сыйлады. Герольд Бель­гердің, Камал Смайыловтың жеке кітапханаларының жанашырларынан, шығыстанушы Өтеген Күмісбаев кітапханасынан кітаптар қосылды. Ұйғырдың үлкен ғалы­мы Қожахмет Садуақасовтың кітап­ханасы түп-түгелімен менде. Ол кісі Бейсекеңнің шәкірті болған. Жеңгеміз Омақ Садуақасова өз қолымен тізімдеп: «Құлбекжан, сен Бейсембай ағаның баласысың ғой. Түркі халықтары кітапханасын жасақтаймын деп жүрсің. Кейінгі ұрпақтың игілігіне жарар,– деп әкеліп тапсырды.

Бұл кітапхананың тағы бір ерекшелігі – тіл жағынан да бай. Қазақ, қырғыз, өзбек, татар тілде­рін былай қойғанда, алтай, шор, саха, чуваш, тіпті жойылып бара жатқан лахай(түркі жұрағаты) тілінде де кітаптар бар. Түркиялық үлкен жүректі азамат Намық Кемал Зейбек досым түрік тілінде 4 мың кітап сыйлады. Сонымен, қазір ұзын саны 32 250 дана, 24 түркі тіліндегі кітап жинақталды. Көп адамның кітапқұмарлығы өзінің шығармашылығына ғана пай­дасын тигізеді. Түркістандағы «Түркі халықтары кітапханасын» ашуға негіз болғандықтан, менің кі­тапқұмарлығым, білім қуған сан мыңдаған жандарға септігін ти­гізетін, көпке пайдалы кітапқұ­марлық болды ғой деп ойлаймын».

P.S. Кітап – қазына. Қазынаны ұстау, ұқсату бұл үлкен әңгіме. Ал Сіз кітап жинайсыз ба, мәрте­белі оқырман? Қазынаңыз қай деңгейде? Бұл: замандасқа айтқан азырақ базынамыз.

 

Әтіргүл ТӘШІМ,

журналист