Қоғам • 29 Шілде, 2020

Стационарлар жүктемесі азайды

256 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Карантин режімінің күшеюі арыны қатты қауіпті індеттің таралу қарқынын әжептәуір әлсіретті. Күн өткен са­йын өңірлердегі эпидемиялық ахуал біршама тұрақталып, сауыққан науқастардың қатары артты, ауруханалар да ақырындап босай бастады.

Стационарлар жүктемесі азайды

Қатаң шектеу шаралары ен­гі­зілген үш аптаның ішінде үдеп бара жатқан індеттің беті қайта бастағаны байқалады. 5 шілдеден бастап бүгінге дейін 35 951 адам жаманат вирусты жамаған. Бұдан КВИ-дің таралу қарқыны 29%-ға төмендегені көрінеді.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Covid-19 індетімен ауыру жағдайы тәулігіне орта есеппен 1600 адам деңгейінде тұрақтанғанын мәлімдеді. Вирус меңдеп, жаны қысылғандардың да беті бері қарай бастады. Карантин кезінде сауығып кеткендердің саны 63%-ға дейін өсті. Сәй­кесін­ше денсаулық сақтау жүйе­сіне түсетін ауыртпалық бірша­ма жеңілдеген. Бұған стационар­лар­дағы кереуеттердің 43%-ға дейін босағаны дәлел бола алады.

Карантин шараларын жеңіл­детудің әзірленген крите­рий­леріне сәйкес министрлік ин­фек­цияның репродуктивтік көр­сет­кішін және КВИ-ден емдеу­ге бейімделген инфекциялық стационарлардың төсектік орын қо­рының қамтылу пайызын қада­ғалайды. Мұндағы репродук­тивтік көрсеткіш дегеніміз – бір науқас оқшауланғанға дейін ауру­ды жұқтыратын адамдар саны. Осылайша үш аптадағы карантин нәтижесінде инфекцияның репродуктивтік көрсеткіші 1,2%-дан 0,99%-ға дейін төмендеді жә­не төсектік орындардың қамты­лу пайызы 90%-дан 47%-ға кеміді.

Дертіне дауа іздеп дабыл қақ­қан жұрттың дүрбелеңі де басыла бастады. Қазір жер-жерде індеттің салған ылаңы біртіндеп саябырсып келеді. Жалпы, карантин режімі оң нәтиже беріп, эпидемиялық жағдайдың тұрақ­танып келе жатқанын өңір басшылары да растап отыр.

Алматы қаласының әкімі Ба­қытжан Сағынтаевтың айтуын­ша, мегаполисте КВИ жұқты­ру өсімі 2,2%-ға дейін төмен­де­ді. Қазіргі кезде Алматыда Сovid-19 жұқтырған 10 965 адам тіркелген. Олардың 6 341-і, яғ­ни 60%-ы емделіп шыққан. Ко­ро­на­вирустан 73 адам қайтыс бол­ған. Пневмония және Сovid-19 кү­ді­­гімен жедел жәрдем шақы­ру са­­ны 4 есеге азайды. Стацио­нар­лар­­ға жат­­қызылатын адамдар екі есе тө­­мен­деді. Сондай-ақ емха­на­ға жү­гі­нушілер саны да екі есе азайды.

Ал Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордада індет инфекциясын жұқтыр­ған­дың 70%-ы, дәлірек айтқанда 7260 адам жазылып шыққанын, соң­ғы бір апта ішінде олардың саны 1563-ті құрағанын атап өтті. Карантин енгізілген сәттен бас­тап қалада инфекция жұқтыру бойынша жағдайдың тұрақталуы байқалды, денсаулық сақтау ұйымдарына түскен жүктеме едәуір азайды. Атап айтқанда, КВИ бойынша жедел жәрдемге жү­гіну 500-ден 89-ға дейін, яғни алты есе кеміді. Сонымен қатар пнев­мониямен ауырып жатқан аза­маттар саны екі есеге азайды, стационарлардың жүктемесі 99%-дан 38%-ға дейін төмендеді, реа­нимациядағы адамдар саны 57%-ға дейін азайған. Егер бұрын ау­руханаларға тәулігіне 500-ге жуық пациент түсетін болса, қазір олардың саны 90-ға дейін азайған.

Сондай-ақ Шымкент қала­сы­ның әкімі Мұрат Әйтенов пен Маң­ғыстау облысының әкімі Се­рік­бай Трұмов өз өңірлерін­дегі жағдайдың қалыпқа келе бастағанын айтып отыр. Тіпті Ақ­тау қаласында ауырған адамдар­дың азаюына байланысты 100 орындық №1 провизорлық ста­цио­­нар жұмысын тоқтатыпты. Бі­рақ бұл стационар жағдай ушы­ға бастаса кез келген уақытта іске қосылуға дайын тұр.

Осылайша карантин режі­мінің оң серпіні шектеу шараларын кезең-кезеңімен жұмсартуға мүмкіндік бар екенін көрсетіп отыр. Оның үстіне басында сел­қостық танытқан көпшілік инфек­цияның қаупін сезініп, сақтық шараларын қатаң ұстанып жатқаны түсінікті. Сондықтан ін­детке тойтарыс беретін қуат­ты дәру табылмайынша, маска тағу, тазалық, әлеуметтік ара­қа­шық­тықты сақ­тау маңызын жоғалтпайды.