Аймақтар • 29 Шілде, 2020

Алматы ХҚО-лары сапалы қызмет пен сауапты істі қатар алып жүр

162 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ халқында "Жақсылық көрсең асыр..." деген сөз бар. Қазіргі кезде елімізді қауіпті індет дендеп, кәрі-жас демей жанталасып, қауіпті дертпен күресіп жатыр. Жақындарынан, ағайын-туыстардан айырылып қалғандар қаншама... Осындай қиын-қыстау кезеңде қиналып жүргендерге қол ұшын созып, жәрдем беруден адамның адамшылығы мен мейірбандылығы көрінеді. Бұл бір сынақ. Денсаулықпен ғана емес, адамшылығымыз бен қайырымдылығымыз да сынға түсіп жатқан кез.

Алматы ХҚО-лары сапалы қызмет пен сауапты істі қатар алып жүр

Осындай жағдайда Азаматтарға арналған үкіметтің Алматы қаласы филиалының қызметкерлері де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұжымдық бірліктің үлгісін көрсетіп жүр. Мәселен, Алатау аудандық фронт-офис қызметкерлері, көмек сұраған екі жастағы Қыдырбаева Мәдинаның сырқатын шетелде емдетуге ұжым болып қаражат жинап, көмек қолын созды. Ал, оның ата-анасына әлеуметтік баспана алуға қажетті құжаттарын жинауға көмектесіп, баспана кезегіне тұруға жәрдемдесті.

Сонымен қатар, аудан тұрғыны Бақыт Алтынбекқызының отбасы мүшелері түгел індетке шалдығып, ауруханаға түскенде, Алатау фронт-офисі мамандары көмекке келіп, дәрі-дәрмегі мен қажетті заттарын алып берді.

Ал, №2 мамандандырылған ХҚО басшысы Жұлдыз Абықанова Наурызбай ауданының басшысы Балауса Ұлдарбекова Түрксіб ауданында Назгүл Жүнісова, Алмалы-2 бөлімінде Бағлан бастаған ХҚО еріктілері 50-ге жуық отбасына азық-түлік, тұрмыстық заттармен қайырымдылық көмек жасады. Ал, Алмалы аудандық бөлімінің маманы, Қазақстанның құрметті доноры Динара Тұрғалиқызы кезекті рет донация жасап, талай жанның өміріне араша болды.

Осылайша, Алматы қаласы халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері өз денсаулықтарын қатерге тіге отырып, қызмет алушыларға тез әрі сапалы қызмет көрсетумен қатар, қала тұрғындарын моральдық және психологиялық тұрғыдан қолдап, материалдық демеу де көрсетіп жүр.

"Осындай сын сағаттарды елмен бірге болып, қиналғандарға жәрдем беру патриоттық қана емес, ғажап адами құндылықтардың озық үлгісі. Ауызбіршілігімізді сақтап, бір-бірімізге деген мейірімділік, қайырымдылық сынды ізгі қасиеттерімізді жоғалтпасақ, қиындықтың қандайына да қарсы тұра аларымыз сөзсіз", - дейді "Азаматтарға арналған үкімет" МК Алматы қаласы филиалының PR-менеджері Жаңыл Әпетова.

 

АЛМАТЫ