Спорт • 29 Шілде, 2020

Мол табыс әкелген кәсіпқой боксшылардың жекпе-жегі

745 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

World Boxing News порталы телетрансляция арқылы кәсіпқой бокс тарихындағы ең мол табысқа кенелген жекпе-жектердің тізімін жариялады, - деп хабарлайды Egemen.kz

Мол табыс әкелген кәсіпқой боксшылардың жекпе-жегі

Үздіктер көшін Мұхаммед Әли мен Джордж Формэн арасындағы «жан алысып, жан беріскен» бәсеке бастап тұр. Аса ауыр салмақта күш сынасқан америкалық қос саңлақ 1974 жылдың 30 қазанында қазіргі Конгоның астанасы – Киншасада екі бірдей алтын белбеуді сарапқа салды. Сегізінші раундта Әлидің айқын жеңісімен аяқталған бұл жекпе-жектен қазіргі ақшаға аударсақ, 510 миллион АҚШ доллары көлемінде табыс түскен екен.

Екінші және үшінші орын ешкімнен жеңіліп көрмеген америкалық арлан Флойд Мейвезерге бұйырды. 2015 жылдың 2 мамырында ол филиппиндік Мэнни Пакьяо және 2017 жылдың 26 тамызында ирландиялық Конор Макгрегормен айқасып, екеуінен де басым түсті. Бұл бәсекелердің әрқайсысы 500 миллион доллар пайда әкелді.

Сондай-ақ, табысы мол үздік ондықтың қатарына мына кездесулер енді: Мұхаммед Әли мен Джо Фрэзер (01.10.1975) – $500 млн., Мұхаммед Әли мен Джо Фрэзер (08.03.1971) – $300 млн., Майк Тайсон мен Эвандер Холифилд (28.06.1997) – $281 млн., Флойд Мейвезер мен Оскар Де Ла Хойя (05.05.2007) – $200 млн., Майк Тайсон мен Питер Макнили (19.08.1995) – $177 млн., Флойд Мейвезер мен Рикки Хэттон (08.12.2007) – $160 млн. және Флойд Мейвезер мен Сауль Альварес (14.09.2013) – $160 млн.

2017 және 2018 жылдардың қыркүйек айында қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварестің екі рет жекпе-жекке шыққаны белгілі. Бұл бәсекелерден де мол табыс түсті. Алғашқы кездесу 100 миллион, қарымта айқас 117 миллион доллар кіріс әкелді. Жоғарыдағы тізімде бұл сәйкесінше 24 және 18 орындар.