Спорт • 29 Шілде, 2020

Нұрмағомедов пен Гэтжи 24 қазанда айқасады

101 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жеңіл салмақтағы UFC чемпионы Хабиб Нұрмағомедов пен "уақытша чемпион" белбеуінің иегері Джастин Гэтжи арасындағы жекпе-жек 24 қазанда өтетін болды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Нұрмағомедов пен Гэтжи 24 қазанда айқасады

Бұл бәсекені көпшілік тағатсыздана күтіп отыр. Себебі, 31 жастағы ресейлік спортшы әлі ешкімге есе жіберген емес.  2012 жылдан бері ол 28 кездесу өткізіп, барлығын өз пайдасына шешті. 18 мәрте айқын басымдық танытты.

Осыдан екі жылдан аса уақыт бұрын Хабиб америкалық Эл Яквинтаны ұпай санымен ұтып, UFC чемпионы атанды. Одан кейін ирландиялық Конор Макгрегор мен АҚШ-тың тағы бір өкілі Дастин Порьенің тас-талқанын шығарып, өзіне тиесілі атақты қорғап қалды.

Джастин Гэтжи Хабибтің құрдасы. Ол АҚШ-тың Аризона штатында туып өсті. 2008 жылдан бері аралас жекпе-жекті серік етуде. Сол аралықта 24 мәрте октагонға шығып, 22 рет жеңіс тойын тойлады. 20 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Биыл көктемде ол өзінің отандасы – Тони Фергюсонды ұрып шығып, "уақытша чемпион" атағын иеленді.