Елорда • 29 Шілде, 2020

"Ақ мешіт" мешітінің имамы: Онлайн құрбандық шалғандарға видеоесеп жіберіледі

730 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Акцияға қатысушылар малдың құрбандыққа өз атынан шалынғандығы туралы видеоесеп ала алады. "Ақ мешіт" мешітінің бас имамы Дәурен Мүслімов Құрбан айттың биыл қалай тойланатындығы туралы айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

"Ақ мешіт" мешітінің имамы: Онлайн құрбандық шалғандарға видеоесеп жіберіледі

"Барша мұсылмандарды келе жатқан Құрбан айт мерекесімен құттықтағым келеді. Өкінішке қарай, еліміздегі эпидемиялық жағдайға және карантин режіміне байланысты мереке өткізуге айтарлықтай өзгерістер енді. Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Qurban2020.kz сайты ашылды, онда адамдар құрбандыққа шалынатын малды сою туралы онлайн өтініш бере алады", дейді Д.Мүслімов.

Имамның айтуынша, Құрбан айт күндері мұсылмандар қайырымдылықпен айналысуы керек. Бұл игі іс адамдарға Алладан сый мен кешірім береді.

"Барлық құрбандық еті мұқтаж жандарға таратылады. Сайтта көмекке мұқтаждардың барлығы ет алуға өтініш бере алады. Біз қала тұрғындарын осы акцияға қатысуға және мұқтаж жандар үшін мерекелік дастархан жасауға шақырамыз. Акцияға қатысушылар малдың құрбандыққа шалынғаны туралы видеоесеп ала алады", деді Мүслімов.

Хабарланғандай, санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты 31 шілдеде қала мешіттерінде мерекелік "Айт намазы" оқылмайды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және адамдар көп жиналмауы үшін дәстүрлі мал сою орындары (базарлар, шаруа қожалықтары) жабылады. Сонымен қатар, елордаға сатуға әкелінетін ірі қара мен ұсақ малды кіргізу шектеледі. Қала тұрғындарынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен барлық санитарлық-эпидемиялық сақтық шараларын сақтау сұралады. 2020 жылы "Құрбан айт" мерекесі 31 шілде мен 2 тамыз аралығында өтеді.