Аймақтар • 29 Шілде, 2020

Гүлшара Әбдіқалықова: Сақтық шараларына бағыну – азаматтық борышымыз, басты ұстанымымыз болу керек

38 рет көрсетілді

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен пандемиямен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен аймақтың экономикалық ахуалы жөнінде брифинг өтті, - деп хабарлайды Egemen.kz

Жалпы облыста коронавирус індетімен сырқаттанған 2 859 адам тіркелген. Осы күнге дейін науқастардың 1965, яғни 69% жазылып шықты. Жеті науқас індеттен қайтыс болған.

Эпидмаусым басталғанда облыста барлығы 976 төсек-орын дайындалды. Оның 135-і инфекция, 241-провизор, 600-карантиндік орын. Бүгінгі күні олардың саны 2405-ке артты.

- Қажеттілік туындаған жағдайда 500 төсек орын резервіміз бар. Оның ішінде инфекциялық 200 және провизорлық 300 орын әзірленді. Облыста 6 компьютерлік томограф қызмет көрсетеді. Оның 4-еуі облыс орталығында, 2-еуі ауданда орналасқан. Қосымша аппарат алуға демеушілерді тарту мәселесі қарастырылуда, - деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.

Өңірде 52 рентген аппаратының 20-ы облыс орталығындағы, 32-сі аудандардағы медицина мекемелерінде қызмет көрсетеді. 107 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Денсаулық сақтау министрлігіне тағы осындай 192 құрылғыға тапсырыс берілді. Сонымен қатар, 153 оттегі концентраторы бар. Кеше қосымша өңірімізге «Шұғыла» қоғамдық қоры тарапынан 200 дана оттегі аппараты жеткізілді.

COVID-19 инфекциясына қарсы күрес шараларына тартылған 2407 медицина қызметкеріне қаржылай қолдау мақсатында пандемия кезеңінде 4 айда 1 млрд 117,6 млн теңге төленді. Сондай-ақ, облыстың барлық емдеу мекемелері бірінші типтегі костюмдермен, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіліп, қажетті бекітілген 26 түрлі дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры қалыптасты. "СК Фармациядан" келетін барлық дәрі-дәрмектің 100 пайызы келді. Ал, дәріханаларда 1 айға жетерлік дәрі қоры қалыптасты. Бүгінгі күні сұраныстағы дәрілердің барлығы сатылымда бар.

Облыс әкімі өңір экономикасын қайта қалпына келтіру аясында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

- Экономикалық жағдайды ескере отырып, облыстың 2020 жылға арналған бекітілген бюджет қайта қаралып, 2,2 млрд. теңге шығыс қысқартылды. Экономиканы қайта қалпына келтіру жөніндегі облыстық жоспар бекітілді. Жоспарға сәйкес жергілікті жолдарды жөндеу, су және жылу жүйесін жаңғырту, энергиямен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік саланы дамыту бағытында шаралар жүзеге асырылатын болады, - деді облыс әкімі.

Өңір экономикасын қайта қалпына келтіру аясында өңірге жаңа инвестициялар тартылуда. Атап айтсақ, құны 1,5 млрд теңге болатын жылына 130 тоннаға дейін түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін цехтың құрылысы. Және құны 3 млрд теңгелік испандық цехтың құрылысы. Бұл цехта жылына 180 мың тонна тұз өндіріледі. Екі жоба да Арал ауданында жүзеге асырылады.

Мұнымен қоса, 2020 жылдың екінші жартыжылдығында Арал ауданында кальцийленген сода, Қызылорда қаласында шыны пластик құбырлар шығаратын зауытар мен Жаңақорған ауданында күн электр станциясының құрылысы басталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, жыл соңына дейін 3 өндіріс іске қосылады деп күтіліп отыр. Олар: Қызылорда қаласында шыны зауыты, Арал ауданында кварц құмын байыту бойынша тау-кен байыту комбинаты (бірінші желісі) және Қармақшы ауданында құс фабрикасы.

Жиын соңында облыс әкімі тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырды.

- Алдымызда барша мұсылман қауымының асыға күтетін «Құрбан айт» мерекесі келе жатыр. Кеше ғана облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы қабылданып, қаулыға сәйкес құрбан шалу рәсімдері онлайн форматта ұйымдастырылды. Сондықтан, жақындарымыздың амандығы мен саулығы үшін көпшілік шаралардан бас тартып, жамағат болып жиналмай, отбасында атап өтуге шақырамын. Сақтық шараларына аса мән беріп, талаптарға бағыну - тек өзіміздің денсаулығымыз үшін ғана емес, тұтас ел алдындағы азаматтық борышымыз, саналы түрде басты ұстанымымыз болу керек, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар